Отырыста ашқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Б.Кесебаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында теңгерімді және коммерциялық жағынан тартымды газ нарығын қалыптастыру қажеттігін ерекше атап өткенін айтты.


Вице-спикердің пікірінше, Парламент депутаттары мұнай-газ саласын дамыту мәселелерін бірнеше рет көтеріп жүр.


- Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты газ саласының ағымдағы жай-күйін талдау, осы саладағы өңірлерді газбен қамтамасыз етудегі негізгі проблемалар мен тәуекелдерді айқындау, оларды шешу жөнінде шаралар мен ұсынымдар әзірлеу, – деді Б.Кесебаева.


Отырыста Энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздің газ саласын дамыту перспективалары бойынша қысқаша пайымдау мен жаңа тәсілдері туралы баяндама жасады. Министрдің айтуынша, газ қоры бойынша Қазақстан әлемде 22-ші орында, ал ТМД елдерінің арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында. Табиғи газды кеңінен қолдану мүмкіндігін ескере отырып, әлемдік экономикада оның маңызы зор.


- Ел ішінде газ тұтыну тұрақты түрде өсуде. 2017 жылдан бастап 2021 жылды қоса алған кезеңде тұтыну 13,8-ден 18,6 млрд. м3-ге дейін 4,8 млрд.м3-ге өсті. Газ тұтыну өсімі шамамен 35% немесе жыл сайын орта есеппен 7%-ды құрады. Сонымен бірге, елдегі газ саласын дамытудың негізгі тежеуші факторы бағаны тежеу саясаты болып табылады. Осыған байланысты 2025 жылға қарай отандық газдың тапшылығы және импорттық ресурстарға тәуелділік туындауы мүмкін, – деді.


Министр атап өткендей, елдің ішкі нарығын газбен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылы ұлттық оператор институты енгізілді, оған мұнай кен орындарында өндірілетін газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығы берілген.


Ұлттық оператор – «QazaqGaz» ҰК тауарлық газдың көтерме саудасын және сатып алу бағасы мен магистральдық тасымалдау тарифтерін негізге ала отырып, бірыңғай газбен жабдықтау жүйесі арқылы газды бөлуді бірыңғай диспетчерлеуді жүзеге асырады.

- Бұл схема мемлекеттік органдарға газдың бағасын ұстап тұруға және ішкі нарықта тұрақты газбен жабдықтауды қолдауға мүмкіндік береді, – деді министр.


Бұл ретте, көтерме сауда ұлттық оператор үшін залалды болып табылады, ол экспортық түсімдерге тікелей байланысты және содан субсидияланады. Мәселен, 2015-2021 жылдарда ұлттық оператор ішкі нарыққа 587 млрд. теңге субсидиялады.


Газдандыруды дамыту жағдайында ұлттық оператордың шығындары тұтынудың, оның ішінде газға нарықтық бағаны төлеуге қабілетті жаңа коммерциялық тұтынушылардың өсуімен жыл сайын ұлғаюда. Сонымен қатар министр атап өткендей, министрлік Үкіметке 2024 жылға дейін жер қойнауын пайдаланушылардан сатып алу бағаларын тоқтату жөнінде ұсыныс енгізді.


Бұл шара елдің әлеуметтік осал азаматтары үшін тауарлық газға шекті көтерме сауда бағаларын тежеп тұруға ықпал ететін болады.

Өз кезегінде «QazaqGaz» ҰК Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов мұнай өндіруші компаниялар үшін ағымдағы бағалар кезінде газ өндіруге қызығушылық жоқ екенін және газ өндірудің тартымдылығын арттыру үшін әділ баға ұсыну қажет екенін атап өтті.

Үкімет сағаты барысында депутаттар газ тасымалдау инфрақұрылымының тозуына, өңірлерді газдандырудың төмен деңгейіне, газ саласын басқару жүйесін реформалау қажеттілігіне және тағы басқа мәселелерді көтерді.


Талқылау қорытындысы бойынша барлық мүдделі тараптардың ұсыныстарын ескере отырып, тиісті ұсынымдар әзірленетін болады.