ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы ОКҚ брифингінде осы жобаларға тоқталды. Олардың арасында Шығыс Қазақстан облысында іске қосылып жатқан жылына 169 000 тонна өсімдік майын өндіретін «ALTAI MAI» ЖШС май зауыты бар. Бұл жобаның құны – 26,4 млрд теңге. Сондай-ақ, вице-министр Жамбыл облысындағы жылына 25 000 тонна өнім өндіретін «Алель Агро» АҚ құс фабрикасын іске қосу жоспарда бар екенін ерекше атап өтті. Жобаның құны – 14 млрд теңге.
Сонымен қатар Министрлік ағымдағы жылы мына жобалар бойынша инвестициялық келісімдерге қол қою мүмкіндігін пысықтауда:
- «Fufeng Group» компаниясымен «Жүгеріні терең өңдейтін тік интеграцияланған өнеркәсіптік парк салу» жобасы, қуаты жылына 1 млн тонна, құны 350 млн АҚШ доллары;
- Америкалық «PepsiCo» компаниясымен Алматы облысында «Тұзды тіскебасарлар шығаратын зауыт құрылысы» жобасы, қуаттылығы 210 мың тонна, 70 мың тонна дайын өнім, құны 370 млн АҚШ доллары;
- Венгриялық «UBM Group» компаниясымен бірнеше облыста құрама жем зауыттарын салу жоспарланған. Әр жобаның қуаттылығы 48 мың тонна премикс, 300 мың тонна құрама жем, жалпы құны 62 млн АҚШ доллары;
- Қытайлық «Dalian Hesheng Holdings Group» компаниясымен бірге «Дәнді дақылдарды терең өңдеу зауытын салу» жобасы;
- Түркиялық «Tiryaki Holding» компаниясы – Астана қаласында «Дәнді және бұршақты дақылдарды терең өңдеуге арналған агроөнеркәсіптік кешен салу» жобасы;
- Дат компаниясы «Carlsberg Group» – Алматы облысында «Алкогольсіз сусындар өндіру» жобасы, құны 300 млн АҚШ доллары.
Вице-министрдің айтуынша, АӨК саласына инвестиция тарту жұмысы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып әрі қарай жалғасын табады.