RSS лента

Жүргізушілерге жаза күшейді

  • 20.05.2024, 09:07,
  • 669
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Соңғы жылдары жол-көлік оқиғалары қаншама адамның ажал құшуына себепші болды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі atr.kz-ке сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы III Ұлттық құрылтайда осы мәселеге ерекше назар аударып, қайғылы жағдайдың алдын алуды жауапты органдарға міндеттеді.

 

Автомектепте оқу міндетті Жол жүру ережесін бұзудың және жүргізушілер жүгенсіздігінің зардаптары аса ауыр болып тұр. Жыл сайын мыңдаған адам көлік апатынан қаза табады. Бұл – олардың туысқандары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қайғылы жағдай. Осы орайда  «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген жаңа нормалар қара жолдағы қасіреттің алдын алуға бағытталған. Жаңартылған жол қозғалысы ережелерін түсіндірген облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Руслан Мажитов талап күшейгенде ғана жүргізуші мәдениеті қалыптасады деген пікірде.

 

– Ең бірінші жаңалық – ол жүргізуші куәлігін алу үшін автомектептен өту заңдылығы биылғы 23 сәуірде күшіне енді. Естеріңізде болса, елімізде жүргізушілерге өз бетінше дайындалуға 2016 жылы рұқсат етілген болатын. Яғни жүргізуші куәлігін алғысы келгендер емтихан сұрақтарына дайындалып, мамандандырылған ХҚКО-ларға барып, теориялық емтихан тапсырғаннан кейін практикалық сынақтан өтсе, жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндігі болатын. Ал, 2019 жылдан бастап жол картасы шеңберінде тіркеу емтиханы бөліністері қысқартылып, олардың функциялары мамандандырылған ХҚКО-ларға берілді, – деп түсіндірді Р.Мажитов.

 

Сол уақыттан бергі жол-көлік оқиғалары мен олардың орын алу себептеріне министрлік жасаған талдаулар барысында депутаттардың, үйлестіру кеңестерінің шешімімен заңнамаға өзгерістер енгізуге тура келді. Өзгеріске түрткі болған басты мәселе – көше жолдарындағы қауіпсіздік, адам өмірін сақтау. Енді жүргізуші куәлігі жоқ және оны алмай тұрып көлік құралын басқарған, сондай-ақ рульге алкоголь немесе есірткі қолданып отырған адамдар жеті жылға дейін емтихан тапсыру мүмкіндігінен айырылады.

 

6 мамырдан бастап күшіне енген өзгеріске сәйкес, «басып озуға болмайды» деген белгіні елемей, асығыстық танытқан жүргізуші 6 айға куәлігінен айырылады. Бұрын біржолақты елемегендерге айыппұл салынса, енді жаза қатаңдатылып отыр. Сондай-ақ елді мекендерде жүк көліктеріне, үлкен автобустарға жылдамдықты сағатына 50 шақырымнан асыруға тыйым салынды. Яғни, «М-3» санатына жататын автомобильдерге осындай өзгеріс енгізілді.

 

– Елді мекендерде автобус жылдамдығы сағатына 50 шақырым болып төмендетілді. Ал, қоғамдық көліктерге арналған жолақпен енді автобус санатына жататын көлік құралдары да еркін қозғала береді. Оларға салмағы 5 тоннадан асатын 8 жолаушы орындығы бар көліктер кіреді, – деп түсіндірді Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Руслан Мажитов.

 

Қала жолдарында диагональді жүргінші жолақтары да көбейтілмек. Себебі бұған дейін Астана мен Алматыда жүзеге асқан пилоттық жоба оң нәтиже берген екен. Мұндай шешім жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпекші. Айтпақшы, полиция өкілі сары түске өткені үшін салынатын айыппұл туралы да түсіндіріп өтті. Оның сөзінше, бұл ешқандай жаңалық емес. Сары түске өткені үшін айыппұл бұрын да болған. Осы жолы бұл процесс автоматтандырылып отыр. Яғни, бұрын жол-патрульдік полициясы тоқтатып, айыппұл салса, қазір бұл міндет «Сергек» бейнебақылау қызметіне жүктелген.

 

Ауа райы жылынғалы жол қозғалысында мотокөліктердің көбейгендігі белгілі.

 

«Тиісінше олардың қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары да жиілеп кетті» дейді мамандар.


 

Жыл басталғалы мотокөліктердің қатысуымен 34 жол-көлік оқиғасы болса, оның 12-сінде жасөспірімдер ешқандай құжатсыз мотокөлік басқарғаны анықталды. Сондай-ақ, 25 адам түрлі дене жарақатын алып, бір адам қаза тапты. Мәселен, жуырда Мұқыр ауылында ауылішілік жолда 2005 жылы туған студент оқу демалысы кезінде ешқандай рұқсат құжаттарсыз мотокөлікті басқарып, 4 жастағы баланы қағып кеткен. Бұл дерекке қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Соңғы кездері қала көшелерінде құқық бұзушылыққа жол берген мотокөліктер мен электросамокат жүргізушілерінің бой тасаламақ мақсатта полицейлердің заңды талабын орындамайтын деректері де кездесуде. Мәселен, жуырда 17 жастағы мопед жүргізушісі жол бойында 16 жастағы қыз баланы қағып кетіп, оқиға орнынан қашқан. Патрульдік полиция қызметкерлері оны ізін суытпай анықтады. Заңды талаптарды орындамаған мопед басқарған жасөспірімді патрульдік полицейлер мәжбүрлі  түрде тоқтатып, полиция басқармасына жеткізді.

 

– Енді  мопед жүргізушілері мен көлік жүргізушілеріне талап теңестірілді. Мопедтерді жүргізген адам уәкілетті органда міндетті тіркеуден өтеді, «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алады, жыл сайынғы техникалық байқаудан, сондай-ақ көлік құралдары жүргізушілерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудан өтеді, – деп түсіндірді Р.Мажитов. Демек, мопед жүргізушілері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапкершілікте болады. Бұл стандарт мопедтердің қатысуымен болатын жазатайым оқиғалар мен жарақаттардың санын азайтуға және оны заңсыз жүргізуге жол бермеуге бағытталған. Жүргізуші куәлігіне қойылатын талап қозғалтқыштың көлеміне және екі дөңгелекті көліктің максималды жылдамдығына байланысты. Егер мопедтің қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспаса, көлік жүргізу құқығынсыз жүре алады. Ал, көліктің көлемі 125 текше сантиметрге дейін болса, онда оның иесі «A 1» санатындағы құқықтарға ие болуы керек және көлікті тіркеуі қажет. Бұл куәлік 16 жастан бастап беріледі.

 

Биылғы 1 мамырдан бастап елімізде жаңа жол белгілері қолданысқа енді. Олар ҚР СТ 1412-2017 «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары» ұлттық стандартына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда қарастырылған.  Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті мен Қазақстан стандарттау және метрология институты әзірлеген бұл өзгерістер жолдағы қауіпсіздікті күшейтуге және жол қозғалысының барлық қатысушысына қолайлы жағдай тудыруға бағытталып отыр. Біріншіден, енді гибридтілерінен бөлек барлық электрлі автомобильдерде «Электромобиль», ал газбен жүретін көліктерге «Газ баллонмен жабдықталған автокөлік» белгілері жабыстырылуы керек. Екіншіден, көшелерге мынадай жол белгілері қойылады: «Электр самокатпен жүруге тыйым салынады», «Диагоналды жаяу жүргіншілер өткелі», «Параллель жүріс бөлігіне ауысу», «Параллель жүріс бөлігінің соңы».

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости