RSS лента

Су тасқынына қарсы тапсырмаларды орындамаған әкімдер жауапкершілікке тартылады

  • 20.02.2024, 11:57,
  • 225
  • 0
  • Автор:
Автор фото: primeminister.kz

Премьер-Министр бұған дейін өңірлерге бірнеше рет тапсырмалар берілгенімен, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер тиісті шараларды толық көлемде қабылдамағанын Үкімет отырысында атап өтті, деп хабарлайды Turantimes.kz 

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің баяндауынша: 


Бүгінде республикада су тасқыны жағдайы тұрақты. Бұл ретте ведомство жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қажетті іс-шаралар кешенін өткізді.


Атап айтқанда, «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы тексерілді.


Халықты құлақтандыру пысықталды, зардап шеккен азаматтарды жинау пункттері дайындалды. Бұдан бөлек, елді мекендерде уақытша бөгендер салу және үйемелеу (114 км), арықтарды, каналдарды (1 904 км), сондай-ақ авто және темір жолдардағы су өткізу құрылыстарын тазарту (5 002 дана) нақты түрде жүзеге асырылды. Елді мекендерден 10,5 млн текше метрден астам қар шығарылды.


Өз кезегінде Премьер-Министр: «Нәтижесінде 218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмай отыр. Жұмысқа бұлайша селқос қарауға болмайды. Төтенше жағдайлар министріне жоспарланған іс-шаралардың орындалмауына жол берген орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын», — деп ескерді. 


Үкімет басшысы біраз шаруа әкімдіктердің нақты жұмысына байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты ол арықтарды, жауын-шашын кәріздерін уақтылы тазарту, уақытша бөгеттер салу және елді мекендерде топырақ үйінділерімен бекіту жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.


«Төтенше жағдайлар министрлігі жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде су тасқыны кезеңіне әзірлік барысын тексереді. Барлық өңірлер су тасқынына толық дайынбыз деп баяндайды. Ал сайып келгенде тұрғындар және су басқан ғимараттар мен инфрақұрылым зардап шегеді. Яғни, бұл оқу-жаттығулар формалды түрде өткізілетінін, ал дайындық қағаз жүзінде ғана қалатынын көрсетеді. Біз пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет», — деді Премьер-Министр.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости