Марқұм жасөспірімнің әпкесі Қымбат Набидуллина KAZ.NUR.KZ тілшісіне қайғылы жағдайға қатысты өз ойын айтты.
Әпкесінің сөзінше, қайғылы жағдай болған 3 маусым күні Даулет сыныптастарымен көшеде қыдырып жүрген. Сол кезде өзінен екі жас үлкен ауылдасына жолығып қалады. Ол "шақырғанда келмедің, ауламның шөбін жұлуға көмектеспедің" деп жасөспірімді ауыл сыртына алып кеткен дейді.
"Жолдан інімнің досын да көлікке салып алып, оларды ауылдан екі километр жерге апарған, қасында күдіктінің тағы үш досы болған. Ауыл сыртында інімді соққыға жыққан, досын да ұрған. Кейін інімнің әлі кетіп, талып жатқан кезінде ұрған бала жедел-жәрдем шақырған. Алайда оқиға орнына жедел жәрдем келмей, олар өз автокөлігімен Махамбет аудандық ауруханасына алып шыққан. Інімнің досының айтуынша, бала ауылға кіргенге дейін тірі болған. Кіреберістегі жаяу жүргіншілер жолағынан өткен кезде жүріп кеткен", - дейді Қымбат Набидуллина.
Бала ауруханаға түнгі 00:20 шамасында түскен. Алайда оның денесін Атырау қаласына экспертизаға тек таңертең 06:30 шамасында жеткізген. Қазір тергеу-амалдары жүргізілуде. Бірақ туыстарының оған көңілі толмай отыр. Күдіктіге бірнеше бап бойынша айып тағылуы керек дейді олар.
"Жаназасы оқылып, жерленді. Бірақ тергеуші үйге де келмеді, біздің отбасы мүшелерінің ешқайсысымен әлі де тілдеспеді. Бұл абайсызда емес, қасақана жасалған іс деп есептейміз. Біріншіден, көшеде жүрген жерінен ауылдың сыртына алып кетуге ол жігіттің қандай құқы бар? Осының бәрі ескерілуі керек. Тергеу процесі әділетті өтуіне барымызды саламыз. Қылмыскер тиісті жазасын алуға тиіс", - дейді Дәулеттің әпкесі.
Дәулет үйіндегі бес баланың ортаншысы екен. Биыл мектеп бітіріп, спорт факультетіне түсуге дайындалып жүрген көрінеді. Одан бөлек ауылдағы белсенді жастардың бірі болған. Волейбол, футболдан аудандық, облыстық турнирлердің чемпионы, үнемі ауылдағы шараларды сахналарда жүргізетін, көшбасшы еді, мектепте ұл балалар арасында президент болды дейді туыстары.
"Өзі бетке ұстар бала еді. Бір сәтте әке-шешесі перзентінен, біз бауырымыздан айырылып қалдық. Өзінің денсаулығында кінәрат болды деп істі жылы жапқысы келетіндер көп. Бұрыннан ауруы болса ол спортпен қалай айналысады? Спортты жаны сүйетін. Ешқашан денсаулығына шағымданған емес. Тепсе темір үзетіндей жігіт еді", - дейді ол.
Марқұмның туыстары іс бұрмаланып, жылы жабылып кете ме деп алаңдаулы. Олар тергеу амалдарының шынайы, ашық өтуін талап етуде.