Армия үйінің аумағында орналасатын мұражай 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы мемориалдық кешеннің бір бөлігі болмақ. Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова басқаратын Ұлттық әскери-патриоттық орталық пен Жауынгерлік даңқ мұражайының филиалы орналасқан Армия үйінде де қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттың концерттік және мәрмәр залдары, сондай-ақ Жауынгерлік даңқ мұражайы күрделі жөндеуден өтуде. Онда офицерлер клубы мен балаларға арналған әскери-патриоттық фильмдер түсіретін кинопавильон ашылады.
Ғимаратты қайта қалпына келтірудегі басты ерекшеліктердің бірі ашық аспан астындағы жауынгерлік техника мұражайын ашу болмақ. Мұражай экспозициясын Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қару-жарақтың 30-ға жуық үлгісі құрайды. Ең құнды экспонаттардың қатарында 1931 жылғы 152 мм гаубица бар.
Сонымен қатар Қалдаяқов көшесінде жастардың патриоттық тәрбиесіндегі заманауи тәсілдерді бейнелейтін жаңа барельеф орнатылды.