RSS лента

Қазақстанда спорттың кей түріне басымдық берілмек

  • 27.03.2025, 14:01,
  • 52
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Соңғы жылдары спорт саласына жұмсалатын бюджет қаражатын қайта бөлу тенденциясы байқалып отыр. Мұнда басты назар бұқаралық және жастар спортын қолдауға аударылады. Осы орайда кәсіпқой клубтарды қаржыландырудың максималды деңгейі белгіленбек, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ең негізгі жаңалық – 60-қа жуық басым спорт түрінің анықталуы. Олардың арасында Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Паразия ойындарының бағдарламаларына енген спорт түрлері, сонымен бірге, олимпиадалық емес спорт түрлерінен Азия және Паразия ойындарына енген спорт түрлері және ұлттық спорт түрлері толық қарастырылады. Бұл туралы туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады. Оның айтуынша, республикалық және аймақтық аккредиттелген спорт федерацияларының мәртебесін ұлттық акредиттелген спорт федерацияларына өзгерту мәселесі енгізілді.

 

«Спорт федерацияларын аккредиттеуге мынадай қосымша талаптар айқындалады: спорт түрі бойынша Ұлттық федерация құрамындағы жергілікті аккредиттелген федерацияға мүшелік ету; белгілі бір спорт түрі бойынша спорттық дайындықтың ұлттық стандарттарын әзірлеу; Олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша ұлттық спорт федерациялары Қазақстан Республикасының атынан Халықаралық Олимпиада комитеті мойындайтын халықаралық спорт федерациясының мүшесі болуға және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті тануға тиіс», – деді спикер.

 

Келесі норма – ол «бірінші топтағы мүгедек спортшының сүйемелдеушісі» үғымының енгізілуі. Бұл стандарт мүмкіндігі шектеулі спортшылардың ұлттық және халықаралық жарыстарға дайындық сапасын арттырады және шамамен 1 жарым мың спортшыны қамтиды.

 

Тағы бір жаңашылдық – ол әкімшілік-аумақтық деңгейде басшылардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету және 5 жыл сайын оларды ротация жүргізу. Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте жүзеге асырылады. Егер облыстың әкімшілік-аумақтық бірлігінде бір ғана ұйым болса, онда басшыларды ротациялау жақын маңдағы аудандардың, облыс ішіндегі қалалардың басшыларымен бірге жүргізіледі.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости