RSS лента

Құрбан айт қалай аталып өтіледі?

  • 07.07.2022, 22:06,
  • 465
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

КҮЛЛІ МҰСЫЛМАН ЖҰРТЫНЫҢ АСЫҒА КҮТЕТІН ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІ БИЫЛ 9 ШІЛДЕГЕ СӘЙКЕС КЕЛЕДІ. «ИМАНҒАЛИ» МЕШІТІНІҢ ИМАМЫ АЛТЫНБЕК ҰТЫСХАНҰЛЫ МЕРЕКЕНІҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІ, МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ ПІКІРІМЕН БӨЛІСТІ.

 

– Құрбан айт қандай мереке?

 

– Одан бұрын қажылық айында келетін Арапа күні туралы да айтып өткім келеді. Бұл күн 8 шілдеге сəйкес келеді. Арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед: «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен жəне келесі жылдың күнəсін кешіруді үміт етемін», – деген. Бұл – Құрбан айт күніне бір күн қалғанда орындалатын абзал амалдардың бірі. Ал, Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кəусар» сүресінде «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы жəне құрбандық шал» деп бұйырған. Құрбан шалу арқылы мұсылман баласы Аллаға жақындауды көздейді. Аллаға ең жақын құлдар – пайғамбарлар. Сондай ұлық пайғамбарлардың бірі – Ибраһим бабамыз. Құрбан шалу арқылы Аллаға жақындау ғұрпы сол кісімен байланыстырылады. Əрине, ниет Жаратушының бұйрығын орындау болуы керек. Əйтпесе, Құранда айтылғандай құрбандыққа шалынған малдың еті, не қаны емес, Аллаға тек ниет жетеді. Хадистерге де қарасақ, барлық істің түпкі ниетке байланысты бағаланатыны айтылады. Олай болса, шынайы мұсылмандар Жаратушының əмірін қалт етпей, пайғамбарлардың жүрген жолымен жүреді. Ынталы кейіпте, құлшылық ниетімен өзіне тиесілі бұйрықтарды орындайды. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз: «Менің жəне жағдайы жоқ үмбетімнің атынан» деп екі мал шалатын.

 

– Қандай мал құрбандыққа шалынады?

 

– Құрбандыққа мал таңдау кезіндеақ адамның шариғатқа білімділігі, тақуалығы көрініс табады. Себебі шариғатымыз таңдалған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес. Пайғамбарымыз «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мəлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар», – деген. Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар, піштірілген малды да құрбандыққа шалады. Ондай малдың еті мол əрі дəмі тəтті болады жəне ол айып болып есептелмейді. Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ. Құрбандыққа əдетте қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалынады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарамды. Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады жəне екі құрбандықтың сауабын алады. Ал, түйе мен ірі қараны жеті адамға дейін бірлесіп шалуға болады. Бір ескерте кетерлігі, жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек. Қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз əрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт. 

 

– Құрбан шалудың даналығы неде?

 

– Өмірде жақсы ниетпен жасалған кез келген істің сауабы бар. Қасиетті Құранға қарасақ, зəредей жақсылықтың да, жамандықтың да қайтарымы болатыны ескертілген. Сол себепті ардақты пайғамбарымыз үмбетін жақсылық сүйгіш, ізгілікке құмар болуға, əрбірі сауапты ісімен Аллаға жағуға тырысуға үндеген. Құрбан шалудың да сауапты іс екенін түсіндірген. Сахабалары сауабы қандай болатынын сұрағанда, шалынған малдың əрбір қылшығына сауап жазылатынын аңдатқан. Мұсылман адам бəріне тек осы өмірдің өлшемдерімен ғана қарамасы анық. Алдымызда Ұлы Есеп күні бар. Қылкөпірден өтерде де осы дүниеде шалынған құрбандықтардың пайдасын əркімнің көретіні хадистерде келеді.

 

– Қазір қайырымдылық жасаушы жан көп. Исламдағы мұның ролін ашып айтып бересіз бе?

 

– Бүгінгі əлем ізгілікке, қайырымдылыққа мұқтаж. Исламофобияның арынын бəсеңдету үшін де мұсылмандар қоғамға қайырымдылық істерін көп жасауы қажет-ақ. Ол исламның шынайы келбетін таныту үшін де маңызды. Дініміз қоғамдағы жоқ-жітіктерге, кедей-кепшік, көмекке, қолдауға мұқтаж жандарға əрдайым қарайласуға шақырады. Əсіресе, дағдарысты, алды болжаусыз қазіргі əлем жағдайында қайырымды істердің маңызы тіптен артып отыр. Қоғамда қарақан басының жағдайын ғана күйттеушілік датталып жатса, көптің, елдің игілігіне жүгіріп қызмет еткен азаматтар мақталып жатқанын əркім-ақ көріп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да біраз игілікті істерге ұйытқы болып келеді. Атырау өңірінен біз де ортақ мақсатқа қолымыздан келгенше үлес қосуға құлшынып жүрміз. Ылайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен! Құрбандық шалған ағайынның ниеті қабыл болып, Алла Тағала көпке берекелі тыныш өмір сүруді жазсын деп тілейміз.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости
Популярно
  • Сутки
  • Неделя
  • Месяц