Өзін Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің есепшісі Лиза Укешова деп таныстырған куәгер іске қатысты білгенін айтты.
"16 желтоқсанға дейін Атырауға Абай ескерткіші әкелініп, ашылуы керек болды. Сол бойынша 3 қараша күні «Балқыту» ЖШС-не 20 пайыз қаржыны аударған едім. Сірә, осы мекеменің директоры болса керек, Адамов деген азамат телефон соқты. Ол бұл жұмыстың басшылықтың келісімімен жасалып жатқанын айтып, ақшаны толық аударуымды сұрады. Ақылбек Рысқалиев те: «Мен ескерткішті көзбен көріп келдім. Бәрі дайын, уайымдамаңыздар. Құжаттарырының бәрін алып келдім, өзімде» деді. Сол бойынша келісімшарт жасалды, ал заңдылыққа сай аударған қаржыға көңілі толмаған Адамов телефон арқылы хабарласып: «Неге сен 20 пайыз аударасың, Мен оған қалай жұмыс жасаймын» деді. Мен қаржының қалғанын жұмыс жасалғаннан кейін аударатынымды ескерттім. Бірақ, оған көнбеген тапсырыс алушы ескерткішті әкеліп беруге 50 пайызға келісіп отырғанын айтып, дегенінен қайтпады. Одан кейін «облыстық мәдениет басқармасынанмын» деп бір жігіт телефон шалды. «Неге келісімшартты кешіктіріп жатырсыз. Бұл - облыстан бөлінген қаржы. Біз облыстан бөліп, сіздерге салып отырмыз» деді ол және тез арада бұл жұмысты бітіруім керектігін, өйткені айтылған уақытта ескерткіштің келуі қажеттігін атады.
Б.Хаменованың адвокаты куәгерден «Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының тікелей міндетіндегі жұмысқа олыстық мәдениет басқармасы басшысының араласуы себебін сұрамадыңыз ба?» деп сұрады.
- Ол сұрақты қойдым. Ақылбек Рысқалиев бізге дейін қалалық мәдениет бөлімінде басшы болып қызмет атқарды. Ал, ескерткіштің хаттамасы - 2018 жылдан бері қарай бізге дейін шешіліп, дайын тұрған нәрсе. Бізге ақша бөлінді де келісімшартқа отырдық. Жоғарыда айтқанымдай, Ақылбек Рысқалиев бұған қаржы облыстық бюджеттен бөлінді деген еді, - деді куәгер. Сондай-ақ, ол Бақытгүл Хаменованың тарапынан немесе оның атынан келісімшарт пен аударылатын қаржыға қатысты киліккене ешкімнің болмағанын айтты. Сотта куәгер мен Ақылбек Рысқалиевтың арасындағы әңгіменің аудиожазбасы туралы да сөз болды. Бұл жазбада Ақылбек Рысқалиев: «Ескерткіш дайын тұр. Мен құжаттарды алып келе жатырмын» деген және онда ешқандай бұйыру немесе қысым көрсету болмаған.
«Тапсырыс қабылдаушы қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі болғандықтан, оны қаржыландыру да, келісімшартқа отыру да сол мекеме арқылы жүзеге асатынын ескерттіңіз бе?» деген сауалға «Иә- деп жауап берді Лиза Укешова. Алайда сол кезде «Балқыту» ЖШС жетекшісі есепшіге телефон арқылы дауыс көтеріп, бәрі облыстық әкімшілікпен келісіліп тұрған жұмыс екенін айтқан. Қысқасы, есепшінің 72 млн 500 мың теңгені аударғаны белгілі болды. Сот жалғасып жатыр. Келесі отырыс қыркүйек айының 5-і күні өтеді.
Еске сала кетейік, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.