RSS лента

Кәсіпкерлер жерге өтінім бере алмай отыр...

  • 10.07.2023, 20:55,
  • 356
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Шілдеден бастап облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, аудандарда Жер кодексі бойынша жер учаскелерін беру түгел автоматтандырылуы керек. Тиісті заң ақпанда қабылданды, шілдеде күшіне енді. Алайда 5 айдан бері жер алуға өтінім беретін платформа әлі толық іске қосылмады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Жер саласын цифрландырудағы олқылықтар туралы «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжан айтып берді. Маманның сөзінше, заңның орындалуы үшін Үкімет басшысы арнайы тапсырмаларды бекітіп, өкім шығарған. Мемлекеттік органдарға 30 тапсырма қойылғанмен біреуі ғана орындалған.


«Тиісті заң 2023 жылы 5 ақпанда қабылданды. Шілдеде күшіне еніп, жаңа құжаттар тізбесі бекітілді. Бұл құжаттар мекемеден мекемеге электрон түрде түсіп, келісілуі керек. Сондай-ақ, аталған заңды орындау мақсатында премьер-министр арнайы өкім шығарды. Қажетті нормативтік-құқықтық актілерді реттеуді тапсырды. Бірақ орындалып жатыр деп айту қиын», – деп түсіндірді Ернұр Әбжан.


Мәселе былай. Ауыл шаруашылығы, әділет, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрлігі бірлесіп, жер мен ғимараттарды тіркейтін «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры» (БМЖМК) деп аталатын ақпараттық жүйені (https://map.gov4c.kz/egkn/) құрды. Яғни, бұл платформа картографиялық ақпарат пен кеңістіктік деректерді жүргізу мен басқаруды, жер учаскелерінің, ғимараттардың, құрылыстары және жерлердің орналасқан орны туралы деректерді жариялауды қамтамасыз етеді.



Бұдан бөлек бұл платформа арқылы жерге өтінім беруге болады. Жалпы, бүгінге қалалар шекарасындағы жерді коммерциялық мақсатқа екі жолмен алуға болады. Біреуі тікелей әкімдік арқылы, екіншісі электрондық аукцион арқылы. Ал, Жер кодексінің 48-бабында көрсетілген 25 тізімдегі мақсат бойынша жер алу үшін аукционға қатысудың керегі жоқ. Қарастырып отырған жаңа платформа осы 25 жағдайда әкімдік тікелей жер беретін жағдайларды автоматтандыруға бағытталған болатын және кәсіпкерлер 1 шілдеден бастап жерді электронды түрде алуға өтінім беруге мүмкіндік алуы жоспарланған болатын. Алайда бүгінде Заң күшіне енді, бірақ сайт жұмыс істемейді.



«Қазір кәсіпкерлер жер алуға өтінім берейін деп ескі жолмен әкімдікке барса, құжат қабылдамайды. Себебі Заң өзгерді. Ал сайт арқылы берейін десе, ол істемей тұр, оған қоса электрон құжаттардың нұсқасы да бекітілмеген. Біз сайттың техникалық жағынан және жалпы электрон режимде жер берудің заңнамалық жағынан да дайын емес екенін бірнеше рет көтердік. Мемлекеттік органдардың БМЖМК сайтын уықытылы дайындамауының салдарынан кәсіпкерлер жерге өтінім бере алмай отыр», – деді сарапшы.


Сонымен қатар, Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жердің координаттары болады. Жаңа платформада оны Жердің жасанды спутниктерінен түсірілген нақты жердегі жағдайға жүйедегі координаттарымен сәйкестендіру керек болатын. Бұрын екеуі екі бөлек еді. Бірақ ол әлі сәйкес келмейді.



«Екіншіден, жаңа сайтқа кіріп, Қазақстан Ғарыш Сапарының спутниктен түсірілген картасын ашатын болсақ, ол өте төмен ажыратылымда түсірілгенін және оған жер учаскелерінің жүйедегі координаттары түспегенін байқаймыз. Яғни жер учаскесін рәсімдеуге немесе басқа да қажетті мәліметті бұл картадан алу қазір мүмкін емес», – деп қосты маман.


Жаңа платформада жерге өтінім беруге қажетті басқа құжаттарды тіркеу немесе белгілеу де мүмкін болмай отыр. Сарапшы «сайт жұмыс істемейді» деп айтуға толық негіз барын айтты. Сондай-ақ, Ернұр Әбжан «сайттың қазақшасы тіпті сұмдық» дейді. Сайт алдымен орысша жасалған, сосын қазақшаға аударылған. Бірақ толық аударылмаған. Кей сөздің қазақшасы қате жазылған.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости
Популярно
  • Сутки
  • Неделя
  • Месяц