Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Құдайберген Бексұлтанов "Арселор Миттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасындағы апатқа қатысты бірлескен мәлімдеме жасады.
"Бұған дейін Amanat партиясының депутаттары қаражат үнемдеп, отандастарымыздың өліміне әкеп соқтырарлық шешім қабылдайтын компанияның топ-менеджментін – шетелдік азаматтарын қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен еді. Бірнеше ескертуге қарамастан, трансұлттық компанияның басшысы, Миттал мырза отандастарымыз апатқа ұшырамауы, жарақаттанбауы және қаза таппауы үшін тиісті шара қабылдауға мүлдем тырыспады. Біз бұл сөзімізді Үкіметке қарата айтып отырмыз: есеп айырысатын кез келді – Миттал мырзамен жолымыз бір емес! Онымен қоштасатын уақыт келді!", - делінген мәлімдемеде.
Депутаттар Бас прокурорға жүгініп, "Арселор Миттал Теміртау" АҚ басшылығын жауапқа тартуды талап етті.
Еске сала кетейік, 17 тамыз күні сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді. Өрт кезде жер астында 227 адам болған. Кейін олардың 222-сі жер бетіне шығарылды.
18 тамыздағы жағдай бойынша облыстың емдеу мекемелерінде зардап шеккен 13 кенші бар. Кешкісін Қарағанды облысының әкімдігі 2 мәйіт табылды деген мәлімдеме жасаған еді. Алайда АрселорМиттал Теміртау Көмір департаменті әзірге 1 адамның мәйіті табылғанын растады. Ол 1965 жылы туған Виталий Владимирович Слюньков (жерасты электршебері, 5-разряд, еңбек өтілі 39 жыл).
Қазіргі уақытта өртті оқшаулау бойынша 12 құтқару бөлімшесі жұмыс істеуде. Өрттің шығу себебі анықталатын болады.