Судан соты 20 жастағы қызды таспен өлтіру арқылы өлім жазасына кесті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC News порталына сілтеме жасап.
Сотталған қыз қарапайым діни отбасында дүниеге келген. Ол күйеуімен 2020 жылы ажырасып, ата-анасымен бірге тұра бастайды. Бір жылдан кейін күйеуі оны көзіне шөп салды деп айыптаған. 2022 жылы Суданның Кости қаласының соты оған таспен ұрып өлтіру туралы үкім шығарған. Өйткені ару өзінің сатқындық жасағанын “мойындаған” көрінеді.
Судан заңдары шариғатта "хадд" деп сипатталатын кейбір әрекеттер үшін өлім жазасын қолданады. Мысалы, зинақорлық пен ұрлық үшін дарға асып қойып ұру, аяқ-қолын кесу немесе өлім жазасы тағайындау туралы үкімдер бар.
BBC хабарлауынша, құқық қорғаушылар қызды құтқаруға тырысып жатыр, бірақ одан түк шығар емес. Қазір Суданда әділет министрі жоқ, 2021 жылғы төңкерістен кейін елді әскери хунта басқарады.
Судандағы әлеуметтік даму министрлігінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімінің басшысы елордалық шенеуніктерге қыздың соты заңсыз екенін түсіндіруге тырысуда. Үкімет шенеуніктерінің бірі құқық қорғаушылармен келісіп, "мұндай үкім бос сөз" деп мәлімдеді. Алайда елде Әділет министрінің болмауына байланысты араласатын және сотталушының босатылуын талап ететін ешкім жоқ екенін атап өтті.
Құқық қорғаушылар сотталған бойжеткенге адвокатпен байланысуға рұқсат етілмегенін айтады. Сонымен қатар, қамауда отырған кезінде ол өзіне тағылған айыптар туралы білмеген. Қыз бірнеше ай бойы Ақ Нил штатының әйелдер түрмесінде болған және қазір үкімге шағымдану үшін оның шешімін күтуде.
"Бізде полицияның оны заңсыз мойындатып, қолын қойғызып алды деп сенуге негіз бар", –Африка әділет және бейбітшілікті зерттеу орталығының атқарушы директоры Моссаад Мохамед Али.
Қыздың адвокатының айтуынша, оны тек Халықаралық сот елге қысым жасау арқылы ғана құтқара алады.
"Біз апелляциялық сот оның пайдасына шешім шығармайды деп алаңдап отырмыз. Бұған дейін әйелдерді халықаралық қауымдастық мәлімдеме жасап, ел Үкіметіне қысымды күшейткен жағдайда ғана құтқара алғанбыз. Осыны қазір де жасау керек", - дейді қорғаушы.