Вагондар заманауи талаптарға сай келеді. Атап айтқанда, кондиционер, ауаны тазарту сүзгілері, датчиктер, тамбурлардағы бейнебақылау жүйесі, электр розеткаларымен қамтамасыз етілген. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі мәлім етті.
Қазіргі уақытта жолаушылар вагондарының паркі шамамен 2500 бірлікті құрайды.
«Министрлік тарапынан жолаушылар тасымалына арналған темір жол паркін жаңарту бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Осы ретте вагондарды отандық өндірушілерді қолдап, солардан алуымыз қуантарлық жағдай, әрине. «ЗИКСТО»-мен жасалған шартқа сәйкес 50 жаңа жолаушылар вагоны сатып алынды. Бұл шаралар тасымалдау процесін жүзеге асыру кезінде жолаушыларға барынша жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр», – деді Көлік комитетінің төрағасы Алтай Әлі.
Жаңа жылжымалы құрам плацкарт және купе вагондарынан тұрады, қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін.
«Келесі жылдың басында «ЗИКСТО» АҚ жолаушылар тасымалына арналған тағы 100 вагон жасап шығарады деп күтілуде», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов.
Соңғы 10 жылда темір жол көлігі паркі 50%-ға жаңартылған. Осы уақыт аралығында заманауи халықаралық талаптарға сәйкес келетін 1200-ден астам вагон сатып алынды.