Биыл 31 шілдеде Құрманғазы ауданы әкімінің №16 шешімімен аудан аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл шешімнің қабылдануына себеп болған негізгі фактор – аудан аумағындағы гидрологиялық жағдайдың күрт нашарлауы. Атап айтқанда, Қиғаш және Шарон өзендері мен олардың арналарының, сондай-ақ Каспий теңізінің теңіз бөлігінің жыл санап таяздануы өңірдегі экологиялық және шаруашылық ахуалды күрделендіріп отыр.
Қазіргі таңда Қиғаш өзенінің жалпы ұзындығы 158 шақырымды, ал Шарон өзені 106 шақырымды құрайды. Алайда бұл табиғи су арналарында су деңгейінің төмендеуі – балық шаруашылығына ғана емес, ауыл және мал шаруашылығына да айтарлықтай кері әсер етуде. Жыл сайын кәсіптік балық аулау көлемі азайып келеді. Бағалы балық түрлерінің уылдырық шашу орындарына жетуі қиындап, балық шаруашылығы субъектілерінен аудан әкімдігіне көптеген шағымдар түсуде.
Су тапшылығы ауыл шаруашылығы алқаптарын да айналып өтпеді. Арналар мен каналдар арқылы су шығару көлемінің азаюы салдарынан егістік пен жайылымдық жерлер сусыз қалуда. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығының өнімділігіне де ықпалын тигізіп отыр. Әсіресе жаз мезгілінде қуаңшылық жағдайында су тапшылығы ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселеге айналған.
Осы күрделі ахуалды тұрақтандыру мақсатында Құрманғазы ауданы әкімдігі жанынан төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штаб құрылды. Қазіргі уақытта төтенше жағдайды жоюға бағытталған нақты іс-шаралар жоспары бекітіліп, қажетті техникалық ресурстар мен бюджет қаражаттарын есептеу жұмыстары жүргізілуде.
Қиғаш және Шарон өзендерінің ұзындығы 128 км болатын канал-балық жүретін арналарын тереңдету көзделуде (Татар-Телячье – 15,6 км, Көкарна (Нұржау ауылы) – 15,397 км, Ягодный – 6,047 км, Тухлый – 9,963 км, Қызылжар – 12,941 км, Бұзаусылан – 4,509 км, Сурхан (Жұмекен ауылы) – 20,12 км, Сурхан (Алға ауылы) – 3,473 км, Көкарна (Мақаш ауылы) – 7,775 км, Қадыр – 15,848 км, Көнеу – 7,1 км, Бакланное – 0,731 км, Иголкин – 9,15 км).
Сонымен қатар, Каспий теңізінің теңіз бөлігінде Жаркоса (5,293 км) және Ганюшкин (5,509 км) каналдарын, жалпы ұзындығы 10,8 шақырымды құрайтын бөлігін тереңдету жоспарланып отыр.
Бұл шаралар тек балық шаруашылығы мен су көлігі үшін ғана емес, сонымен қатар іргелес елді мекендерді көктемгі және күзгі су тасқыны кезінде су басу қаупінен қорғауға да бағытталған. Яғни, арналар мен каналдарды тереңдету су өткізу қабілетін арттырып, табиғи апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Гидрометеорологиялық бақылаулар да су деңгейінің төмендегенін айғақтайды. Қазгидрометтің мәліметтеріне сәйкес, Қиғаш-Шортанбай гидробекеті бойынша 2024 жылы су деңгейінің ең жоғарғы көрсеткіші 379 см болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 338 см-ге дейін төмендеген. Ағымдағы жылдың соңына қарай бұл деңгей 150 см шамасында тіркеліп отыр. Тереңдік бойынша да өзгерістер байқалады: 2024 жылы орташа тереңдік 3,34 см болса, 2025 жылы ол 3,35 см деңгейінде қалды, алайда ең үлкен тереңдік 6,80 см-ден 6,29 см-ге дейін азайған.
Шароновка-Ганюшкино гидробекетінде де ұқсас жағдай байқалады. 2024 жылы бұл аралықта су деңгейінің ең жоғары көрсеткіші 243 см болса, 2025 жылы ол 222 см-ге төмендеген. Қазіргі деңгей – 87 см. Орташа тереңдік 2024 жылы 0,79 см болса, 2025 жылы 0,68 см-ге дейін азайған.
Аталған деректер мен жағдайлар Құрманғазы ауданында су ресурстарының тапшылығы барған сайын өзекті әрі күрделі проблемаға айналып келе жатқанын көрсетеді. Табиғи су жүйелерінің жағдайын жақсарту, экожүйенің тепе-теңдігін сақтау және тұрғындардың тіршілік көздерін қорғау мақсатында қолға алынған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып, тиісті деңгейде жалғасуы тиіс.
Қазіргі таңдағы басты міндет – табиғи ресурстарды тиімді пайдалана отырып, аудандағы су тапшылығы мәселесін шешу және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Өз кезегінде Құрманғазы ауданы әкімдігі бұл бағытта барлық қажетті шараларды қабылдап, жағдайды тұрақтандыру жолында нақты қадамдар жасауда.