Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында қоршаған орта объектілеріне және тамақ өнімдеріне бактериологиялық, молекулярлық-генетикалық, паразитологиялық, санитариялық-химиялық және токсикологиялық, радиологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекет басшысына Орталықтағы заманауи құралдармен жабдықталған және ең жаңа әдістемелерді пайдалана отырып, жедел әрі нақты нәтижелерді алуға мүмкіндік беретін зертханалар таныстырылды. Онда заманауи анализаторлармен бірге агрессивті-химиялық реактивтерді қажет етпейтін, экспресс-әдістемелерді қолданатын портативті зертханалық құрылғылар орнатылған. Бұл зерттеу уақытын едәуір қысқартып қана қоймай, қаржыны да үнемдейді.
Орталықтың басшысы Алексей Цойдың айтуынша, Санитариялық-эпидемиялық сараптама орталығында 8 зертхана жұмыс істейді. Алдағы уақытта зерттеулер номенклатурасын жылына 2000-ға дейін кеңейту көзделіп отыр.
Сонымен қатар зерттеулердің жаңа түрлерін, халықаралық сапа және құзыреттілік стандарттарын енгізу нәтижесінде Орталық Референс зертхана мәртебесіне ие бола алады. Яғни, басқа зертханалардағы күмән тудырған зерттеулердің дұрыстығы мен дәлдігін осы жерде нақты тексеруге болады.