2024 жылы аттестаттау нәтижелері бойынша 679 мың жұмыскер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін түрлі өтемақы алды. 551 мың жұмыскерге қосымша демалыс берілді, 342 мың жұмыскерге зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы төленді, 427 мың жұмыскер тегін емдік-профилактикалық тамақ алды, 47 мың жұмыскерге қысқартылған жұмыс күні белгіленді. ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының м.а Ерболат Абулхатин ОКҚ алаңында осылай деп мәлімдеді. Оның хабарлауынша, бұл мақсаттарға жұмыс берушілер 297 млрд теңге бөлді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 17%-ға артық.
2025 жылдың 3 айында кәсіпорындарда 293 адам зардап шекті немесе 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға азайған, оның ішінде 40 адам қаза тапты немесе өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 2 адамға кем. Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (31 адам зардап шекті), Қостанай (27 адам) Шығыс Қазақстан (24 адам), Ақтөбе, Атырау облыстарында және Алматы қаласында сақталуда.
Экономика салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен, металлургия өнеркәсібінде (16%-ға жуығы) және құрылыс саласында тіркелген. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар бойынша 226 материал жіберілді, олар бойынша 36 қылмыстық іс қозғалды.
Өндірістік қауіпсіздік саласындағы зиянды еңбек жағдайлары мен ықтимал қауіптерді болдырмау мақсатында Ахуалдық орталық құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл орталыққа қауіпті өндірістік объектілерде енгізілген апаттар мен жазатайым оқиғалар тәуекелдерін талдаудың болжамдық жүйелері қосылатын болады.
Ахуалдық орталық жұмыскерлердің өндірістік объектідегі еңбек жағдайларының қауіпсіздігіне онлайн-режимде мониторинг жүргізуге, уақытылы ден қоюға және шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ағымдағы жылы Халықаралық еңбек ұйымы мен Еңбек министрлігі бірлесіп, Қазақстанның тау-кен өндіру саласында еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағытталған жаңа жобаны іске асыруда.
2024 жылы зиянды еңбек жағдайларында кемінде 7 жыл жұмыс істеген және 55 жасқа толған жұмыскерлерді қолдау мақсатында арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Бұл мүмкіндікті 14 мыңға жуық қазақстандық пайдаланып, осы мақсаттарға шамамен 14,6 млрд теңге жұмсалды.