RSS лента

Тамара Дүйсенова зейнетақыға қатысты мәлімдеме жасады

  • 02.10.2023, 23:43,
  • 275
  • 0
  • Автор:
Автор фото: pixabay.com

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 25 жылдығын атап өту аясында Алматыда ұйымдастырылған жоғары деңгейдегі халықаралық дөңгелек үстелдің жұмысына қатысты, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Тамара Дүйсенова өз сөзінде Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып жеке жинақ қағидаттарына негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкенін атап өтті.

 

Мәселен, бірінші кезеңде жүйеге қатысушылар табысының 10%-ын аударып отырды. Бүгінде олардың жинақтарының жалпы сомасы 16 трлн теңгеден асты. Екінші кезеңде 2005 жылдан бастап бюджеттен аударылатын базалық зейнетақы төлемдері енгізілді. Нәтижесінде мемлекет жүйенің екінші қатысушысына айналды.

 

«Биыл Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен жүйенің үшінші субъектісі пайда болды – ол жұмыс беруші. Келесі жылдан бастап олар өз қызметкерлерінің пайдасына аударымдар жасай бастайды. Осылайша, біз көп деңгейлі ұлттық зейнетақы жүйесін құрдық», — деді Тамара Дүйсенова.

 

Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, зейнетақымен қамсыздандырудың барлық мәселесі шешілген жоқ. Біріншіден, бұл демографиялық өзгерістерге қатысты. Болжам бойынша 2030 жылға қарай зейнеткерлердің саны 30%-ға артып, 3 млн-ға жетеді.

 

«Алайда жүйенің құрылғанына аз уақыт өткеніне байланысты жинақтаушы зейнетақының мөлшері айтарлықтай көп емес. Осыған байланысты Әлеуметтік кодекс аясында мемлекет есебінен зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуды көздейтін параметрлік өзгерістер қарастырылған. Осылайша, еліміз мемлекеттік жүйеден көп деңгейлі жүйеге өту кезеңінде азаматтарымызды зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілікті өз мойнына алды», — деді ол.

 

Екіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту проблемасы әлі орын алуда. Осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету үшін ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша «тәуелсіз қызметкер» ұғымы енгізілді, платформалық жұмыспен қамтуды реттеу тетіктері айқындалды, сондай-ақ микро және шағын бизнес үшін барлық әлеуметтік жарнаны біріктіретін бірыңғай төлем енгізілді.

 

«Бұл 500 мыңнан астам азаматтың еңбегін заңдастыруға және оларды әлеуметтік қамсыздандыруға, оның ішінде зейнетақыға құқық алуға мүмкіндік береді деп күтеміз», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

 

Үшіншіден, зейнетақы жинақтарының кірісі бойынша мәселелер өзекті бола түсуде. Атап айтқанда, осы мақсатта БЖЗҚ салымшыларына 1 шілдеден бастап неғұрлым жоғары инвестициялық кіріс алу мақсатында өз жинақтарының 50%-на дейін инвестициялаудың баламалы саясатын таңдау арқылы өздерінің зейнетақы жинақтарын басқаруға қатысу құқығы берілді.

 

«Қазақстан заңнамалық деңгейде БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарының сақталу кепілдігін қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді өз мойнына алған жалғыз ел екенін айта кеткен жөн. Азаматтар жинақтарды жеке басқаруға берген кезде зейнетақы жинақтарының сақталуын оларды басқаруды жүзеге асыратын компаниялар қамтамасыз ететін болады», — деді Тамара Дүйсенова.

 

Төртінші пункт ретінде Премьер-Министрдің орынбасары азаматтардың зейнетақы жүйесіне деген сенімі және жинақтау мәдениеті мәселелерін айтты. Оның айтуынша, бұл жерде барлық әлеуметтік институттың жұмысын жетілдіру қажет.

 

«Бұл ең алдымен БЖЗҚ-ға қатысты. Қорға азаматтардың зейнетақы жинақтарын өз шоттарында жинақтайтын есеп орталығы ғана болу жеткіліксіз. Ол азаматтарды зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыруға бағытталған әлеуметтік институт, сондай-ақ азаматтардың жинақтарын көбейтуге мүмкіндік беретін жоғары табысты инвестициялық стратегия болуға тиіс», — деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.

 

Дөңгелек үстел жұмысына жетекші шетелдік және қазақстандық сарапшылар қатысты. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстандағы зейнетақы активтерін басқару жүйесін дамыту кезеңдері туралы, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин Қазақстандағы қаржылық тұрақтылық пен зейнетақымен қамсыздандырудың дұрыстығы туралы, Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі (министр) Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО интеграциялық кеңістігінде зейнетақымен қамсыздандыру туралы баяндама жасады.

 

Сонымен қатар бірнеше панельдік сессия өткізілді, оның барысында қатысушылар «Халықтың қартаюы және зейнетақы реформасы», «Халықты қамту және хабардар ету», «Инвестициялық стратегиялар, тәуекелдерді басқару және қадағалау арқылы реттеу», «Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерінің болашағы: даму перспективалары мен негізгі драйверлері» сияқты өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.

 

Оған қоса конференция аясында Т. Дүйсенова Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының президенті Мохаммед Азманмен кездесті. Кездесу барысында әлемдегі әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі сын-қатерлер және зейнетақымен қамсыздандырудың ұлттық жүйелерін дамыту перспективалары талқыланды. Тараптар әлеуметтік тәуекелдерді басқару және азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға келісті.

 

Сондай-ақ вице-премьер Халықаралық еңбек ұйымының әлеуметтік қорғау саласындағы саясат жөніндегі маманы Крум Марковпен кездесу өткізді.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости