RSS лента

Енді қандай дауды да айқай-шусыз шешуге болады

  • 22.07.2023, 19:44,
  • 386
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Көпшілік «медиация» сөзін естіп жүргенімен, оның мағынасын түсіне бермейді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бағзы заманда би-шешендер мен ақсақалдар, елге сыйлы адамдар шиеленіскен дауға төрелік айтса, бүгінде олардың орнын медиаторлар басты. Қарапайым тілмен айтқанда, медиатор – араздасқан екі адамды татуластырушы мәмілегер адам. Тараптардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтей отырып, бітімгершілікке қол жеткізуге бағытталған медиация институтының маңызы зор. Өйткені, мемлекеттің болашағы – елдегі ынтымақ пен бірлікпен тығыз байланысты.

 

Медиация – дауласушы тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен, тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Ал, медиацияның мақсаттары – дауды шешудің екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу. сотқа жүгінуші азаматтардың дауласушылық деңгейін төмендету.

 

– Сан алуан дау-жанжалды, тіпті орта дәрежелі қылмыстық істерді де сотқа жеткізбей, бейбіт жолмен шешу – әлемде кең тараған үрдіс, - дейді халықаралық медиатор Гүлбаршын Марданова. – Егер медиацияны өркениеттік даму тарапынан қарасақ, адамның келісімге келуге тырысуы бұрыннан келе жатыр. Медиацияның бүгінгі күнгі сипаттамасы Еуропалық парламенттің және Еуропалық Кеңестің директиваларында берілген. 2008 жылдың мамыр айында күшіне енген бұл директива Еуропалық Одақ құрамына енген 27 елдің қолдауына ие. Бұл – Батыс елдерінің басым бөлігі медиацияны басты бағдар етіп отырғанының кепілі. Оларда даулы істердің 80-90 пайызы сотқа дейін-ақ медиациямен шешіледі. Әлемде медиацияны интеграциялау, дамыту ұқсастығы мен айырмашылықтары да жеткілікті. Мәселен, құқықтық базаны қалыптастыру аспектісі. Шетелдік тәжірибені зерттей келгенде, медиация туралы заң болғанымен, ол заң медиацияның дамуын нақты көрсете алмайтынына көз жетті.

 

Отбасылық дау-жанжалда соттан гөрі медиация тиімді. Себебі, көбінесе отбасы мүшелері мұндай жағдайдың жұртқа жария болғанын қаламайды. Біздің орталыққа соттан келіп түсетін арыздардың ішінде ең көбі неке бұзуға байланысты. Пандемия кезінде жұмыс тоқтап қалғанда отбасы мүшелерінің үлкені де, кішісі де үйде қамалып отыруға мәжбүр болды. Сол кезде кейбір ер-азаматтар ішімдікке үйір болып кетті. Басты себеп ковидтен қорғану болса да, кейін ішімдіктің кесірінен көп шаңырақ шайқалды. Былтыр түскен арыздардың 40 пайызы – неке бұзу туралы. Оның ішінде ойынқұмарлыққа салынғаны, мінез келіспеушілігі де бар. Сол кезде медиаторлардың көмегімен 10 пайызының некесі сақталды. Себебі, сот онлайн режимде өтті. Кездесіп, көзбе-көз сөйлесу мүмкін болған жоқ. Қазір жағдай тұрақты. Дейтұрғанмен, жұмыссыздық, банк несиелерін төлей алмау, баспананың жоқтығы жас отбасылардың екіге бөлінуінің басты себебі болып отыр. Шаңырағындағы шиеленіскен ахуалды шешуге көмек сұрап, орталыққа тікелей келген азаматтар да жетерлік. Ең қиыны – жастардың жұбайлық өмірдің қыр-сырына қанықпай жатып, бірден ажырасуды қалайтындары. Ондайлар кейде ешкімді де тыңдамайды. «Менің шыдамым бітті, баламды өзім асыраймын» деп бет бақтырмайтын жап-жас келіншектерге қарап, баяғы аштық кезіндегі, соғыс жылдарындағы небір қиындыққа төтеп берген абзал аналарды еріксіз еске аламын. Бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлу керек. Отбасылық өмірде ата-ана балаға үлгі болуы қажет.

 

Медиация арқылы отбасылық проблемалардан басқа корпорациялық, корпорацияішілік, банк пен сақтандыру саласындағы, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы, яғни еңбек даулары, авторлық құқық пен зияткерлік меншікке қатысты, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша даулар, білім саласындағы медиация қарастырылады. Яғни, Медиация сыбайлас жемқорлық, діни экстремизм, есірткіге қатысты істерден басқа барлық дауға араласа алады. Жол-көлік оқиғалары бойынша материалдық[1]моральдік шығындарды өндіру, құрылыс компаниялары арасындағы даулар, ар-намысына тиіп, жеке басын қорлауда медиация жақсы жұмыс жасайды. Денсаулық сақтау саласындағы келісім[1]шарттар, әлеуметтік медициналық сақтандырудағы түсініспеушіліктерде де қос тарапты ымыраға келтіруге тырысып жатамыз.

 

Медиация – екі жақтың келісе алмауынан туындаған мәселелерге бітімгершілік жасау. Оларды өзара келістіріп, ортақ бір мәмілеге келтіруге әбден болады. Жоғарыда айтып өттім, Батыс елдерінде медиатордың қызметіне жүгіну бұрыннан бар. Олар кәдімгі отбасындағы ұрыс[1]керістен бастап, қаржылық, тіпті, қылмыстық істерге де араласуға құқылы. Медиация – екі жақты татуластыру, бейбітшілікті сақтау рәсімі. Ол қазақ халқы үшін де жаңалық емес. Ертеде жер дауы мен жесір дауын билер алқасы шешіп отырғанын ескерсек, онда қоғамның демократиялық жаңаруы қағидатына астарлас екені көрініп тұр. Халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан «Дау мұраты – біту» деген қанатты сөзі тегін айтылмаған. Сәл нәрседен туындаған дауды ушықтырмай, бітімгершілік жолымен шешу қағидаты – әділет институтының ең үлкен жетістігі. Жаңа заң талаптарына сәйкес жеке немесе заңды тұлғаның мемлекеттік органмен татуласуына салынған шектеуді де алып тастады. Енді екі жақ өзара түсінісіп, ымыраға келген жағдайда іс татуласумен аяқталады.

 

Медиацияның артықшылығы – біріншіден, медиация бейресми, процедуралары икемді.

 

Екіншіден, дауласушылар арасында қарым-қатынасты сақтайды.

 

Үшінші, уақыт, ақша ресурстарын үнемдейді.

 

Төртінші, тараптар мүдделерінің қанағаттандырылуына ықпал етеді.

 

Бесіншіден, даудың жария болу тәуекелін азайтады. Медиатор араздасушы тараптармен жеке[1]жеке әңгімелесіп, ушыққан жағдайды реттеудің, сауықтырудың барынша әділетті, ұтымды амалдарын қолданады. Қандай да бір тарап ымыраға келуден бас тартса, медиатор бұл күрделі жағдайды өзінің парасат-пайымы және біліктілігінің арқасында шебер шешуге тырысады. Атап айтқанда, келіспеуші тұлға үшін істі бұлайша насырға шаптырудан гөрі өзара тиімді, татуласу келіссөзіне бару оңтайлы болатыны сөзсіз.

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости