Пайдаланушылар WhatsApp-та Қазақстанда SARS-CoV-2 коронавирусының омикрон ХВВ нұсқасы табылғандығы туралы ақпаратпен бөлісуде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Ведомствоның хабарлауынша бұл жалған ақпарат.
«Алынған штаммдарды соңғы рет секвенирлеу елімізде 100% омикрон нұсқасы таралғанын көрсетті. Қазақстанда омикрон ХВВ нұсқасы анықталған жоқ», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ олардың мәліметінше, ел бойынша COVID-19 жұқтырудың тәулігіне ПТР нәтижесі оң 200-ге жуық және ПТР нәтижесі теріс шамамен 10 жағдайы тіркеледі. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика және барлық өңірлер жасыл аймақта орналасқан.
Соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 4%-ға төмендеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес, XBB – омикрон нұсқаларының бірі. 2022 жылдың қазан айынан бастап ол әлемнің 38 елінде анықталды, науқастардың ең көп саны АҚШ-та тіркелген.
Қазіргі уақытта аурудың клиникалық ауырлығы мен ХВВ нұсқасының эпидемиологиялық маңыздылығы бойынша зертханалық зерттеулер жалғасуда.