Сонау 1929 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан порт бүгінде толық қуатта жұмыс жасай алмай отыр. Неге? Мұны анықтау үшін Turantimes.kz тілшісі порт орналасқан жерге арнайы барып келген болатын.
ТЕҢІЗ ТАМАҒЫ БІТЕЛІП ТҰР...
Біз порт аумағында болғанымызда қайнап жатқан жұмысты көре алмадық. Порт басшысы Азамат Зұлқарнаев мұны теңіздің тамағы аршылмағандықтан, жүк кемелері Жайыққа кіре алмай отырғанымен түсіндірді.
– Өз заманында бұл порт арқылы небір жүктер тасымалданған болатын. Өткенге көз жүгіртсек, тіпті, Мәскеудегі атақты Останкино телемұнарасы салынған уақытта да құрылысқа қажетті қайыршақ, яғни, қазіргі «ПГС» құм мына тұрған Каспий теңізінен осы порт арқылы жеткізілген екен. Сондықтан бұл нысанның кезінде қандай маңызға ие болғанын осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Арада, нақтырақ айтқанда, 2008 жылы акционерлер ауысып, порт тұтастай жаңартыла бастады. Жаңа айлақтар мен ғимараттар салынды. Бүгінде порттың жалпы аумағы 10,5 гектарды құрайды. Мұнда 30 мың шаршы метр аумақты құрайтын жүк сақталатын ашық алаңдар бар. Айлақтың өзі 5 мың шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ, 16 тоннаға дейінгі жүктерді көтеруге арналған порталдық кран бар (Оны ауызекі тілде «жираф» деп те атайды. Себебі, жирафқа қатты ұқсайды. Авт.). Сол сияқты, жылу-жылусыз қоймалар мен кеңселер тағы бар, - дейді ол.
«ЖҮК ҚАБЫЛДАУҒА ДАЙЫНБЫЗ!»
Осындай барлық жағдайы жасалған порттың кемелерді қабылдай алмай отырғаны өте өкінішті. Ендеше, теңіздің тамағы қашан тереңдетіледі?
– Біз жүк қабылдауға дайынбыз. Жалпы, 100-500 тонна аралығында жүк қабылдайтын мүмкіндігіміз бар. Тек теңіз тамағының бітеліп тұрғаны қынжылтады. Осыдан бір ай бұрын биылға түп тереңдету жұмыстары жүргізілмейтіні туралы да айтылды. Бірақ, бұл жұмыстар қалайда қолға алынады деп үміттеніп отырмыз. Өйткені, күні кеше ғана өңірдегі «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында көпшілік көптен күткен ең ауқымды жоба – полиэтилен өндіретін зауыттың алғашқы қадасы қағылған болатын. Енді 2026-2027 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Осы орайда, біздің порт арқылы Қарабатанға үлкен жүктер жеткізілетін болады. Біз соны күтіп отырмыз. Бұған дейін соңғы рет 2020 жылы КРІ жобасына қажетті Оңтүстік Кореядан келген 5 мың тоннадай жүкті қабылдап, жеткізген едік, - дейді А.Зұлқарнаев.
Облыстық құрылыс басқармасындағы мамандардың айтуынша, Жайықтың түбін тереңдету жұмыстары Үкіметтің резервінен атқарылатын болады. Бұл жерде резервтен бөлінетін қаржыға сәйкес, конкурс жұмыстары емес, атқаратын компаниялармен келісімшарт жасақталатын болады. Өзен портының жұмысы жанданса, бұл маңға түрлі қойма салу жоспарда бар. Кәсіпкерлер тапсырыстарын алғанша келген тауар сол қоймада сақталмақ.
ПОРТ АУМАҒЫ ЖАЛҒА БЕРІЛЕДІ
Бұл ретте, ойымыздан бір сұрақ кетпей қойды. Осындай қиын жағдайда порт қалай күн көріп отыр?
– Иә, порт қазір ауыр жүктерді қабылдай алмай отыр. Ол үшін теңіздің тамағын бір жыл емес, әр жыл сайын қазып отыру керек. Бұл мәселемен жергілікті әкімдік, басқа да құзырлы органдар – бәрі де жақсы таныс. Әлі де бұл проблема өз шешімін табады деген сенім жоқ емес. Ал, әзірге жеңіл-желпі жұмыстарды атқарып жатырмыз. Кемелерді түсіреміз, көтереміз, ашық алаңдар мен қоймаларды жалға береміз, жүктерді сақтаймыз дегендей ғой. Осы ретте, ерекше айтып өтер жайт, порт аумағын он жылдан бері голландиялық «Mammoet» жеке компаниясы жалға алып келеді. Соның арқасында онға жуық қызметкеріміз болса, соның бәріне жалақы төлеп, қиындықтарға қарамастан порт қызметін жалғастырырып келеміз. Яғни, жалға беруден түсетін ақша еңбекақы, коммуналдық төлем, порт ішіндегі жалпы шығындарды өтеуге ғана жетуде, - дейді порт басшысы.
Жалпы, «Mammoet» компаниясының осы жердегі бөілмшесі бүгінде «Mammoet-Қазақстан» деген атаумен табысты жұмыс жасап келеді екен. Бұл жөнінде біз аталған мекеменің база басшысы Александр Максиннен толығырақ білуге тырыстық.
«Біздің компания Атырауда габаритті емес жүктерді тасымалдаумен және крандық операциялармен айналысады. Қашаған, Ақсай, Теңіз, Қарабатанда біздің крандар бар. Әлемге әйгілі голландық мекеме қазір Қазақстанда тіркеліп, бірлескен кәсіпорын есебінде қызмет етуде. Осы портта біздің елу шақты қызметкеріміз жұмыс жасайды. Мұнда, айталық, Атырау мұнай өңдеу зауытына керекті жүк келіп қалған кезде соларды қабылдап, керек жеріне жеткіземіз» дейді ол.
АЛДАҒЫ ТАҒДЫРЫ АЛАҢДАТАДЫ...
Айтпақшы, Атырау тұрғындары мен қонақтарын Жайық бойымен серуендетіп жүрген қос қабатты кеме де қысқы мезгілде осы порттан табылады екен. Себебі, кемелер мұзға шыдамайды, қысыммен жарылып, жарамсыз күйге түседі.
...Осылайша, бір кездері логистиканың күретамырына айналған өзен порты соңғы 15 жылда тоқырауды екінші рет бастан өткеріп жатыр. Қалай болғанда да, жылына 15 мың тонна жүк қабылдауға қуаты шақталған порттың қызметіне алыс-таяу шетелдерден сұраныс көп. Өзен порты арқылы тасымал жұмыстарын жүргізуге берісі Әзербайжан, әрісі Иран, Түркиядан қызығушылық та, тапсырыс та бар. Олар Қазақстандағы мұнай секторларында жиналған күкірттерді теңіз арқылы экспорттауға ниетті. Бірақ теңіздің тартылуы себепті кемелер қайраңдап қалып жатыр. Бастысы, жұмыс болмаса да, мамандарды қысқартып немесе жалақыларын азайтуға жол берілмей отырғаны қуантады.
Ал, егер өзен портының «екінші тынысы» ашылатын болса, порт басшылығы жеміс-көкөніс сақтайтын қоймалар салуды, «Атырау – Астрахан» бағытында жүретін кеме ашуды, осы арқылы туризм бағытында жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Тіпті, «Қашаған» кен орнындағы жұмысшыларды порт арқылы тасымалдау да жоспарда бар.
Шынын айту керек, жүкті өзен порты арқылы тасымалдаудың экономикалық тұрғыда да пайдасы жоғары. Мәселен, Атыраудағы өзен порты 2015 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қайта құру жобасы бойынша габаритті емес жүктерді қабылдады. Сондай-ақ, «Теңізшевройл» компаниясы, Қарабатандағы NСОС және Атырау жылу электр орталығы жобасы үшін де тасымал жұмыстарын атқарды. Ауыр габаритті жүктерді су жолымен тасымалдаудың тиімділігі сол, бір баржаға мың тоннаға дейін зат салып, оны жедел түрде қысқа мерзімде, тиімді бағамен алып келуге болады. Ал ауыр жүк көліктеріне құбыр сияқты ірі көлемді жүктерді сыйдырудың өзі екіталай.
Өзен жағасының тым таяздығы, өзен портымен бірге өңірдегі балық шаруашылығына да кесірін тигізіп отыр. Өйткені «Атырауда өндірілген» брендтерді балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар бұған дейін ішкі және сыртқы нарыққа порт арқылы жөнелтіп келген. Қазір Атыраудың атқарушы билігі Каспийдің Жайыққа құяр сағасының түбін тереңдету үшін арнайы құжат жасақтады. Оны іске асыруға 16 млрд теңге қажет.
Осыдан екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел Үкіметі ішкі су жолдарының дамуына 2030 жылға дейін 64 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Нәтижесінде, 22 портты жаңғырту көзделіп отыр. Олай болса, бір кездері Гурьев өзен порты ретінде құрылған Атырау өзен портының болашағына Үкімет құятын инвестиция оң әсерін береді деп сенейік.