Министрліктің мәліметінше, қайтыс болған 46 кеншінің 21-інің қамқорлығындағыларға әлеуметтік қолдаудың келесі түрлері көрсетіледі.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы. Осы жәрдемақының мөлшері қайтыс болған адамның асырауындағы адамдардың санына қарай айқындалады және олардың ай сайынғы мөлшері 37 322 теңгеден (1 балаға) 111 560 теңгеге дейін (5 балаға) болады.
Жәрдемақының бұл түрі 8 жасқа дейінгі бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін аналарға да тағайындалды.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем.
Бұл төлемнің мөлшері қайтыс болған адамның табысы мен оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі негізінде анықталады. Төлемдер мөлшері айына 56 мың теңгеден 272 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін, ал жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленетінін естеріңізге саламыз.