Атырауда өткен халықаралық іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров, Атырау облысы әкімдігінің Аппарат басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы, қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғалымдар мен дін қызметкерлері, ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер қатысты. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты жазды. Конференция жұмысы қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы мен тыныштығы үшін арнайы дұға жасады. Алдымен шараға қатысушылар назарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарған жұмысын баяндайтын бейнеролик көрсетіліп, ҚМДБ Төрағасы алғысөз сөйледі.
«Ел болып қалыптасып, бағыт-бағдарын түзеген мемлекет үшін дін мәселесі өте өзекті. Елдің амандығы, оның тыныштығы біз үшін аса қымбат. Қазақ халқы «жау жоқ деме, жар астында» деп, ұлтты әрдайым қауіптен сақтандырып келген. Экстремизм мен терроризм мәселесі біздің еліміз үшін де шетін тақырып еместігі белгілі. Адамның сана сезімін улайтын, әлемдік діндердің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың экстремалды түрде қаптауы халыққа зиянын тигізіп жатыр. Шынтуайында, Ислам деген сөздің өзі «бейбітшілік, тыныштық» дегенді білдіреді. Исламның басты мақсаты – әлемдегі адамзат арасында бейбітшілік орнатуға негізделген. Хақ дініміз нақақтан нақақ ешкімге соқтықпауға, жаман нәрседен бойды аулақ ұстауға, адамзатқа мейрімділік танытуға, толерантты, зиялы болуға шақырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Шын мұсылман өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам», - деп ескерткен.
Жат ағымның жетегінде кеткендердің ұстанымынан осы аталғандарды байқаймыз. Бірақ олар ешқашан өз ілімдеріне күманданбайды, тіпті белсенді түрде жүрген жерінің бәрінде насихаттап жүреді. Олар бұл әлемді өз қалауына қарай өзгертуге тырысады, дәстүрлі құндылықтарды толығымен жойып жібергісі келеді. Радикализм мен экстремизмге жетелейді. Осы ретте айта кету керек, деструктивті ағымдар тек ислам дінін жамылып, өз ниеттерін жүзеге асырмайды, жат ағымның протестандық және шығыстық түрлері де бар. Ең қызығы жат ағымдардың қаражат табу, билікке бару, өз идеологиясын тарату сынды көздеген мақсаты болады.
Сондықтан экстремизмнің алдын алу үшін ұлттық салт-дәстүрді, дұрыс шариғатты дәріптеу қажет деп есептеймін. Дәстүр дегеніміз – елімізде қалыптасқан діни тәжірибелер тізбегі және біздің өмір сүру салтымыз. Бүгінде қазақтың дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне ылаң салып жүргендер жоқ емес. «Қазақ дінсіз болған» деген сынды шала түсініктегілер елімізді ислам дініне енді тәй-тәй басқан баладай көрсеткісі келді. Ал шындығында қазақ дәстүрінің өзі дінмен сабақтасып жатыр» деді Бас мүфти.
Шарада бірқатар отандық және шетелдік ғалымдар баяндама жасады. Атап айтқанда, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Хамитжан Ишматбеков, Түркия Дін істері басқармасының маманы Йылдырым Каплан, «Хусамуддин ас-Сығанақи» атындағы ислам институтының оқытушысы, PhD, профессор Ясир Ахмед Мурси Мухаммед Сетохи, Қырғыз Республикасынан келген «Дін, құқық және саясат» талдамалық орталығының директоры Кадыр Маликов, Дағыстан Республикасы мүфтиятының Орталық Азиядағы өкілетті өкілі, Каспийск қаласы имамдар кеңесінің төрағасы Мурад Исмаилов, сондай-ақ ҚМДБ Сарапшылар кеңесінің мүшесі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Жалғас Сандыбаев дәстүрлі Ислам құндылықтарын насихаттаудың және экстремизммен күресудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар маңызды мәліметтерді бөлісіп, конференцияға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
ҚМДБ төрағасы жас буын өкілдерін ақиқатты ақылмен тануға шақырды.
«Ғақлия көзбен қарасаң,
Дүние – ғажап, сен – есік.
Жаһлы көзбен қарасаң,
Дүние – қоқыс, сен – меншік», - деп ғұлама әл-Фараби бабамыз айтқандай, мен осы ретте жас буын өкілдерін өмірдің әрбір сәтіне ғақлия, яғни ақылдың, даналықтың көзімен қарауға шақырамын. Ақылмен ақиқатты тану – аса маңызды мәселе. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әркімнің діні – оның түсінігі. Ақылы жоқтың діні де жоқ», – деген. Шеттен келген теріс пиғылдағы идеология қазақ халқын ешқашан жарылқамайды. Осыны түсінуіміз керек» деді ҚМДБ Төрағасы.
Сондай-ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарық көрген «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабының танытымы өтті.
Салтанатты шарада ҚМДБ Төрағасы: «Халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жиын-тойларда жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыраны «харам» деп жүрген жастарды осы кітапты оқуға шақырамын. Сәлем салуды Аллаға серік қосу деп санайтындарға да осы кітапта жауап жазылған. Сәлем салу – Аллаға серік қосу емес, үлкен құрметтің белгісі. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығару үлкен қателік деп атар едім. Міне, осындай жаңсақ пікірлерге «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабы толыққанды жауап береді деген ойдамыз» деді.
Айта кетейік, танытым рәсіміне еліміздің және шетелдік дін ғалымдары, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер, дін қызметкерлері қатысты.