RSS лента

Қазақстанда мәйіттік донор боламын деушілер азайған...

  • 08.10.2025, 18:40,
  • 78
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Биыл 10 мың қазақстандық қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісімін берді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Еліміздегі Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықта 40-тан астам донорлық стационар, 7 транспланттау орталығы, 5 зертхана және медициналық авиация бар. 2013 жылдан бері Қазақстанда мәйіттік донорлық қолданыла бастады. Мәселен, 18 жастан асқан, аурулардың түрлі асқынуына байланысты ми өлімі анықталған азаматтар донор бола алады. Ал, ағза алуына мәжбүрленген, ес-қабілеті дұрыс болмаған, психикалық аурулары бар, қатерлі ісікке және инфекциялық ауруларға шалдыққан азаматтар донор бола алмайды. Бұл туралы ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Назгүл Жангелдина ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында хабарлады.

 

Оның айтуынша, қазір күту парақшасында 4384 адам тұр. Олардың 121-і  – бала. 2020 жылдан бері 1209 трансплантация жүргізілді. Өкінішке қарай, олардың 80%-ы туыстық донор болса, небәрі 15%-ы – мәйіттік донорлар.

 

«2020 жылдан бері мәйіттік донор боламын деушілер саны азайды. 2024 жылы 86 ықтимал донор болды, олардың 10-ы ғана келісімін берді. Төртеуінің қарсы медициналық көрсеткіштері болғандықтан, тек 6 адамның ғана ағзаларын қолдану мүмкін болды. Нәтижесінде 23 транспланттау операциясы жасалды. Ал, соңғы 10 айда 131 ықтимал донор анықталып, 10-ы өзекті болды. Соның арқасында 42 операция жасалды», – деді спикер.

 

Айта кетерлігі, eGov порталы арқылы әр қазақстандық донор болуға қатысты өз еркін білдіре алады. 2023 жылы 33 азамат осы мүмкіндікті пайдаланса, қазір 134 мың адам тіркелген. Олардың 10 мыңы донор болуға келісіп, 122 мыңы бас тартты. Елде мәйіттік донорлықты дамыту үшін түрлі форум, конференциялар өткізіліп, трансплант координаторы жұмыс істейді. Донор болған азаматтардың құрметіне «Асыл қадам» аллеясы ашылды.


Қазақстанда трансплантолог дәрігерлердің саны жеткілікті. Олардың барлығы шетелдік медициналық орталықтарда білімін шыңдап келген. Отандық транспланттау орталықтары да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. ҚР ДСМ Ұлттық ғылыми онкология орталығының трансплантолог-хирургы Мэлс Асықбаевтың ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде мәлімдегендей, қазір тек донор тапшылығы мәселесі ғана бар.

 

«Жылдан-жылға күту парағында тұрған пациенттердің саны өсіп келе жатыр. Транспланттауға жете алмай, жылына 300-ден астам адам көз жұмады. Яғни, туыстық транспланттау жасалғанымен, бұл жеткіліксіз. Біз мәйіттік транспланттауды дамытатын болсақ, БАҚ арқылы азаматтарымызға толыққанды трансплантацияның қалай өткізілетінін жеткізетін болсақ, саланы алға қарай дамытамыз деген ойымыз бар. Еуропалық мемлекеттерінің орталықтарында трансплантацияның 98%-ы мәйіттік донорлардың арқасында жасалынады. Олар туыстық транспланттауға өте сирек жүгінеді. Біздің елде, керісінше, операциялардың 90%-ы – тірі донордан алынған трансплантация», – деп түйіндеді спикер.


Қазақстанда ықтимал донор анықталып, туыстарының келісімін алған сәттен бастап транспланттаудың өзіне дейінгі барлық донорлық процесті үйлестірумен ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық айналысады. Орталық аллокацияны, яғни транспланттау орталықтары мен трансплантацияны қажет ететін науқастар арасында донорлық органдарды бөлуді қамтамасыз етеді. Бұл процесс туралы Донорлық органдарды үйлестіру және бөлу департаментінің басшысы Қайрат Иманбаев ОКҚ алаңында айтып берді.

 

Спикер атап өткендей, қазір күту парағында 4384 реципиент бар. Донор табылғаннан кейін барлық сынақ пен медициналық көрсеткіштер донорлар мен реципиенттердің ақпараттық жүйесіне енгізіледі.

 

«Бағдарлама автоматты түрде ең үйлесімді реципиентті таңдайды. Тиісінше, операцияларды таныстық арқылы өткізу мүмкін емес. Бұл процесс адам факторын жоққа шығарады – ол толығымен ашық. Трансплантологтар соңына дейін ағзаның қайдан келетінін білмейді», – деді спикер.

 

Қайрат Иманбаев Қазақстандағы барлық трансплантация тиісті деңгейде орындалатынын атап өтті. Сондықтан шетелге барудың немесе шетелдік мамандарды шақырудың қажеті жоқ. Сондай-ақ спикердің айтуынша, бүгінгі таңда басты мәселе – қоғамның жеткіліксіз хабардарлығы. Тірі кезінде қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім білдіретін азаматтар өте аз.


Исламда өлімнен кейінгі донорлыққа тыйым салынбайды. Шариғат тірі адамның өмірін сақтау үшін қайтыс болған адамның ағзаларын алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы мәлімдеді.

 

«Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы ғұламалар кеңесі бірнеше жыл бұрын ағза ауыстыру үкіміне қатысты пәтуа шығарған. Бұл ресми діни құжат болып есептеледі. Бұл пәтуада әлемнің белгілі пәтуа беретін мекемелері мен әлемнің үлкен ғалымдарының тәжірибелері ескерілді. Оған сәйкес өзіндік шарттармен тірі адамнан тірі адамға болсын, қайтыс болғаннан тірі адамға болсын, ағза ауыстыруға болады», — деді ол.

 

Астана қаласы Успен кафедралды соборының кілтшісі, иеромонах Дмитрий Байдек атап өткендей, православие шіркеуі нанымының негізі – інжіл. Онда «өмірін достары үшін бергеннен артық махаббат жоқ» делінген. Діни қызметкердің айтуынша, егер адам біреудің өмірін сақтай алса, ол осы әрекетке баруы керек.

 

«Яғни, бұл оның сүйіспеншілігі, шын махаббаты, иеміз айтқан махаббатының көрінісі. Кейбір тыйымдарға келетін болсақ, бұл шын мәнінде алалаушылық, өйткені дінде мұндай хирургиялық әрекеттерге тыйым жоқ», — деп қосты спикер.


Бибігүл Жүкенова 2016 жылдан бастап күту парағында тұрды. 2019 жылы донор табылып, оған өкпе ауыстыру операциясы жасалды. Ол ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында басынан өткерген оқиғасымен бөлісті.

 

«Үш жыл күткеннен кейін қыста донор табылды. Содан бері мен трансплантталған ағзамен өмір сүріп жатырмын. Операцияны Астанадағы дәрігерлер жасады. Осы тақырыпты қозғағандарыңыз үшін рақмет, мәселені әрі қарай да көтерген жөн. Қазір күту парағында 4300 адам бар. Мен олардың әрқайсысын түсінемін, өйткені мен олардың қатарында болдым. Ертеңге жоспар құра алмаудың не екенін білемін. Өміріңнің әр күні үшін Құдайға шүкір дейсің. Таңертең оянасың ба, жоқ па, белгісіз. Бұл физикалық ауырсыну да емес. Өміріңнің соңғы күндері екенін түсіну моральдық тұрғыдан қиын», — деді Бибігүл Жүкенова.

 

Оның айтуынша, елімізде ағзаларды трансплантаттау үшін қажет нәрсенің бәрі бар: дәрігерлер, жабдықтар.

 

«Егер жұртшылық оған түсіністікпен қараса, көп адамның өмірін сақтап қалуға болады. Мен бұл тақырыпты 2016 жылдан бері зерттеп келемін. Адамдардың қорқынышы туралы білемін. Халыққа ақпаратты дұрыс жеткізсе, көп адамның өмірін құтқаруға болады», — деді ол.
Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости