«РЕФЕРЕНДУМ НӘТИЖЕСІ САЯСИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ АНЫҚ СИМВОЛЫНА АЙНАЛДЫ. БІЗ ЖАҢА, ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ ЖОЛЫНДАҒЫ БІРЛІГІМІЗ БЕКЕМ ЕКЕНІН КӨРСЕТТІК. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ТҮЗЕТУЛЕР МЕМЛЕКЕТТІГІМІЗДІҢ ТҰҒЫРНАМАСЫН ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТЕДІ. БҮКІЛ ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫНА ТЫҢ СЕРПІН БЕРЕДІ». МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ РЕФЕРЕНДУМ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖАСАҒАН ҮНДЕУІНДЕ ОСЫЛАЙ ДЕДІ. РАСЫНДА ДА АЙРЫҚША МӘНІ БАР ТАРИХИ ОҚИҒАНЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ МЕМЛЕКЕТІМІЗ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ.
БІР КҮНДЕ – 250 КЕЗДЕСУ…
Қоғамға өзгеріс қажет. Бұл – бұқараның талабынан туындаған өзекті мәселенің бірі. Халық үніне құлақ асқан Президент ашық, әділ мемлекет құрудағы алғашқы қадамды жария етіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» тақырыбымен өткен ХХХІ сессиясында Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды. Ел тарихында мұндай саяси науқан бұрын да болғанымен, биылғының жөні бөлек. Ең маңызды құжат – Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін таңдау жасау халықтың еншісіне тиді. Республикалық шара демократиялы қоғамға жетелейтін алғышарттардың бірі екені де ашық айтылды. Конституциялық реформа алғаш рет халықтың тікелей дауыс беруі арқылы жүзеге асырылып, осы қадам қазіргі саяси реформалардың маңызын көрсететінін атаған сарапшылар Конституцияға енгізілетін түзетулер негізгі саяси институттардың құрылымын өзгертетініне назар аударды. Бекітілген заң аясындағы үгіт-насихат жұмыстары да жоспарлы, жүйелі жүргізіліп, санға емес, сапаға сай жұмыс жасауды көздеді. Соның нәтижесінде ел көлемінде түрлі форматтағы кездесулер, еңбек ұжымдарымен, ауыл тұрғындарымен басқосулар ұйымдастырылды. Президент те өз тарапынан Конституциялық өзгерістердің мәнмаңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтты. Ал, жалпы бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымдылығын айқындауда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың жалпы отырыста: «Шынын айту керек, үлкен іс атқарылды. Осы жұмыстың бел ортасында өздеріңіз де жүрдіңіздер. Депутаттар күніне 250-ге жуық кездесу өткізді. Сіздер Президент реформаларын халыққа түсіндіруге зор үлес қостыңыздар», – деген сөзін мысалға келтірсек болады.
ДАУЫС БЕРУ ДЕМОКРАТИЯ ТАЛАПТАРЫНА САЙ
Осылайша, 5 маусымға белгіленген жалпыхалықтық референдум өтті. Жәй, шартты түрдегі науқан секілді емес, азаматтық ұстанымдары мен заңды құқықтарын пайдаланып, белсенді қатысқандардың қарасы көп болғанын да көзіміз көрді. Осы тұста атыраулықтардың пікірін білу мақсатында дауыс берушілермен сөйлескен кезде «Жалпыхалықтық референдумға дайындық, ұйымдастыру шараларының тиянақтылығының көрінісі осы болса керек, заңға сәйкес жүргізілген жұмыстар барысында комиссия өкілдері үйімізге арнайы келіп, дауыс берудің, референдумға қатысудың маңызды екенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Соның әсері ме, әлде халықтың да өз шешімі солай ма, әйтеуір науқанға келушілер қатарында отбасымызбен қатар, туыс, көршілеріміз де көп болды» деген қала тұрғыны, зейнеткер Қайырғали Әбіловтің пікірі ойыма оралды. Президент Ата Заңымызға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдағанын айтып, референдумның жоғары деңгейде өткенін жеткізді. Халықаралық және отандық байқаушылар да бұл фактіні растады. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай, ешқандай мәжбүрлік болмағанын айтқан шетелдіктердің бірі – халықаралық сарапшы-экономист, «Республика» зерттеу орталығының басшысы Натиг Джафарли. «Референдумға дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билеуші партияның басшысы қызметінен бас тартты. Бұл – дұрыс шешім. Шын мәнінде, партия атқарушы билікке тәуелді болмаған кезде халықтың оған деген сенімі нығаяды, оның беделі артады. Бұл қадам болашақта елдегі көппартиялы жүйенің нығаюына оң әсер етіп, Қазақстандағы саяси күштер арасындағы салауатты бәсекелестіктің артуына ықпал етеді» деп атап өтті ол. Сарапшының пайымынша, Конституцияның жаңа редакциясының ескіден басты айырмашылығы – басқару жүйесінің өзгеруі, биліктің қатаң вертикалынан бас тарту, президенттік басқарудан президенттік-парламенттік республикаға бірқалыпты және заңды түрде көшу. Экономистің айтуынша, өткен референдумнан кейін басқарудың жаңа нысаны әлемнің Қазақстанға, әсіресе инвесторларға деген қызығушылығын айтарлықтай арттырады. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы байқаушылары миссиясының басшысы Леонид Анфимовтің айтуынша, байқаушылар 5 маусым күні Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарындағы, НұрСұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы, сонымен қатар Анкара, Баку, Бішкек, Брест, Рига, Дубай, Душанбе, Ереван, Қазан, Минск, Мәскеу, Омбы, Оттава, Париж, Бейжің, Санкт-Петербор және Софиядағы референдум учаскелеріндегі дауыс беру барысын қадағалаған. «ТМД байқаушылары 865 референдум учаскесінде болды және дауыс беру процесінің ұйымшылдықпен әрі ашық болғандығын атап өтеді. Ұлттық және халықаралық байқаушыларға дауыс беру барысын байқау үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Референдум қатысушылары ақпараттық материалдармен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дауыстарды санау процесі референдум туралы заңнамаға сай өтті. Байқаушыларға комиссия мүшелерінің іс-әрекетін толықтай қадағалау қамтамасыз етілді» деді ол.
НЕ ӨЗГЕРЕДІ?
Осылайша, жалпыхалықтық референдум көздеген нәтиже іске асып, Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Баспасөзде «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жарияланды. Президент Ата заңға өзгерістер енгізу реформалардың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіретінін жеткізді. «Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді» деп атап өтті. Көзделген өзгерістер нәтижесінде не өзгермек? Президент Үндеуіне сәйкес, аталған басым тұстарын саралап көрсек. Ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу – айқын міндеттің бірі. Қолдан жасалған монополияларды жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою да зор маңызға ие. Ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика жүйесін жетілдіру де – басым бағыт. Ел дамуының негізгі қозғаушы күші еңбек, білім және азаматтық белсенділік болса ғана сапалы жұмыс орнын ашу, тұрмыс сапасын тұрақты арттыру, азаматтардың толыққанды жетілуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз. Мемлекеттік аппараттың жаңғыртылуы мен бюрократиядан арылу – бұқара мен билік арасындағы алшақтықты жоятын бірден-бір қадам. Президент атап өткендей, мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау» деген мемлекет басшысының сөзі саланың салмағын да нықтай түседі. Елден жыраққа кеткен қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару жөнінде Мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл үшін ел Президентінің арнайы Жарлығы шықты. Халықтың билікке деген сенімін арттыра түсетін осы игі қадамнан да күтілетін оң нәтиже көп-ақ. Конституциялық реформалар көздеген тағы бір жаңалық – құқық саласын жаңғырту. Әлемдік тәжірибеге негізделген, тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірлеу – келер күннің еншісінде. Заман талабына сай келмейтін және күмән туғызатын нормалардың күшін жою, экономикалық ресурстардың шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау – мемлекет басшысы атап өткен қажеттіліктер қатарында. Адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейту – мемлекет межелеген міндеттің бірі. Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылады. Жаңа институт азаматтардың осы салаға қатысты қызметті ашық, тез, кедергісіз пайдалануына жол ашады. Президент атап өткендей, «Жаңа, Әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді». Құқық қорғау және сот жүйесінің шын мәнінде өзгергенін қалайтын халық үшін бұл да үлкен жаңалық екені айқын. Жер мәселесіде жылдар бойы талқыланғанымен, түйіні шешілмеген өзекті мәселе еді. Жаңарған Заң аясында меншік иесінің халық деп танылуы арқылы қордаланған проблеманың көбесі сөгілмек. Әсіресе, мал баққан жандардың «Жайылымдық жер тапшылығы дұрыс шешілсе» деген үміті оң бағытқа ойысса, нұр үстіне нұр болар еді.
БІЗ ҚОЛДАЙМЫЗ!
Осылайша, зор жауапкершілік танытып, отансүйгіштік қасиетті паш еткен ел азаматтары мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертетін, бүкіл қоғамның дамуына тың серпін беретін референдумға қатысып, таңдау жасады. Ал, атыраулықтар үлесі қандай? Саяси белсенділік танытқандар саны қанша? Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлап, референдум үшін өңірде 261 учаске құрылып, олардың 11-і аурухана, уақытша қамау орны, әскери бөлімше тәрізді жабық учаскелерде болғанын жариялады. Облыста 1200 байқаушы жұмыс жасап, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де барлық жағдайлар қарастырылды. Сондай-ақ, арнайы топ қарт кісілердің үйлеріне барса, вахталық әдіспен жұмыс жасайтындардың дауыс беруін ұйымдастыру үшін 43 учаскелік комиссия тартылды. Оның нәтижесінде өңірдің дауыс беруге жататын 400 мыңға жуық тұрғынның 67,68 пайызы өз таңдауын жасады.
ТҮЙІН
«Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал, ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Әрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын» деген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі референдум қорытындысы ел тарихында жаңа дәуір басталғанын айшықтай түсті. Келісіп пішкен тонның келте болмайтынын айғақтаған жалпыхалықтық саяси бастама сәтті жүзеге асып, көзделген игіліктер шын мәнінде халық мүддесіне іске асуы үшін бәріміз мүдделі болған жөн. Өзгерісті әркім өзінен бастаса, Жаңа Қазақстан жәй арман, құр сөз емес, нақты нәтижеге айналары анық.