RSS лента

Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғарғы көрсеткішке ие болды

  • 09.09.2024, 15:06,
  • 77
  • 0
  • Автор:
Автор фото: primeminister.kz

9 қыркүйекте Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан Республикасының ұзақмерзімді рейтингін «Тұрақты» болжамымен Baa2-ден Baa1-ге дейін көтерді. Берілген рейтинг ел тәуелсіздігі жылдарындағы ең жоғарғы көрсеткіш болып саналады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Қазақстанның кредиттік рейтингінің жоғарылауы экономиканы әртараптандырудың тұрақты қарқынымен бірге институционалды және саяси ортаның үздіксіз жақсаруымен байланысты. Бұл факторлар экономикадағы тұрақтылықты нығайтуға және кредиттік тұрақтылықты жоғары рейтингі бар елдер деңгейіне дейін жақсартуға ықпал етеді.

 

Агенттік мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы прогресті атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, жүргізіліп жатқан реформалар саяси тұрақтылыққа, азаматтық белсенділікке және қабылданып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың ашықтығына оң әсерін тиігізеді.

 

Moody's қарыздың төмен деңгейімен және оны төлеудің жоғары мүмкіндігімен сипатталатын Қазақстанның сенімді қаржылық көрсеткіштеріне, сондай-ақ бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,5-3% деңгейінде ұстап тұру бойынша Үкіметтің сарабдал саясатына назар аударды. Жаңа реформалар, соның ішінде жаңа Бюджет және Салық кодекстерін енгізу бюджет саясатының тиімділігін, қаржылық есептілікті әрі салық түсімдерін арттыруы тиіс.

 

Есепте срапшылар Қазақстан экономикасының құрылымындағы мұнайға қатысты емес сектор үлесінің артуын атап өтті, ол елдің көмірсутектерге тәуелділігін азайтады және мұнай бағасымен қатар өндіру деңгейінің ауытқуымен байланысты тәуекелдерді төмендетеді.

 

Moody's сарапшылары іскерлік климатты жақсарту мен инвестицияларды тарту, қолайлы бизнес экожүйесін құру мен бюрократиялық кедергілерді азайту бойынша қабылданған шаралар негізінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалады. Ұлттық инфрақұрылымдық инвестициялық платформаны іске қосу әкімшілік процестерді жеделдетуге көмектеседі.

 

Moody's сарапшылары басқа көмірсутектерді өндіруші елдермен салыстырғанда Қазақстан экономикасының анағұрлым күшті перспективаларын атап өтті. Агенттіктің пікірінше, жүргізіліп жатқан реформалар елдің бәсекеге қабілетін нығайтуға ықпал етеді.

 

Сонымен қатар, Moody's сарапшыларының пікірінше, көлік-логистикалық секторды дамыту Транскаспий халықаралық сауда бағыты (Орта дәліз) бойынша жүк транзиті саласындағы белсенділіктің жылдам өсуіне байланысты өсу мен әртараптандырудың негізгі факторларының бірі болып қала береді. Орта дәліздің болашағы шетелдік инвесторларды ел экономикасының мұнайға қатысты емес әртүрлі секторларға, соның ішінде автомобиль жасау, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдары салаларына тартуға мүмкіндік береді.

 

Қазақстанның кредиттік рейтингін арттыру экономикалық және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, елдің халықаралық аренадағы беделін жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ капитал нарықтарынан инвестициялар тарту шарттарына әрі экономикаға тікелей шетелдік инвестициялар көлемін ұлғайтуға оң әсер береді.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости