RSS лента

Рамазан айында не істеу керек?

Автор фото: libertatea.ro

Ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы Рамазан айының басты сауаптарын айтып берді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

ОН ЕКІ АЙДЫҢ СҰЛТАНЫ

 

Халқымыз Рамазанды «Он екі айдың сұлтаны» деп, бұл айды ерекше қадірлеген. Ол «Ережеп пен Шағбан айларында бізге береке бер, Рамазанға аман-есен жеткізе гөр» деп мұсылмандар тілеп, аңсап жететін қасиетті ай. Бұл айда құдіретті Алла Тағала құлдарына ерекше мейірімін төгіп, рақым етеді. Ақ пен қараны ажыратып, адамзатқа дұрыс жол сілтейтін Құран да осы айда түскен. Жаратушы иеміз былай дейді: «Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дəлелдерді һəм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай» (Бақара сүресі, 185-аят). Адамзаттың асылы Мұхаммедке (с.ғ.с) ардақты аяттардың түсірілуі осы айдағы қасиетті түндердің бірінде басталды. Ол түн – мың айдан да қадірлі Қадір түні. Міне, Алла жазса, биылғы Рамазан айына да жетіп қалдық. Барша мұсылман бауырларды Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Ниет еткендерге: Оразаң қабыл болсын ұстаған жан демекпін. Ораза – Ислам дініндегі бес парыздың бірі. Дінімізде оған ерекше мəн берілу себебі сондықтан. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза – шыдамның жартысы, ал шыдам – сенімнің жартысы» дей отырып, басқа ешқандай құлшылықтармен салыстыруға келмейтіндей оразаның жоғары тұратынын білдірген. Өйткені, Алла Тағала өз елшісіне: «Пенденің барлық игі істерін Алла он есе, тіпті одан да жоғары бағалайды. Бірақ ораза не үшін тұтылған болса, сол үшін сауабын, сыйын молынан беремін» дегені белгілі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, сəуір айының 24 жұлдызы Рамазан айының алғашқы күні. Биылғы Рамазан айы дүбірлі əлем үлкен өзгерісті бастан кешіп жатқан тұста келді. Ол бір жағы қандай жағдайда да Алланы ұмытпай, құлшылықтан жазбау керектігін де ұқтырғандай. Иə, қасиетті Рамазан айының ішіне бүккен сыры көп. Кім өзінің дайындығын пысықтаса, шын ынтасымен күтіп, ықыласпен құлшылық жасаса, бұл айдың шарапатына кенелмек. Енді қасиетті айдың бір қатар ерекшеліктерін тарқатып көрелік.

 

БІРЛІК АЙЫ

 

Рамазан айы – қуатты бірліктің айы. Бұл айдағы баршаға ортақ ниет, тілек, дұға, құлшылық, үміт дүйім елдің бірлігі мен ынтымағын жарастыра түседі. Жаратушысы бір, пайғамбары бір, қасиетті кітабы мен бет түзейтін құбыласы бір, көк аспан мен қара жерді мекен еткен жұрт дəйім бірлікте тату ғұмыр кешуі тиіс. Халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайтын бірлік ұғымы адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі. Қазақ «бірлік болмай, тірлік болмас», «бірлік түбі – береке», «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын түйген. Жарасымды ынтымақты бұзып, бірлікті ыдырататын жайттарға жуымауға, жол бермеуге шақырған. Қазақ ұлтының төңірегіне топтасып, қазақ жерін мекен еткен этнос өкілдері бір қолдың саласындай болып ұйысып отырған болса, ол бірлікті ту етіп көтергеніміздің нəтижесі. Ол «Егер отбасында бірлік болса, ол берік болады. Егер кəсіпорында бірлік болмаса, ол өркендемейді, ал егер мемлекетте бірлік болмаса, онда ол күйрейді. Сондықтан бірлік – бұл біздің мемлекеттігіміздің түпқазығы» деген болатын. Қасиетті Құранымыз əу бастан мұсылман үмбетін Алланың жібінен мықтап ұстап, ажырамауға шақыруда. Рамазан айы жұрттың жүрегіне тыныштық ұялатып, бейбітшілік пен өзара татулыққа үндейді. Ендеше, бұл айда əуелі отбасымыздан бастап, туыс-туған, ұжым, көрші-қолаң, ел ішінде ынтымақ пен бірлікке дəнекер бола білуіміз керек.

 

ТАҚУАЛЫҚ АЙЫ

 

«Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» деп дана Абай атамыз айтқандай, Алланы таныған пенденің құлшылықтан ада өмір сүруі мүмкін емес. Жындар мен адамзатты тек өзіне құлшылық үшін жаратқан Хақ тағалаға жақындай түсудің жолы табанды түрде құлшылық жасауда жатыр. Қасиетті Рамазан – тақуалықты шыңдайтын ай. Бұл айда оразаға ниет ету, сəресіге тұру, ауызашарға асығу, тарауих намаздарын үзбеу, түнде нəпіл тахажжуд намазын оқу, күндіз көп зікір айту, діни кітаптар оқып іліміңді молайту, ардақты елшіге сансыз салауат пен сəлем жолдау, Құранды хатым ету міне, бұлардың барлығы да сансыз сауапқа батыратын құлшылық түрлері. Бұл айда адам өзін ұрыс, дау-жанжалдан алыс ұстай отырып, ислам дінінің бейбіт ұстанымын паш етеді. Күнə атаулыдан бойын аулақ ұстау арқылы тақуалыққа бойын дағдыландырады. Тақуалық адамның ішкі сенімі мен соған лайық амалының, сөзі мен ісінің, ғибраты мен əрекеттің арасындағы үйлесімділікпен жүзеге асады. Адамның сырт келбеті, діни-ғұрыптық киімі оның тақуа екенін көрсетпейді, жүріс-тұрыс, мінез-құлқы, ахлақы соған сай болғанда ғана ол адамның тақуалығы аңғарылады. Тақуалыққа жетудің қиындығы да осында. Ішкі сенімнен қуат алған тақуалық адам бойындағы тұрақтылық, табандылық, сабырлылық сияқты асыл қасиеттерінің нығаюына игі ықпал етеді. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) барлық болмысы мен өмір салты ретінде Құранды басшылыққа ала отырып, тұтас адамзатқа əлі күнге ұстаз болып келеді. Сондықтан адам сөзі мен ісінде əрдайым үйлесім құрап, шынайылыққа жете білуі тиіс. Бұл жолда оған тақуалықтың көп көмегі тиері сөзсіз. Тақуа құлдар Жаратушы иемен достыққа дейін қол жеткізеді, Алланың уəли (дос) құлдарына ақыретте қайғы-мұң болмасы анық. Ендеше, əр мұсылман қасиетті Рамазан ай ын да пендешіліктері мен өмірде жіберіп алған қателіктеріне өкініш білдіріп, құлшылық, тəу басы мен күнəларынан тазарып, тақуалыққа өзін баулуы тиіс. Бұл айда оразаны аса жауапкершілікпен, тақуалықпен тұту керек. Сонда ғана мойнымыздағы міндетімізді адал атқарып, Алланың разылығына жетеміз.

 

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЙЫ

 

Сахабалар ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өте-мөте осы айда дархан пейіл, ерекше мəрттік танытатынын байқаған. Екі əлемнің сырына қанық Алланың елшісі Рамазан айы келгенде қолында барын оңды-солды таратып, сауапты іс жасаудан еш тартынып қалмаған. Ендеше, пайғамбарды жолбасшы еткен мұсылман үмбеті де бұл айда жомарттық танытып, көп қайырымдылық істерге белсене араласуы тиіс. Дінімізде игілік үшін жасалған əрбір жəрдем сол игіліктің өзіндей бағалана түседі. Ғибадат айында ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға болады. Соңғы жылдары елімізде еріктілерден ерекше белсенділік таныту талап етілуде. Жекелеген бақуатты азаматтардың елге жасап жатқан көмегі халыққа қуаныш сыйлап, көңілдерін демеуде. Халқымыз «Қолы ашықтың – жолы ашық» деп бекер айтпаса керек. Бүгінде осындай қайырымды істердің бел ортасында рухани қара шаңырақ Мүфтияттың жүргені баршаға аян.

 

САБЫРЛЫЛЫҚ АЙЫ

 

Сабырлылық – адам мінез-құлқына тəн байыптылық пен ұстамдылықты білдіретін асыл қасиет. Мұсылманға сабырлы мінез жарасады десек, бұл ай баршаны сабырлыққа үйретеді. Таңнан кешке дейін ауыз бекіту, ішіп-жеуден, күнəдан, ұрыс-керістен тыйылу мұның бəрі төзім, шыдам, сабыр арқылы ғана жүзеге асады. «Сабыр түбі – сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген халық даналығында сабырлылық адамды жамандықтан сақтап, жақсылыққа бастайтын ізгі қасиет ретінде айқындалады. Сабырлылық қажыр-қайратпен ұштасып, ер бойындағы ар, ұждан, ынсап сияқты қасиеттерге негіз болады. Артынан қу нəпсінің жүгіре берсең, Бұл нəпсі жүгірістен танған емес. Нəпсісін тізгіндеген пендесіне Тозақтың оты кеулеп жанған емес, - деп Қабан жырау өлеңге қосқан нəпсімен күресу – дінімізде ең үлкен жихад болып саналған. Əркім жақсылыққа жетуде əуелгі кезекте өз бойындағы нашар дағдыларымен күресуі қажет. Абай атамыз «Ескендір» поэмасында «Мықты болсаң, əуелі нəпсіңді жең» деп бекер айтпаған. Ислам сенімінде Жаратушы ие асқан сабырлы. «Ас-Сабур» Алланың ізгі сипаты. Өзінің пенделік əлсіздігіне байлаулы адам үшін «Иеңдей болам деме, иеңе ұқса» деген аталар өсиетіне лайық, ниетін түзеп, ізгілікке ұмтылуы, сабырды өзіне серік етуі рухани дамудың жолы. Ардақты пайғамбарымыз да өмірдегі барлық қиындықтарды сабырымен жеңіп шыққаны белгілі. Ендеше, барша мұсылмандарды сабырлық пен шыдамдылыққа баулитын ай осы Рамазан айы. Хақ Тағала «Зүмəр» сүресінің 10-аятында сондай сабырлы құлдарына сауабы есепсіз берілетіндігі жайлы былай дейді: «Расында, сабырлылар сый-сияпатын қисапсыз түрде молынан алады». Тағы бір ескерте кетерлік жайт, мұсылман адам уақытын əрдайым тиімді пайдалана білуі тиіс. Ардақты пайғамбарымыз «Екі күні бірдей өткен адамның зиянда» екенін ескерткен. «Адам екі нəрсенің қадірін білмейді: денсаулық пен бос уақыт» дегенде де уақыт мəселесіне көңіл бөлу қажеттігін дəйім еске салған. Баршамызға қасиетті Рамазан айы тағы да құтты болсын! Əр шаңыраққа Алладан амандық, есендік, береке тілеймін!


АЙТПАҚШЫ...


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мəжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері анықталды. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мəслихатында мəлімдеді.


– Биыл пітір мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал, ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала жəне облыс өкілдіктерінің берген мəліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады, - деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

 

Оставить комментарий
Последние новости