Жаңаөзеннен келген жұмысшылар ҚР Энергетика министрлігі ғимаратының алдына жиналды. Олар осыған дейін ҚМГ-нің еншілес компаниясы «Өзенмұнайгаз» АҚ үшін мұнай сервис қызметтерін көрсетуге арналған тендерде ұтылған «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері. ҚМГ мамандарымен бірге келіссөзге «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС және «Ai-Bis» ЖШС (тендерде жеңіске жеткен компания) басшылығы да қатысады. Жұмысшыларға жалақыларын сақтай отырып, «Ai-Bis» ЖШС және «Кезби» ЖШС (мұнай сервис қызметтерін көрсетеді) компанияларына жұмысқа орналастыру ұсынылды.
«Жұмысшылар басқа компанияға ауысқан кезде олардың бұрынғы еңбек жағдайы, соның ішінде жалақы мөлшері мен әлеуметтік пакеті сақталуы керек. Тендер қорытындысы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ мердігері атанған компанияға осындай міндет қойып отырмыз. Алайда, құқықтық рәсімдерге сай әрекет ету керек, жұмысшылар мұны түсінуі қажет», – деп атап өтті ҚМГ аппаратының басшысы Ерхан Омаров келіссөз барысында.
«БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері «Өзенмұнайгазға» жұмысқа тұрғызуды талап етіп, ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартты. Жиналған мұнайшыларға «Өзенмұнайгаз» АҚ штатына қабылданған құқықтық рәсімдерді айналып өтіп, жұмысқа орналасу жөніндегі талап заңсыз екенін түсіндірді. Бұл Жаңаөзендегі жұмыссыздарды кезек бойынша аталған мекемеге жұмысқа орналастыру тәртібіне қайшы келеді. Бұл ережелер моноқала тұрғындарының талабына сай, жұмыс орындарын әділ бөлу үшін қабылданған болатын.
Жаңаөзен қаласының әкімдігі алдындағы алаңға жиналған Жаңаөзен қаласының тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, қала әбасшысы Айбек Қосуақов жиналғандарға бейнеөтініш жасады.
«Құрметті Жаңаөзен қаласының тұрғындары, қадірлі жерлестер! Бүгін барлығыңыз әлеуметтік желіден жерлестеріміздің Астана қаласында наразылық акциясын ұйымдастырып, полиция бөліміне жеткізілгені туралы ақпаратты көріп отырсыздар. Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, жерлестеріміздің жағдайы жақсы. Оларға қолданыстағы заңнама шеңберінде әкімшілік шаралар қабылданатын болады. Әкімдік тұрақты негізде қала аумағында жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. Астанада наразылық білдірген азаматтармен алдын ала келіссөздер жүргізілді. Бұрын тендерден жеңілген компанияда жұмыс істегендерге еңбек жағдайлары мен жалақыларын сақтай отырып, тендерді жеңіп алған компанияға ауысу ұсынылды. Бірақ ұсыныс қабылданбады. Қасиетті Рамазан айында мен баршаңызды сабырлыққа шақырамын! Мәселенің мәнін білмей, эмоцияларға берілмеулеріңізді және арандатушылардың сөзіне еріп, қандай да бір заңсыз әрекеттерге бармауларыңызды сұраймын!» деді ол.
Астанада наразылық танытқан “БерАли” компаниясының көшбасшылары Жолмұрат Ұлықпанов пен Нұрсұлтан Нұрымов бәрін Маңғыстауға қайтарғанын жеткізді. Сондай-ақ олар бұл мәселені Маңғыстауда ҚазМұнайГаз өкілдерімен бірге комиссия құрып, шешетіндерін айтты. Мұнайшылардың көшбасшылары Жаңаөзендегі қолдаушыларын заңсыз әрекетке бармауға және үйлеріне қайтуға шақырды.