Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg сайтына сілтеме жасап хабарлайды. Комитеттің мәліметінше, Арстан Әбділдаев уақытша ұстау изоляторында. Оның үстінен Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 330-бабы "Діни араздықты қоздыру (алауыздық)" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Арстанбек Әбділдаевтың ұсталуына әлеуметтік желілерде, кітаптар мен брошюраларда "діни және дінаралық араздықты қоздыруға шақырулар жариялағаны, діндарлық белгісі бойынша азаматтардың жеке басын насихаттағаны" туралы ақпараттар негіз болғаны атап өтілді.
"Ол өзін "Жаңа Құдай", "Құтқарушы" санайды және басқа діндерді, нанымдар мен көзқарастарды төмен, әлсіз және жарамсыз адасушылық деп есептеп, оларға теріс баға береді", - деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Анықталғандай, күдіктінің үйінен әдебиеттер, компьютерлер мен электронды сақтау құралдары тәркіленген.
Бұған дейін қырғыз БАҚ-тарында Арстан Абдылдаевтың 13 желтоқсан күні үйінен шығып, жоғалып кеткені, туыстары оған іздеу жариялағаны туралы ақпарат тараған болатын.
Әбділдаев 2011 жылдың аяғында таныла бастады. Қырғызстан президенттігіне кандидат болған ол "Қыс болмайды" деп, интернетте танымалдыққа ие болған еді.