Үкіметтің хабарлауынша құжат Мемлекет басшысының 2022 жылдың жазында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.
Облыстар, аудандар және қалалар бойынша тәуекелдердің интерактивті картасы жасалады, онда балалар арасындағы құқық бұзушылықтар, зорлық-зомбылық және қорлау фактілері, сабаққа келмеу және т.б. туралы өзекті ақпарат көрсетіледі.
Бұл «дағдарысты басқару» әдісін қолдана отырып, сапалы мониторинг жүргізуге және шұғыл көмек көрсетуге көмектеседі.
Сонымен қатар Финляндия тәжірибесі негізінде білім беру ұйымдары үшін онлайн сауалнамалар, тақырыптық сабақтар, әңгімелесу және сабақтан тыс іс-шаралар өткізуді көздейтін буллингке қарсы бағдарлама әзірлеу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ зорлық-зомбылыққа, қорқытуға не кибербуллингке ұшыраған немесе куә болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі бекітіледі.
Бұдан басқа, кейс-менеджмент тетігін қолдану арқылы мектепішілік есепке алуды жүргізу тәсілдері өзгертілетін болады.
Құжатты жүзеге асыру аясында балаларға арналған BalaQorgau бірыңғай байланыс орталығын құру, мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтарын енгізу, сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіз контентті қалыптастыру үшін еліміздегі TikTok, Instagram, Facebook, Вконтакте және YouTube платформаларының өкілдерімен жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.
Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтар, сондай-ақ өзіне қол жұмсау фактілері мен әрекеттері айтарлықтай төмендейді деп күтілуде. Бұл ретте балаларды қорғау және олардың бос уақытын қамту деңгейі артады.
Жоспарды іске асыру барысында республикада қосымша 1000 педагог-психолог пен 2000 әлеуметтік педагог даярланады.
Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін, біліктілігін арттыру шараларымен қамтылған педагогтердің үлесі жыл сайын 33%-ға артады.