AtyrauPress редакциясы хабарлағандай, Құрманғазы ауданына қарасты Шағырлы ауылында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сағатына 60 шақырым жылдамдықты шектеу белгісі орнатылған. Алайда кейбір жүргізушілер аталған жол белгісін елемей, белгіленген жылдамдықтан асырып өтетін жағдайлар кездеседі.
Өкінішке қарай, дәл осы аумақта өткен жылы жылдамдықты сақтамаудың салдарынан 6 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жолда бір минут ертерек жетемін деп асығу ештеңені шешпейді. Ал жол қауіпсіздігін сақтамау адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
"Құрметті көлік жүргізушілері! Бұл жол учаскесінде адамдардың қозғалысы бар, сондай-ақ ірі қара малдың да жолдан өтуі жиі кездеседі. Сондықтан жол белгілеріне мұқият болып, белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауларыңызды сұраймыз. Әрбір жүргізуші жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өз өміріңіз бен өзгенің өміріне бейжай қарамаңыз. Жолдағы қауіпсіздік – баршамызға ортақ жауапкершілік!" дейді жол сақшылары.

