Осыған дейін Армениядан Атырауға 7 мыңдай автокөлік әкелінген. Оның ішінде 1 маусымнан бастап 200-ге жуық автокөлік есепке қойылып отыр. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мырзалы Өтеғалиев мәлімдеді.
⠀
"Тіркеу Атырау қаласының мамандандырылған ХҚКО-да жүзеге асырылуда. ҚР Үкіметінің №306 қаулысына сәйкес, көліктерді тіркеу құны 11 946 теңгені құрайды. Мұнда тіркеу үшін алым, техпаспорт пен мемнөмір үшін БАЖ кіреді. Басқа төлемдер көзделмеген", - дейді Мырзалы Өтеғалиев.
⠀
Нөмірлер меншік иелерінің тұрғылықты мекен-жайына сәйкес, өңір кодымен беріледі. Алайда, әкелінген көліктер басқа мемлекетте тұрақты тіркеуде тұрған көлік құралдары болғандықтан, олар сары нөмір алады. Ал, Арменияда берілген техпаспорт пен мемнөмірлер көлікті тіркеген сәттен бастап мамандандырылған ХҚКО-ға тапсырылады. Меншік иесі талап еткенге дейін олар мұрағатта сақталмақ. Бұған қоса, тіркелген көліктерді пайдалану мерзіміне шек қойылмаған.
⠀
"Автокөліктің меншік иесі оны пайдалану мерзімдері туралы шешімді өзі қабылдауға құқылы. Егер азамат өз көлігін қайта сатқысы келсе, «қазақстандық» мемнөмірлер мен техпаспорттарды тапсыру арқылы автокөлікті Қазақстанның есебінен шығарып алу керек. Кейін мамандырылған ХҚКО-да сақталған «армяндық» нөмірі мен техпаспортты қайтып алуға тиіс. Ал, көлікті Армения есебінен шығару үшін меншік иесінің сол жаққа баруы керек болады. Сонымен қатар, ҚР заңнамасына сәйкес, кедендік баж, бастапқы тіркеу және кәдеге жарату алымы төлемдерін төлеуі шарт. Осыдан кейін, ол автомобильді басқа тұлғаға қайта сата алады", - деді Мырзалы Өтеғалиев.