Қауіпсіздік мәселелеріндегі маңызды жайттардың бірі барлық қарсы көрсетілімді ескере отырып, екпе салдыртатын адамдарды дұрыс іріктеу. Жалпы, балаларға қай кезде екпе салуға болмайды және оған қандай қарсы көрсеткіштер бар? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында Астана қаласының № 5 қалалық емханасы директорының орынбасары, педиатр-дәрігер Ольга Инякина жауап берді.
Спикер вакцинациялауға тұрақты қарсы көрсетілімдер туралы айтты.
Ольга Инякинаның айтуынша, қарсы көрсетілімдердің басым бөлігі – уақытша. Дәрігер түсіндіргендей, ауыр дерттер вакциналаудан уақытша бас тартуды ғана көздейді. Мысалы, энцефалит, менингоэнцефалит түрінде орталық жүйке жүйесі зақымданған жағдайда, екпені бала сауығып кеткеннен кейін бір жыл өткен соң салуға болады. Егер балада жедел гломерулонефрит (бүйрек ауруы) анықталса, онда вакциналау қалпына келгеннен кейін 6 айдан кейін жүргізіледі.
Сондай-ақ дәрігер баланы вакцинациялауға саналы түрде қарауға шақырды, вакцина иммунобиологиялық препарат екенін атап өтті. Ольга Инякина вакцина салынғанға дейін инфекция қаупі жоғары қоғамдық және ойын-сауық орындарына баруды шектеуге кеңес берді.
Дөңгелек үстел барысында ҚР ДСМ МФБК «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖК РМҚ Фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасын мониторингтеу департаментінің басшысы Мәлік Абдрахманов былтыр Қазақстанда асқынулар туралы 4 хабарлама келіп түскенін айтты: оның үшеуі БЦЖ-ға және біреуі пневмококк инфекциясына қарсы вакцинаға қатысты болды.