"Қазақстан Теміржолы" ұлттық компаниясының мәліметінше, Шымкент-Тараз және Шу-Отар теміржол учаскелерінде ауа райының нашарлауына байланысты пойыздар қозғалысы жылдамдығына шектеу енгізілді. Massaget.kz мәлім еткендей, қазір соынң салдарынан отыздан астам жолаушылар пойызы қозғалыс кестесінен артта қалды. Теміржолшылар тәулік бойы көліктің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде.
"Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кестені түзету үшін Астана-Алматы-Астана, Атырау-Алматы, Ақтөбе-Алматы, Алматы-Жезқазған бағыттары бойынша алты жолаушылар пойызының жүруі тоқтатылды. Қарлы циклон өңірде электр энергиясымен жабдықтаудың үзілуіне себеп болды, соның салдарынан "Алматы 2 — Атырау" жолаушылар пойызы мәжбүрлі түрде тоқтады. Теміржолшылар электровозды тез арада тепловозға ауыстырды" делінген хабарламада.
Ұлттық тасымалдаушы компания 10,8 мың жолаушыға тамақ ұйымдастырды (оның 5,7 мыңы — вагон-мейрамханалар мен вагон-барларда, 5,1 мыңнан астамы — Шу, Шымкент және Отар станцияларында).
Сондай-ақ, осы кезеңде теміржолшылар 11 мың текше метр қар шығарылған.
"Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін билет кассалары тәулік бойы жұмыс істеді. 14-18 желтоқсан аралығында тоқтатылған пойыздарға 5 мыңнан астам билет қайтарылды" делінген хабарламада.