"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің күшеюіне байланысты терең алаңдаушылық білдіреді, - дейді Біз барлық қатысушы тараптарды сабырлылық танытып, бейбіт тұрғындардың қазасы мен өңірде кең ауқымды соғысқа ұласуы ықтимал жағдайдың одан әрі нашарлауына жол бермеу үшін күш қолданудан бас тартуға шақырамыз.
Осыған байланысты келіспеушіліктерді реттеуді БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттары шеңберінде тек қана саяси-дипломатиялық жолмен жедел шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтеміз.
Қазақстан халықаралық қауымдастықтың ахуалды тұрақтандыруға және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларын тұрақты қолдайтынын растайды.
Ал енді Таяу Шығыс елдеріндегі Қазақстан азаматтарымен жағдай бойынша ақпарат беруге көшейік.
Шетелде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау – Сыртқы істер министрлігі үшін негізгі басымдық. Біз отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз және кез келген жағдайда барлық қолдау көрсетеміз.
Өздеріңіз білетіндей, соңғы бірнеше айда Таяу Шығыстағы жағдай айтарлықтай шиеленісті, осыған байланысты Израиль, Иран және Ливандағы қазақстандық дипломаттар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Осы елдердегі ҚР азаматтарымен байланыс арналары құрылды, олармен тұрақты байланыс сақталуда және қандайда да бір елдегі жағдайдың өзгеруіне байланысты қажетті ұсыныстар беріледі. Елшіліктеріміз әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты елден кету қажеттілігін бірнеше рет жариялаған болатын
Консулдық есепте тұрған азаматтардың тізімі тұрақты негізде өзектендіріледі. Осылайша, бүгінде Израильде консулдық есепте 120, Иранда – 102, Ливанда – 139 Қазақстан азаматы, оның ішінде дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері бар.
Көптеген азаматтар консулдық есепке тұрмайтынына назар аударғымыз келеді. Осыған байланысты байланыс орнату және Қазақстан азаматтарының тізімін дайындау біраз уақытты алады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның барлық азаматтарын болу елдерде консулдық есепке тұруға шақырамыз.
Сондай-ақ қазіргі уақытта Израильде, Иранда және Ливанда тұратын Қазақстан азаматтарынан аса қажеттілік болмаса тұрып жатқан жерлерінен шықпауды, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, сақтық пен қырағылық танытуды, жаңалықтар қадағалауды және биліктің ұсынымдарын орындауды, сондай-ақ Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен аталған елдердегі Қазақстанның елшіліктерімен байланыста болуын сұраймыз.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде және Израильдегі, Ирандағы және Ливандағы шетелдік мекемелерінде жедел желілер ашылды, бұл туралы ақпарат Сыртқы істер министрлігінің және елшіліктердің ресми ресурстары мен әлеуметтік желілерінде осы брифингтен кейін бірден жарияланатын болады.
Сонымен қатар СІМ-де арнайы штаб құрылып, ол қазақстандықтарға қажетті көмекті ұйымдастыру бойынша барлық жұмысты жедел түрде үйлестіреді.
Қазақстанның Израильдегі, Ирандағы және Ливандағы елшіліктері де осы елдердің уәкілетті органдарымен тұрақты байланыста. Осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының зардап шеккен немесе қаза тапқан азаматтары туралы ақпарат келіп түскен жоқ.
Күрделі әскери-саяси жағдайға байланысты, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы істер министрлігі Орталық референдум комиссиясымен бірлесіп Израиль, Иран және Ливандағы референдум учаскелерінің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп репатриациялық рейстерді пысықтау үшін ахуалға мониторинг жүргізіп жатқанын атап өткім келеді. Израиль халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істейді, Иранда 3 қазанның таңына дейін барлық рейстер тоқтатылды. Ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін Ливандағы жүзден астам шетелдік елшіліктердің ешқайсысы өз азаматтарын эвакуациялаған жоқ. Бұл тұрғыда Ливанның билігі тарапынан да тиісті нұсқама болған жоқ.
Сондықтан біздің азаматтарды эвакуациялау мәселесі әзірге пысықталуда және Министрліктің ерекше бақылауында.
Бұған дейін айтқанымдай, біз отандастарымызды қиын жағдайда қалдырмаймыз, Қазақстан Республикасының шетелдегі әрбір азаматына қамқорлық жасау сыртқы саясат ведомствосының негізгі міндеті".