Ақмола облысы, Щучье қаласында 1928 жылы салынған апатты ғимараттағы 11 пәтер иесі 2013 жылы баспана кезегінде тұрған болатын. Тексеру актісімен үйдің техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылып, бұзу шараларын қолдану ұсынылған. Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлім еткендей, 2014 жылы Тұрғын үй комиссиясының шешімімен аталған пәтерлердің барлық тұрғындары үй салынғанға дейін жекешелендіру құқығынсыз тұрғын үйге көшіріліп, 2020 жылы оларға пәтер берілуіне байланысты есептен шығарылған. Осыған байланысты олардың барлығы аудан әкімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне баспана беруге мәжбүрлеу талабымен олардың әрекеті мен әрекетсіздігін даулап, сотқа шағым түсірген.
Ақмола облыстық соты істі Жоғарғы Сот жаңадан қарауға жібергеннен кейін бірінші сатыдағы сот қағидаты бойынша қарады.
Апелляция істі қарап, аудан әкімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі әрекетсіздікке жол бере отырып, талап қоюшылардың құқықтарын бұзғаны анықталды:
- әкім талап қоюшыларды қоныстандырған, бірақ реквизициялау және бұзу мәселелерін шешпеген, үйді қауіпті деп тану туралы шешім қабылдамаған, ал бұл шешім көшіру алдында болуы керек еді және мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асырмаған;
- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен берілген пәтерлердің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі мәселесі шешілмеген.
Осыған байланысты талап қоюлар ішінара қанағаттандырылды: аудан әкімінің және ТҮКШ бөлімінің әрекетсіздігі заңсыз деп танылды. Сот аудан әкіміне тұрғын үйді қауіпті деп тану рәсімін аяқтауды, тұрғын үй құрылысы мен жер телімін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асыруды, бұл ретте талап қоюшылардың тең көлемдегі пәтерлерді беру жөніндегі 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Тұжырымдамаға сәйкес құқықтарын сақтауды міндеттеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне пәтерлердің санитарлық, қала құрылысы және техникалық талаптарға сәйкестігін тексеру міндеті жүктелді. Талап қоюлардың қалған бөлігі қабылданбады.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.