Семинарда «Архив-2025» жобасы аясында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Үндістаннан елге жеткізген тарихи қолжазбалар мен құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, Үндістан қорларындағы әлі де анықталмаған Қазақстан және Орталық Азияға қатысты маңызды тарихи құжаттарды жинау және зерттеу мәселелері талқыланған.
«Архив-2025» мемлекеттік жобасы дүниежүзі қазақтарының тарихына қатысты барлық деректерді жинауға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Өткен жылы Үндістанға ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу экспедициясы өте табысты өтті. Орталықтың мамандары, ғалымдар еліміздің тарихына қатысты көптеген құнды құжаттардың көшірмесін тауып, елге жеткізді. Бұл басы ғана. Себебі Үндістан архивінде қазақ тарихына қатысты мұралар өте көп жинақталған. Алдағы уақытта да жұмыстар жалғасатынына сенімдімін»,-деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.
Семинар барысында Қазақстандағы Үндістан елшілігі жанындағы Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры Санджай Веди үнді елінің Патна кітапханасы қорынан табылған парсы тіліндегі «Тарих-и-Абул хаир хан» және «History of Mongols» кітаптарының көшірмесін тапсырды.
Сонымен қатар, семинар аясында 2022 жылы Үндістаннан елге жеткізілген құжаттардың «Үндістан Ұлттық архивіндегі қазақ көшіне қатысты құжаттар» көрмесі таныстырылды.