RSS лента

Сауда министрлігінің өкілі жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді

  • 12.12.2025, 16:20,
  • 71
  • 0
  • Автор:
Автор фото: бейнежазбадан скриншот

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Ұлттық тауарлар каталогын енгізуге қатысты жиі қойылатын сұрақтарға түсініктеме берді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ведомство өкілдері жаңа жүйеге көшу барлық кәсіпкерлер үшін біртіндеп әрі түсінікті болуға тиіс екенін атап өтті. Ұлттық каталог бақылау құралы ретінде емес, бизнеске арналған қолайлы сервис ретінде әзірленіп жатыр. Вице-министр Әсет Нүсіпов ОКҚ брифингінде ҰТК-ның ықтимал басым тұстарын түсіндірді. Оның айтуынша, бөлшек саудада кассалар NTIN кодын автоматты түрде қояды, бұл адам факторын барынша азайтады. Деректерді енгізудегі қателер жойылады, құжаттар жылдам рәсімделеді, ал, қолмен жасалатын жұмыс көлемі айтарлықтай қысқарады.

 

Әсет Нүсіпов өзекті сұрақтарға жауап берді.

 

– Қандай тауарларды міндетті түрде тіркеу қажет?

 

– Ел аумағында сатылатын барлық тауар, яғни импорттық өнімдер де, отандық тауарлар да міндетті түрде тіркелуге тиіс. Тек түпкілікті өнімді өндіру үшін пайдаланылатын шикізат пен материалдар ғана бұл талаптан босатылады.

 

– GTIN мен NTIN-нің айырмашылығы неде?

 

– GTIN – GS1 Global System жүйесі беретін халықаралық код, ал NTIN – ішкі нарыққа арналған ұлттық код. Қазақстан аумағында жұмыс істеу үшін NTIN қажет болады.

 

– Тауарды қалай тіркеуге болады?

 

– Тауарды тіркеу үшін nct.kz немесе nationalcatalog.kz порталында жеке кабинет ашу керек. Осыдан кейін функционалдың толық мүмкіндігі ашылады: тауар карточкаларын қосу, жүктеу, іздеу және тексеру. Өтінімдерді қарау бірыңғай оператор арқылы 3 жұмыс күнінде жүзеге асырылады.

 

– Сауда нүктесінде штрихкод сканері болмаса не істеу керек?

 

– Бүгінде банк серіктестері арқылы сканері бар кассалық аппаратты алу немесе кассаларды ауыстыру механизмі әзірленіп жатыр.

 

– Дайын тағамдар мен қоғамдық тамақтануға NTIN қажет пе?

 

– Өздері дайындайтын дайын тағамдар тіркеуге жатпайды.

 

– Комплектілер мен жинақтарды қалай есепке алу керек?

 

– Комплект жеке тауар ретінде қарастырылады және оған бөлек NTIN коды берілуге тиіс. Ол жеке түрде тіркеліп, есепке алынады.

 

– Коммерциялық ақпараттың таралу қаупі бар ма?

 

– Жоқ, мұндай қауіп жоқ. ҰТК тек тауардың өзіне қатысты мәліметтерді қамтиды — құрамы, сипаттамалары және өндірушісі. Бағалар, қалдықтар, контрагенттер және басқа коммерциялық ақпарат жүйеге жүктелмейді, көрсетілмейді және үшінші тұлғалардан қорғалады.

 

– Жүктеме артқан кезде жүйе істен шықпай ма?

 

– ҰТК жүктеме сынақтарынан өтті, архитектурасы жоғары өткізу қабілетімен жобаланған, яғни секунд сайын жүздеген сұранысты өңдеуге мүмкіндік береді.

 

– Интернет әлсіз болса не істеу керек?

 

– Кассалық техника офлайн-режимде жұмыс істей береді, сауда тоқтамайды, ал чектер берілген жерде сақталады. Байланыс қалпына келген кезде деректер автоматты түрде синхрондалады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости