RSS лента

"Қара алтын" аламыз деп, қоршаған ортаны құрттық...

Автор фото: ашық дереккөз

«Атамекен-эко» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Арман Хайруллиннің айтуынша, Қазақстанда шешімін күткен экологиялық мәселелер артпаса, азайып жатқан жоқ, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Мәселен, Атырау облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының шақыртуымен қала сыртында көзден таса төгіліп, беті жұрт көрмеу үшін топырақпен көміліп жатқан үлкен мөлшердегі катализаторларды көрдік, - дейді ол. – Оның ішінде, түрлі улағыш заттар бар. Анықтама үшін айта кетейін, катализатор – мұнай өңдеу процесінде пайдаланылатын химиялық ингредиенттер. Олар өңдеу барысында өзге де зиянды заттармен толығып, қосымша органикалық, бейорганикалық түзілістер түзеді. Бұл адам ағзасына, жалпы тіршілік атаулыға зиян екені белгілі. Біз анықтаған аймақта шамамен 700 тоннадай катализатор үйіндісін көрдік. Ластанған жердің көлемі – 2000 шаршы метр шамасында. Ал, қанша улы зат ауаға тарады, топыраққа сіңді?.. Оны көзге елестету тұрмақ, айтудың өзі қорқынышты. Енді бұл жағдайды құзырлы органдар бақылауға алды. Шара алынатын болар деген үміттеміз. Жалпы республика Экологиялық кодексінде осындай табиғатты ластаушылардың жауапкершілігі анық көрсетілген. Егер сіз сол ластаушы заттармен жұмыс істейтін болсаңыз, ластаушы заттардың төлқұжатын түзуіңіз, соңына дейін оның залалсыздандырылуын бақылап, көз жеткізуіңіз керек. Егер олай болмаса, Атырау мұнай өңдеу зауыты болсын, басқа компания болсын, жауапкершіліктен құтыла алмайды. Қазір қанша мердігер компаниямен келісім жасалғандығы жөнінде талдау жұмыстары жүріп жатыр. Толық сараптама жасалып, жақын арада химиялық қалдықтарды кім төккені, қашан төккені жөніндегі сұрақтардың жауабы айқындалады.

 

 

Атырауда тек наурыз айының ішінде 500-ден астам жоғары деңгейде, 300-ден астам экстремалды ластану дерегі тіркелді. Бұл бұрын-соңды облыс тарихында болмаған жағдай. Тұрғындар әбден ашынып, митингке де шықты. Олар бір жұтым ауаның тазалығын талап етті. Бұл өте заңды талап деп есептеймін. Оған түрткі – «Ақжайық» резерватындағы қамыс өрті. Ал, қамыс өртінің тұтану себебі белгілі, көп жылдан бері су келмейді. Қамыс әбден қурап, түбіндегі қопасы әбден шегенделіп шымтезек болып жиналып қалған, оны сөндіру мүмкін емес. Қолдағы өрт пен түтінге қарсы қолданатын құрал-техникамыз сай болмай шықты. Өрт шыққан алғашқы күннен бастап, біз – жаңа сайланған депутаттар оқиға орнын көріп, көп жайға куә болдық. Сапалақпен сабалап, күрекпен құм лақтырғаннан бой алып кеткен өрт өшпейді. Техникалар қыбырлап жүргенмен жұмысы көңіл көншітпеді. Тіпті, оларға құятын жанармайды жоғарыдан сұратып зорға алдырдық. Әрине, сұрау да өзіне байланысты ғой.

 

Тегеурінді талап қойып, болған жайды нақты дәлелдей алсаңыз ғана қасаң бюрократиялық машина қозғалады. Бұл жолы да Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы комитеті бұл оқиғаға салғырт қарап, резерватты тиісті деңгейде өрт сөндіруге қажетті техникамен қамтамасыз ете алған жоқ. Осылайша уақытын өткізіп алдық та, өрт қаланы қоршай жанып, көк түтін аспанды торлап алды. Салдарын тағы да қарапайым халық тартты. Кешегі митингтегі көп талаптардың бірінде осы резерватты облыстық әкімдіктің құзырына беру жөнінде мәселе қозғадық. Себебі, оған бөлек бюджеттік бағдарлама қаралмаған. Оны енгізіп, ақша бөлу үшін осындай шараға баруға тура келді. Содан кейін ғана арнайы «Жол картасы» жасақталып, іс-шаралардың тізіміне қосылды.

 

Соңғы жылдағы инфляцияға байланысты халықтың кедейленгені, өңірдегі жұмыссыздық мәселесі көп нәрсенің анық-қанығын көрсетіп берді. Бұл жолғы қоғамдық тыңдаудан соны аңғардым. Тұрғындар экологиядан гөрі, күнделікті әлеуметтік проблемаларын мінбеге алып шығып жатты. Яғни, әлеуметтік ахуалдың нашарлауынан ба, қоғамдық тыңдауларда негізгі тақырып жұмыспен қамту және жалақыға ауысып кете береді. Дұрысында, қоғамдық тыңдаулардың оны ұйымдастырушы тарапқа тән тәртібі жасақталған. Ал, олар тыңдауға қатысушылардың әңгіме ауанына қарап, негізгі тақырыпты «аңдаусызда» өткізіп жіберуге шеберленіп алған. Сөйтіп, сәбиді тәттімен алдағандай арзан уәдемен оңай құтылып кете береді. Байыбына баратын болсақ, қоғамдық тыңдау дегеніңіз – тұрғындардың өз еркін, талабын табиғат пайдаланушы мекемеге өткізудегі керемет құралы. Жаңа Экологиялық кодекс бойынша, жыл сайын компаниялар халықтан рұқсат сұрайды. Оның мерзімі де, зиянды қалдықтың мөлшері де анық көрсетілген кодекске сәйкес, 20-30 жылға сол аймақта жұмыс істеуге жергілікті билік пен халықтың келісімі арқылы ғана рұқсат берілуі тиіс. Атап айтқанда, шекті рұқсат етілген шығарындылар (предельно-допустимый выброс-ПДВ), сарқынды су, лас суды лақтыруға берілетін рұқсат және атмосфералық ауа бассейніне зиянды заттарды шығаруға рұқсат, барлығы да көп болып кеңесетін қоғамдық тыңдауларда белгіленеді. Экология комитеті халықтың табанды талабы, жөнді пікірі болса, онымен санасуға міндетті. Бірақ, сол жиындарда ол жайттар қамтылмайды. Мінбеге шыққандар саладан хабары бар эколог-сарапшылардың алдын орап, аузын аштырмайды. Міне, мәселе қайда?! Біз «бір күнгі жұмыс орны мен әлеуметтік мәселемізді шешеміз» деп, қоршаған ортаға өзіміз тұрған өңірдің табиғатына осылай қастық жасап жатқандаймыз. Біз, атыраулық табиғат жанашырлары мен белсенділер мұндай жолмен ірі компанияларды ұтамыз деп ойламаймын. Әрине, оның конфронтациялық және дипломатиялық әдістері бар. Біз осы екіншісіне қол жеткізу үшін барымызды салып жүрміз. Экологиялық тақырыппен айналысып келе жатқаныма қазір жеті жылдан асыпты. «Сонда не істедің?» деген сауалды маған жиі қояды. Нақты қол жеткізгенімізді айтайын. «Қазгидромет» кәсіпорнының жұмысын жандандыру үшін 10 стационарлық газанализатор әкеліп, қондырттық. Парктер салынды. Шүкір, тал-теректер өсіп келе жатыр. Бірақ, бұған бола тоқмейілсуге болмайды. Облыста күрмеуі қиын күрделі мәселелер әлі жетіп жатыр. Мұнай-газ өнеркәсібі шоғырланған аймақта қоршаған ортаға төнетін қауіп зор. Себебі, геосаяси және экономикалық мүдделердің тоғысқан жерінде экология, әлбетте, соңғы орында тұрады. Бұл біз қаласақ та, қаламасақ та, мойындауға мәжбүр ететін заңдылық. Аты әлемге мәшһүр Клэр Паттерсон деген үлкен ғалым бар. Ол сонау Рокфеллер заманында бензиннің құрамындағы өте улы зат саналатын тетроэтил- қорғасынды 25 жыл соғысып жүріп дәлелдеп, соны бензиннің құрамынан алғызып тастады. Айтқандай, ол манағы химиялық қоспа жас ұрпақтың интеллектуалды дамуын тежейтінін дәлелдеп шыққан. Біздегі экология проблемасы да дәл сондай, оны ластап алсақ, қалыпқа келтіруге әдеттегіден ұзақ уақыт қажет болады.

 

Жоғарыда тоқталып өткен қамыс өрті қанша залалды болғанымен аты – шөп, түтіні болмаса, ағзаға әсері көп емес. Қамыс – бір компонент болса, мұнай өңдеу зауыттарынан шыққан және өзге де диоксин ПМ-2,5 секілді ұсақ дисперсиялық заттар бар. Бұл адамның бойына қатерлі ісік, обыр ауруларын туғызатын зиянды қоспалар екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Біз оны талай мәрте өлшеп, газанализатормен тайға таңба басқандай дәлелдегенбіз. Оның иісі өз алдына, құрамындағы улы заттар шекті мөлшерден асып кеткен. Егер жел солтүстік немесе солтүстік-батыстан соқса, қаланың бәрі сол иіске тұншығады. Оны құрғатып залалсыздандыру жөнінде әкімдік пен зауыт басшылығы бірлескен жобаны бастады. Бүгінде оны екіге бөліп құрғату, топырағын рекультивациялау жұмысы басталды. Бірақ, құрғату деген жылдар бойы жиналған май төгілген алаңды топырақпен бүркей салу емес. Ол жерде кешенді жұмыс жүруі тиіс. Оны да бақылауда ұстаймыз.

 

Қоқыс тақырыбы неге жауыр болды? Әуелі осы сұраққа жауап беріп көрейік. Себебі, әлемдік терминмен алғанда, вестменеджмент – қоқысты басқару. Ол үш кезеңнен тұрады: 1) көшеден жинап алу; 2) сұрыптау; 3) сұрыпқа бөлінген қоқыс түрлерін тақталау. Біз қазір үшеуінен де кенже қалып отырмыз. Қоқыс жинайтын көліктің түрін көрдіңіздер, трактор жүреді, қоқысты қолмен тиейді. Біз өзі қай заманда өмір сүріп отырмыз?! 2019 жылы чехиялық ұйымның шақыртуымен сол елге тәжірибе алмасуға бардым. Сол кезде мен ешқандай қатысы жоқ қоқыс туралы сұрадым, сонда «жан басына шаққанда 900-1000 теңге» (теңгемен есептегенде) деді. Ол кезде бізде қоқыстың төлемі 200 теңгеге жетпейтін еді. Жалпы Чехия – Еуропадағы ең арзан ел, тамақтың бағасы бізбен бірдей, бірақ қоқыстың төлемі бес есе (!) жоғары. Себебі, тазалық – денсаулық кепілі екенін ол ағайындар жақсы пайымдайды. Қаласын алып қарасаңыз, тіркелген азамат қоқысты шығарсын, шығармасын, ақшасын төлеуге міндетті етіп қойған. Ешкім бұра тарта алмайды. Есесіне, көшесі мен аулалар айнадай таза. Қоқыс салатын жәшіктерінде – сегрегация: пластиикалық өнімдер бір бөлек, қағаз-картондар бөлек. Тіпті, шынының өзін жасыл және ақ деп, түсіне қарай сұрыптайды. Бұл бизнеске қолайлы жағдай қалыптастырады. Қоқыстың қай түріне маманданса, соны өзі жиып, дайын күйінде алады. Ал, бізде жинау бар да, сұрыптау жоқ. Қоқыс полигондарының былығып жатқаны сондықтан. Жинақталған тұрмыстық қатты қалдықтар Экологиялық кодекстің барлық критерийлерін өрескел бұзып отыр. Өйткені, ол жерде сұрыптау жоқ. 2021 жылдың шілдесінде жаңа Экологиялық кодекстің айналымға енгенінен бастап, оған үзілді-кесілді тыйым салынды. Бірақ, ол талап ескеріле ме?! Көше тазалығына жауаптылар күші жетпегендіктен, осыған барып отыр, басқа амалы жоқ. Енді тарифтерді реттеу мәселесіне келсек, ол заңнамада көрсетілген жергілікті атқарушы органның еншісінде. Оған тіпті қоғамдық кеңес те, мәслихат та араласпауы тиіс. Бәсекелестік орта болғандықтан, оны өзі шешу керек. 2019 жылы «ЕРАЙ Сервис» компаниясын шақырып, сараптама жасалды. Сонда қоқыстың тарифы әр тұрғынға шамамен 600 теңге деп белгіленген. Одан бері инфляция 20%-ды құрады. Ал, жаңа зауыт іске қосылу үшін жаңа тариф керек. Тариф болмаса, халық өзі тұтынған зиянды заттарын өзі жұтып отыра береді. Сосын сұрыптау мен өңдеуді шатастыруға болмайды. Сұрыпталған қоқыс түрін өткізуге географиялық жағынан Ресей жақын, ал онда қазір баға арзандап отыр. Өзге елдер де төмен бағамен әкеле бастады. Демек, қоқыстың өзін олар таңдап, екшеп алады. Мысалы, қаладан күніне 100 тонна қоқыс шығады десек, оның 35% – органикалық қалдықтар. Нағыз бүлдіргіш сол. Әлгі полгионға барып, қоқыс газын түзіп, токсиндерді жерасты суымен Жайыққа, өзге де су көздеріне жеткізіп, биоценоздың қырылуына әсер етеді. Сол органиканы бөліп алып, кампустап, әрі қарай қаланы көгалдандыруға болады. Егер полигонды рекультивациялап, оның үстіне көк шөп ексе, оның тез шығуы үшін әлгі тыңайтқыш түрін пайдалануға мүмкіндік бар. Тағы бір жолы – рециклингтік қоқысты алты есеге дейін сығып, тау болып жатқан дүниені лего жинағандай қылып, бір жерге жинап қоюға болады. Болашақта бізде газ бен мұнай азаятын күн туса, осы қоқыстан да баламалы жанар-жағармай (RDF топливо) түрін шығаруға болады екен. Шетелдерде ондай тәжірибе бар. Халық тұтынған және қоқыс қып шығарған дүниесін сұрыптауға ешкім арзан ақшаға барғысы келмейді. Мысалы, қоқысты буатын сымның өзіне былтыр 90 миллион, гидравликалық насостарға құйылатын май сатып алуға 40 миллион теңге кетеді. Оның бәрін кім тегін береді?! Үкіметтің өзіндік «тарифке алмастырылған қызмет» деген саясаты бар. Ол енді өзінің мүмкіндігі жетпеген соң, «нарыққа кіріңіз, тариф қойыңыз да жұмыс жасаңыз» деп отыр. Бар әңгіме – осы!

 

Қазір қаланың ішінде көгалды өсіре алмай отырған себебіміз – суарудың жеткілікті деңгейде болмауы. Бізде әлі жерасты суының деңгейін төмендетудің нақты механизмі жоқ. «Мостовой» деп аталатын өзектің ішіне қаланың бір жартысының дренаж жүйесіне айналатын дүниелер жасала бастаған. Енді соның ішіне суару жүйелерін енгізіп жатыр. Қаланың кейбір көшелерінде осындай оң беталыс бар, десе де ол әлі мардымсыз. Себебі, оған үлкен қаражат керек. Сосын жазғы су құбыры жүйесін дамыту керек. Бізде ол жүйе қаланы толық қамти алмай отыр. Климаты қатал, су көзі аз өңірде жасыл желекке ерекше көңіл бөлінбесе, еш нәтиже шықпайды.

 

Иә, спикер сөзінің жаны бар. Көмірсутегі шикізатының 60%-дан астамы орналасқан, жүздеген мұнай-газ өндіру-өңдеу компаниялары жұмыс істейтін Атырау облысының экологиялық ахуалы жыл санап нашарлап бара жатқаны шындық. Тек соңғы үш жылда «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны 201,5 мың тонна, ncoc компаниясы 57,5 мың тонна ауаға улы заттар шығарыпты. Егер оның қосындысын алсақ, үш жылда облыстың әр тұрғынына 370 келіден келеді екен. Ал, оның қауіптілігі і-іv санаттағы улы заттар қатарына жататыны дәлелденіп отыр.

 

Өкініштісі сол, өндіріс өркендеген сайын қоршаған ортаға келетін залал әсері де арта береді. Ғалымдар қоршаған ортаға тараған зиянды заттар кумулятивті жиынтық түзіп, ауа, су және топырақты улай береді деп дабыл қағуда. Әуе жолымен есептегенде, «Теңіз» кешені Атыраудан 140, «Болашақ» зауыты небәрі 40 шақырым ғана. Егер өңірде жыл он екі ай желдің көбінесе шығыс және оңтүстік-шығыс бағыттан аумайтынын ескерсек, улы концентраттар облыс орталығын үнемі басып тұрады деуге толық негіз бар. Соңғы 30 жылда ауаның экстенсивті ластануы мен өндірістегі газ алауларының үздіксіз жануы кесірінен оттегі тапшылығы байқалады. Оның үстіне ауаның ылғалды қабаты да жұқарып келеді. Бұл проблема кімді болса да бейжай қалдырмауы тиіс. атырау ауасын аяусыз ластап жатқан басқа да залал көздері бар. Оны табиғат жанашырлары көп жылдан бері зерделеп, дабыл қағып келеді.

Оставить комментарий
Последние новости
     
ЭКОНОМИКА
30.04.2416:07
Доллар вновь поднялся  
   
Все новости