Бірмандатты округ бойынша сайланған Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарламаларды жаңарту және қайта қарау жөнінде сауал жолдады.
"Халқымыздың "ұлы дала квартиранттары" атанғаны да жанға қатты батады. Анығын айтқанда, үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болмай отыр. Бүгінгі таңда тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмай отыр", - деді ол.
Мұқаев осы мәселеге қатысты өзінің бірнеше ұсынысын жолдады.
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясындағы "Бақытты отбасы" және "Шаңырақ" бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізу қажет. "Бақытты отбасы" бағдарламасы елімізде 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын бюджеттен 50 млрд теңге төңірегінде ақша аударылып, 8 мыңға жуық отбасы үйлі болды. Бағдарлама аясында максималды несиелеу сомасы аймақтар бойынша (Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау) 15 миллион теңгеге тең еді. 2019-2020 жылдары бұл ақшаға 2 бөлмелі үй алуға мүмкіндік болса, қазіргі уақытта пәтер бағасы өскеннен тек 1 бөлмелі үй алуға мәжбүр", - деп атап өтті.
Сонымен қатар Мұқаев 7-20-25 бағдарламасын да сөз етті.
"Бағдарлама ұйымдастырушылары "ақша бар, бәрі жақсы, бағдарлама жұмыс істеп тұр" деп көрсетеді. Бірақ неге бұл жағдайда "7-20-25" бағдарламасы бойынша қазір Қазақстанда бірде-бір банк ипотека бермейді? Себебі маусым сайын лимит қойып қойған. Халық банктер алдында түнеуге мәжбүр болып жатыр. Бұл тұрғыда "7-20-25" бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау қажет. Бағдарлама 2029 жылға дейін созылады дегенімен, оған дейін аты бар заты жоқ бағдарламаға айналуы әбден мүмкін. Мыңдаған адам банктен мақұлдау алғанымен, лимит кесірінен үйдің кілтін ала алмай жүр.
Яғни бағдарлама істеп тұрған жоқ. Жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өскендіктен, алдағы уақытта берілетін пәтерлер саны да өсуді талап етеді. Әрі бұл бағдарлама тек 3 қаламен ғана шектелмей, еліміздің барлық аймақтарында іске қосылу керек. Осы мәселеге байланысты Үкімет тарапынан нақты қандай іс-шаралар атқарылмақ? Баспана мәселесі бірден шешілмейтіні анық. Дегенмен оған деген мұқтаждықты жою мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жаңартып, қайта қару қажет. Талап бар жерде, межелі міндеттер де орындалады деген сенімдемін", - деп мәселені көтерді депутат.