Құрметті отандастар!
Өздеріңізге белгілі, жуырда жағажайда жалаңаш билеген бірнеше адамның мемлекеттік туымызды мазақ еткен видеосы тарады. Аустралияның Бондай Биц жағажайында түсірілген флешмобқа байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдейді:
Асыл дініміз Исламда мемлекеттік маңызы бар рәміздерге мән берілген. Хадис ғалымдары өз кітаптарында ту мен жалаудың қадірі мен құрметі жайлы арнайы тарау арнаған. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туды және ту ұстаған сахабалардың ерлігін ерекше атап өткен және оны құрмет тұтудың маңызы жайында тағылымды өсиетін қалдырған.
Отан деген сөз кез келген азамат үшін қымбат ұғым болса, әр адамның өзге елден ерекшелеп тұратын Әнұраны, Елтаңбасы мен Туы да – құрметке лайық құндылықтар. Туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсетуіміз – шариғатта құпталған іс.
Туға, әнұранға, елтаңбаға құрмет көрсету – өз еліміз бен жерімізге, рәміздерге құрмет көрсету.
Алла Тағала көк туымыздың әрдайым көкте желбіреп тұруын, мемлекеттік рәміздеріміздің абыройын асқақтатып, халқымыздың бірлік пен берекеде өмір сүруін нәсіп еткей. Әмин!