Бұл жолғы қатысушылар биылғы оқу жылының ең үздік шаңырағы марапатын иеленген «Махамбет» шаңырағының оқушылары болатын. Мектеп табалдырығын биыл ғана аттап, бір жылдан кейін тамаша жобаға қатысуға мүмкіндік алған олардың қуанышында шек болмады. Бұл туралы Атыраудағы NIS баспасөз қызметі мәлім етті. Жобаның салтанатты ашылуында мектеп директоры Ерали Бижанов сөз сөйлеп, экспедицияның патриоттық тәрбие берудегі мәніне тоқталды.
Алғашқы саяхат «Атырау шипажайынан» басталды. Мұндағы балшық құрамы шипажай қызметкерлерінің мәліметінше, республика бойынша теңдессіз құнды қасиеттерге ие. Әсіресе, буын ауруларына ем боп табылатын, құрамында Менделеев кестесінің бірнеше элементі кездесетін құнарлы балшықтың пайдаланылу тәртібі, негізгі қоры оқушыларға көрсетілді. Одан арғы зерттеу нысаны – Атырау «Бекіре» зауыты. Бұл жерде балалардың көз алдында түрлі балық түрлері арнайы әкелініп, салмағы мен ұзындығы өлшеніп, аталық аналығын ажырату мақсатында УЗИ аппаратына түсіріліп, кейін шағын бассейндерге жіберілді. Арнайы бассейндерде тіпті, шабақ күйінде келген балықтар да өсіріліп, белгілі бір салмақ дәрежесіне дейін жеткенше арнайы күтіп, бағылады. Балықтарды мезгілімен тамақтандыратын арнайы мамандар да бар. Оқушылар үшін әр балық бассейнін өз көздерімен көріп, аралау өте қызық әсер қалдырды.
Кейін оқушылар Атырау полиэтилен құбырлары зауытына бас сұқты. Мұндағы полиэтилен құбырлары қалай жасалатындығын өз көздерімен көріп, инженерлермен ашық зауыт басында сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды.
Ал, Атырау палеонтологиялық мұражайына экскурсия барысында оқушылар өткен дәуірлерге саяхат жасады. Бұл – Қазақстандағы мезозой кезеңінің жалғыз палеонтологиялық мұражайы. Көлемі аса үлкен емес, экспозиция екі бөлмені алып жатыр, дегенмен осында жиналған экспонаттардың бірегейлігіне әлемдегі көптеген мұражайлар қызыға алады. Бұл жерде оқкшылар талай экспонатқа куә болды: тарихтан бұрынғы акулалардың тістері, тасқа айналған мегалодондар, плезиозаврлар мен ұлулар, 100-150 миллион жыл бұрын өмір сүрген зілдердің, жүндес мүйізтамсықтардың, алғашқы жабайы өгіздердің және бұғылардың сүйектері, тағысын тағылар… Әсіресе, тарихқа, биологияға қызығушылығы басым оқушылар үшін бұл мұражай үлкен зерттеулерге бастама болары сөзсіз.
Ал, кезекті шуақты күннің бірінде қатысушылар «Ақжайық» резерватына жол тартты. Махамбет ауданы аумағы және Атырауға қарасты маңнан орын тепкен резерватқа соңғы зерттеулерге сәйкес, өсімдікер тізіміне 33 тұқымдастыққа жататын 130 түр кіреді, әсіресе, сирек кездесетін және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктерді табуға болады. Қорықта сүтқоректілердің 78 түрі бар. Аймақтағы құрып кету қаупі төнген түрлердің тізіміне құстардың 20 түрі, жәндіктердің 24 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 2 түрі және сүтқоректілердің 2 түрі кіреді. Оқушылар үшін әсіресе су жағасын мекен еткен тасбақа үлкен қызығушылық тудырды.
Резерваттың нағыз зерттеу нысанына айналарлық мекен екеніне көз жеткізген оқушылар сол күнгі түскі астан кейінгі уақыттарын музейлерге саяхат жасауға арнады. Алдымен облыстық Шаймардан Сариев атындағы өнер мұражайына бас сұқты. Мұражай қызметкерлерімен және жергілікті өңірдің суретшілермен кездесіп, түрлі сырға толы туындылармен танысып, ерекше әсерге бөленді. Атақты суретші Шаймардан Сариев туралы түрлі тың ақпарға қанығып, оның өз қолынан шыққан туындыларымен жіті танысты. Ал, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия барысында оқушылар түрлі экспонаттармен, сонау өткен ғасырлардан, арғы-бергі тарихтан толассыз сыр шертетін естеліктермен танысып, таным-біліктерін арттырып, өткенмен үндесіп, зор рухани қуат алды.
Ал, сол күні кешкісін Махамбет атындағы академиялық драма театрында балалар үшін арнайы қойылған «Қуыршақ» қойылымын тамашалады. Өңір ғана емес, республика көлемінде де өзіндік ойып алар орны бар рухани орда әртістерінің ерекше қойылымы оқушыларға тың серпіліс, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Ал, келесі күнгі тізгін әйгілі Индербор поселкесінен 15 шақырым жердегі Тұздыкөлге бағытталды. Тұздыкөлде болғандар оның суының емдік шипасы бар екенін айтып жүр. Жергілікті тұрғындар да нық сеніммен бұл көлдің суы мен қара балшығының өзі тек буын емес, демікпе, бронхит, гинекология сияқты көптеген сырқаттарға бірден-бір ем деп есептейді. Индердегі тұзды күмбезде Менделеев кестесінің 16 түрлі қазба байлығы бар. Тұздыкөлдің солтүстік жағы Индер тауымен қоршалған. Тұз көлі 500 метр тереңдікте орналасқан. Көл суының құрамында бром, калий, аздаған йод, ас тұзы бар. Көлдің қара балшығы түрлі ауруларға ем. Тұздыкөлдің суы мен қара балшығының қасиеттілігі ерте бастан белгілі болған. Көнекөздердің айтуынша, жанына жалау, сырқатына ем іздегендер бұрын алыстан да ат арбамен келіп тұрыпты. Бүгінге дейін де солай болғанымен, шипалы жер толыққанды ел игілігіне айналмай отыр.
Атақты Тұздыкөлді оқушылар бұрын тек құлағымен естіген болса, бұл жолы өз көздерімен көріп, қасиетін сезініп, табиғатына тағзым етіп қайтты.
Жобаның жабылу салтанатында қатысушы әр оқушы экспедиция барысындағы әр зерттеу нысанының ерекшеліктеріне жіті тоқталып, көрікті жерлерге, дәстүрлі шаруашылықтарға, зауыт қызметіне баса назар аударып, өз қорытынды ойларымен ашық бөлісті. Әр зерттеу нысанынан арнайы әкелінген су, топырақ, тұз секілді табиғи дүниелер мектеп мұрағатына табысталды.
Осылайша, биылғы «Туған елге тағзым» жобасы да сан түрлі қызыққа толы күйінде өте шықты. Тың ақпарға мейілінше қанығып, туған өңірдің әсем табиғатына тамсанып үлгерген оқушылар жазғы демалыстарына үлкен әсермен, ерекше көңіл-күймен енді.