Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, аталған хабарлама бойынша дереу анықтап-тексеру және эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнына құзырлы құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылды. Жүргізілген жедел әрекет нәтижесінде ғимараттан ешқандай жарылғыш зат анықталған жоқ. Жалған хабарлама беру дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.
«Жағдайды анықтауға біздің департаменттен алты қызметкер мен бір техника, апаттар медицинасы орталығынан үш қызметкер мен бір техника жұмылдырылды. Өрт болып жатқан жоқ. Алаңдауға ешқандай негіз жоқ» деп толықтырды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Өз кезегінде облыстық білім беру басқармасы алгоритм бойынша барлық шаралар жасалғанын жеткізді. Ал, мектеп әкімшілігі ата-аналарды алаңдамауға шақырды.
«Құрметті оқушылар, ата-аналар және барша атыраулықтар! Мектебімізге жарылғаш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама келген болатын. Барлық алгоритмге сәйкес мектептің барлық оқушылары, ұстаздары, техникалық қызметкерлері жедел эвакуацияланды. Ешқандай алаңдауға негіз жоқ. Жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273 бабына сәйкес жауапкершілікке әкеліп соғатынын ескертеміз» делінген хабарламада.
Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау дерегі бойынша бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.