Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, бүгінгі таңда жайылымдық жерлер 183,4 млн гектарды құрайды, оның ішінде 82,4 млн га – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 63,9 млн га босалқы жерлер; 21,2 млн га елді мекендерге іргелес жерлер; 15,9 млн га басқа санаттағы жерлер (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері).
Оның айтуынша, 15 өңірде, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жеке қосалқы шаруашылықтарда мал жаю үшін жайылымдардың тапшылығы байқалады. Атап айтқанда, бұл ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7%-ға өсті, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 16%-ды құрайды.
Өткен жылы мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп (0,4 млн га). 2022 жылы тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті.
16 қаңтарда елімізде мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Ол азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар және жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға негіз болады.
Осы тақырып бойынша Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев баяндама жасады.
Премьер-Министр жайылымдық жерлермен қамтамасыз етпейінше мал шаруашылығын толыққанды дамыту мүмкін емес екенін атап өтті. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе.
«Осыған байланысты, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы Комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайтарып алынды. Оның ішінде 4,8 млн гектары – жайылымдық жерлер», – деді Әлихан Смайылов.
Бұған Мемлекет басшысының Агроөнеркәсіп саласындағы микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін Жарлығы ерекше серпін берді.
«Осы жылы тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарлануда. Бұл орайда, елді мекендердің маңында орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының жерлерін қайтарып алу маңызды. Оларды қоғамдық пайдалануға немесе жеке қосалқы шаруашылық кооперативтеріне беру қажет. Қолданыстағы заң бұған мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов жайылым жерлерді ауылдан сырт жаққа көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту және шалғайдағы жерлерді сумен қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
«Жер қоры шектеулі аудандарда әкімдіктер жеке қожалықтарды кооперативтерге біріктіріп, малды қолда ұстау мәселесін пысықтауы тиіс. Жалпы өңір әкімдері жайылым мәселесін, оның ішінде қайтарылған жерлерді бөлуді ерекше бақылауда ұстауы қажет», – деді ол.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр ғарыштық мониторингті қолдана отырып, бос жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлердің бар-жоғына бағалау жүргізу керек екенін айтты. Ол үшін жерді ұтымды пайдалану мониторингінің «JerInSpectr» платформасын енгізу жұмыстарын, сондай-ақ жерді пайдалану процестеріне бақылауды күшейту қажет.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, ҚР Жер балансына сәйкес жайылымдық жерлер 183,4 млн га құрайды, оның ішінде:
– 82,4 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер;
– 63,9 млн гектар босалқы жерлер;
– 21,2 млн гектар елді мекендерге іргелес жерлер;
– 15,9 млн гектар басқа санаттағы жерлер (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері).
Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген талдау мен әкімдіктердің деректеріне сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жайылатын 5,7 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар. Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормативтері бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың малдарын жаю үшін қосымша 8,9 млн гектар жайылым қажет.
Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Мысалы, соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7%-ға өсті. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16%-ды құрады. Сонымен қатар ұйымдасқан шаруашылықтарда 5,9 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар, яғни жайылымдардың есептік резерві 30,4 млн гектарды құрауы мүмкін.
Республиканың 17 облысының ішінен жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы үшін 15 облыста жайылымдардың тапшылығы байқалады, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында.
«Жайылымдардың жетіспеушілігі орын алып отырған уақытта елдің жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері бірінші орында тұруы тиіс. Осыған байланысты, өткен жылы мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. Аталған көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп», — деді Е. Қарашөкеев.
Ведомство басшысы осы жұмыстың маңызды аспектісі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 9 тамыздағы жер қатынастары саласындағы тексерулерге мораторийді алып тастауы, сондай-ақ жерлерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдірудегі жұмыстар екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының 2023 жылдың соңына дейін қосымша 5 млн гектар пайдаланылмайтын жерлерге қатысты шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындауға кірісті.
Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ғарыштық мониторинг деректері негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша 2023 жылға арналған жоспарды әзірледі және осы жоспарды аудандар бөлінісінде облыстар бекітті.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп осыы жылдың 16 қаңтарында мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисті әзірлеп, іске қосты. Осылайша, жалпыға қолжетімді интерактивті карта азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар болады. Және де жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысу үшін тұрғындарды қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге негіз болады.
Сонымен қатар интерактивті картаны енгізу айтарлықтай дәрежеде әлеуметтік әсер береді, жер учаскелеріне қатысты алаяқтық процестерді азайтады және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша мемлекеттік аппараттың жүргізіп жатқан жұмысына халықтың бағасын алуға оң әсер етеді деп күтілуде.
«Жергілікті халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында кешенді шаралар қабылдау қажет. Бүгінгі таңда жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерге деген немқұрайлықтарынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 млн гектардан асады, оның 29,3 млн гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп жердің одан әрі тозуын болдырмау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жемшөп алқаптарын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізілуде», — деді Е. қарашөкеев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдан бастап 205,4 млн гектар алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жүргізілді, бұл республиканың 272,5 млн га аумағының 75%-ын құрады. Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрлерін қамтиды, контурлар, жол желісі, гидрография, инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтермен толтырылып, жергілікті халықтың жайылымдарға байланысты проблемалық мәселелерін шешу үшін жерлердің жемшөп сыйымдылығы туралы ақпаратты қамтитын болады.
«Қажетті ақпарат көлемі бар цифрлық ауыл шаруашылығы картасы 2024 жылдың соңында аяқталады және ауыл шаруашылығы жерлерін одан әрі қайта бөлуге мониторинг жүргізу үшін негіз болады», — деді ауыл шаруашылығы министрі.
Жергілікті атқарушы органдар жергілікті халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін жайылымдармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңы шеңберінде ұйымдасқан шаруашылықтардың жүктелмеген жайылымдарын қайта бөлуге бағытталған 1 немесе 2 жыл мерзімге Жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды әзірлеуде және бекітеді.
Бүгінгі таңда жоспарланған 188 Жайылымды басқару жоспарының 148-нің күші бар. Осылайша, қазіргі уақытта Жайылымдарды басқару бойынша 40 жоспардың мерзімі аяқталып, оларды қайта бекіту бойынша әкімдіктермен жұмыстар жүргізілуде.
Халықты жеке ауладағы жайылымдық жерлермен қанағаттандыру мақсатында 2022 жылы жергілікті атқарушы органдар мынадай шаралар қабылдады:
- іргелес жатқан босалқы жерлерді елді мекендердің жерлеріне қосу арқылы жалпы алаңы 421,2 мың гектар елді мекендердің шекаралары кеңейтілді;
- босалқы жерлерден 2,4 млн гектар жергілікті халыққа қайта бөлінді;
- 22,7 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын жайылымға трансформациялау жүзеге асырылды;
- 325,5 мың гектар халықтың жайылымдардағы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін алып қойылды;
- 1,2 млн гектар жер резервке қойылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бойынша жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі Заң жобасы әзірленді, ол қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында және ағымдағы жылдың 18 қаңтарында екінші оқылымға шығарылады.
Заң жобасы бірқатар елеулі түзетулер енгізуді көздейді, мәселен:
– жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту;
– меншігінде жайылымдық және шабындық алқаптары бар адамдардың елді мекендердің жерлерінде заңсыз шөп шабу және мал жаюы мәселесі бойынша жауапкершіліктерін белгілеуі және т. б.
Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі осы түзетулерді осыжылдың 1 жарты жылдығына дейін қабылдау үшін барынша күш салуда.
Жалпы республика бойынша ауыл тұрғындарының мал басын жайылымдармен қамтамасыз етуде оң динамика байқалады.
Соңғы 2 жылда прокуратура органдарымен және әкімдіктермен бірлесіп атқарылған шаралар, жергілікті тұрғындардың жайылым тапшылығын 8,9 млн гектарға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрінің пікірінше, әкімдіктерге:
- осы бағыттағы жұмысты күшейту және қалыптасқан әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жөнінде пәрменді шаралар қабылдау;
- Жайылымдарды басқару бойынша 40 жоспарды бекіту жұмыстарын жеделдету және оларды жергілікті жерлерде сапалы іске асыруды қамтамасыз ету;
- жердің одан әрі тозуын болдырмау үшін, оның ішінде біржылдық және көпжылдық дақылдарды егу арқылы жайылымдарды түбегейлі және үстірт жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізу;
- жайылымдық инфрақұрылым объектілерін дамыту және реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыстың республиканың аграрлық өңіріне жататынын айтты. Осы орайда, «Жайылымдар туралы» ҚР Заңының талаптарын орындау облыс үшін өзекті мәселенің бірі болып табылады. Өңірде 3,5 млн бастан асатын ауыл шаруашылығы жануарлары бар, олардың 1,3 млн басы жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Облыстың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым жерлерінің жалпы ауданы 3,7 млн га құрайды.
«Халықтың және шаруашылықтардың қолда бар мал басын ескере отырып, жайылымдардың тапшылығы бойынша талдау жүргізілді. Ауыл шаруашылығы жануарларының қолда бар мал басын ескере отырып, жеке аулаларда 1 407,2 мың га жайылымдық жерге тапшылық бар», — деді облыс әкімі.
Осы қажеттілікті жою мақсатында жергілікті атқарушы органдармен келесі жұмыстар жүргізілуде.
2022 жылы пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 112 мың га жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар елді мекендерге ерікті түрде қайтарылған жалпы көлемі 585,0 мың га жайылымдар қосымша бекітіліп берілді. Бұдан бөлек, жер қорында 979,5 мың га, орман қоры жерінде 429,4 мың га жайылымдық жерлер бар.
«Атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша халықтың жайылымдарға мұқтажы толығымен қанағаттандырылды (Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандары және Қонаев қаласы). Қарасай, Іле және Талғар аудандары халқының жайылымдарға мұқтажын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатын болады», — деді облыс әкімі.
Жайылымдарды ұтымды пайдалану, азыққа қажеттілікті тұрақты қамтамасыз ету және жайылымдардың тозу процестерін болдырмау мақсатында Жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту жөніндегі жоспар қабылданды.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 1 қала мен 8 ауданның 2023-2024 жылдарға арналған жайлымдарды басқару және оларды пайдалану туралы жоспарлары бекітілді.
Халықтың жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін жайылымдық жерлерге мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатында аудан және қала әкімдіктерімен мемлекет мұқтажы үшін 78,2 мың га жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын жайылымдық алқаптарды қайтару туралы тапсырмасын орындау үшін қазіргі уақытта 285,5 мың га жайылымдық алқаптарды пайдаланбауына байланысты мемлекет меншігіне қайтару бойынша жер ресурстарын басқару департаментімен жұмыстар жүргізілуде.
Өз кезегінде Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев өңірдің жер көлемі 11 млн 846 мың гектарды құрайтынын айтты, бұл жерлердің 4 млн 634 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, оның ішінде 3 млн 847 мың га жайылымдық. Облыс бойынша 358 елді мекен тұрғындарының ауладағы жануарларын жаю үшін барлығы 719,4 мың га жайылымдық алқап бекітілген.
Қазіргі таңда, алдын ала есеп бойынша бұған қосымша 688 мың гектар жайылымға қажеттілік бар. Бүгінгі күні бұл қажеттілікті нақтылау мақсатында елді мекендер бойынша аналық мал басына түгендеу жүргізілуде.
Сонымен қатар аэроғарыштық зеттеулер арқылы анықталған пайдаланылмай жатқан 857,2 мың га ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің 2022 жылы мемлекет меншігіне қайтарылғаны 128,5 мың гектар, оның ішінде 121,3 мың га жайылымдық алқаптар. Ауыл маңына жақын орналасқан алқаптар картаға енгізіліп, халық мұқтажы үшін берілетін болады.
Жайылымдық басқару жоспарларына сәйкес, халық мұқтажын қанағаттандыру үшін сыртқы және ішкі шекаралары белгіленген жайылымдардың карталары әзірленді. Картаға түскен жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарылады және заңды тұлғаларға берілмей, ауыл тұрғындарының малын жаю үшін бекітілетін болады. Халықтың жайылымдық жерге деген сұранысын қанағаттандыру мәселесі тұрақты бақылауда.
Қазақстанда мемлекеттік меншікке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы іске қосылды, оны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірледі jerkarta.gharysh.kz геосервисінде бұған дейін игерілмеген, заңсыз беріліп, мемлекетке қайтарылған учаскелер туралы барлық ақпарат орналастырылған.
Интерактивті карта азаматтарға кез келген уақытта қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері бойынша мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді және осы учаскелерді алу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға өтініш беру үшін бағдар болады. Бұл жылдар бойы пайдаланылмаған ауылшаруашылық жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ тұрғындарды ауыл шаруашылығы үшін қажетті алаңдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні облыстар мен аудандар бөлінісінде инфографиканы әзірлеу, сондай-ақ порталдың интерфейсін толтыру процесі аяқталып жатыр.
Интерактивті картаны енгізу қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу бойынша жұмысты ашық әрі айқын етеді. Учаскелерді қайта бөлудің одан әрі мониторингін аумақтық жер ресурстарын басқару жөніндегі департаменттер, әкімдіктер мен прокуратура қызметкерлері қол жеткізе алатын жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры платформасында жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қайта бөлу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін конкурстарды өткізу модулін Электрондық сауда алаңының базасында іске асыру ұсынылады. Қазіргі уақытта заңнамаға сәйкес, жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурс қағаз жүзінде өткізіледі.