RSS лента

Президент Абай облысында жұмыс сапарымен болды (+фото)

  • 12.06.2023, 11:17,
  • 607
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ortcom.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарымен кездесіп, оларға көңіл айтты, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз,– деді Мемлекет басшысы.

 

Қаза тапқан азаматтардың туыстары Президентке  қиын жағдайға тап болғанын айтып, тұрмыстық проблемаларын шешіп беруді сұрады. Сондай-ақ орман шаруашылығындағы олқылықтар туралы арыз-шағымдарын жеткізді. Атап айтқанда, марқұмдардың туған-туыстары резерваттағы материалдық-техникалық база сын көтермейтінін, орманшылардың еңбекақысы аздығын, ал қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шаралары нашар екенін айтты.

 

Мемлекет басшысы Бас прокуратура осы қайғылы жағдай бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, кінәлі адамдар жауапқа тартылатынын айтты. Сондай-ақ Президент жақынынан айырылған отбасыларға таяу арада көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырмалар берді.


Осыдан соң Президент Абай облысына жұмыс сапарымен келіп, өртеніп жатқан орман алқабын тікұшақпен аралап шықты.

 

Мемлекет басшысына Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өрт сөндіру жұмысының барысы және табиғат апаты салдарымен күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

 

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, күннің ыстығы мен ұйытқыған желдің салдарынан өрт тез өршіп,  60 мың гектарға жуық орман алқабы өртке оранған. Өрт сөндіруге 300-ге жуық техника, 1500-ге жуық адам және 11 тікұшақ жұмылдырылған.

 

Табиғат апаты аймағына жақын орналасқан елді мекендердің халқы эвакуацияланып, Бородулиха ауылындағы және Семей қаласындағы арнайы әзірленген ғимараттарға орналастырылды. Алайда қазір қауіп сейілгендіктен, тұрғындар өз үйлеріне орала бастады.

 

Бұдан бөлек, облыс әкімі тілсіз жаудың салдарынан орман шаруашылығының 14 жұмысшысы қаза тапқанын айтып, олардың отбасына жергілікті әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.

 

Президент өртке оранған орман алқабын тікұшақпен аралап шыққан соң Бородулиха ауылында орналасқан мобильді командалық пунктке келді. 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости