RSS лента

Шаруалар утилизациялық алымды азайтуды сұрайды

  • 02.02.2022, 00:01,
  • 373
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Шаруалар мен диқандар кедендік баждарды уақытша тоқтатуды ұсынды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

ТАМШЫ ДА ТАС ТЕСЕДІ ЕМЕС ПЕ, УТИЛИЗАЦИЯЛЫҚ АЛЫМДЫ АЙТА-АЙТА «ОПЕРАТОР РОП» ЖІЛІКТІҢ МАЙЛЫ БАСЫНАН АЙЫРЫЛДЫ. ОНЫҢ ОРНЫН «ЖАСЫЛ ДАМУ» АҚ БАСТЫ ДЕП ҚУАНҒАНЫМЫЗ КЕШЕ ЕДІ, БҮГІНДЕ ШАРУАЛАР МЕН ДИҚАНДАР ТАҒЫ ДА БАС КӨТЕРДІ. ОЛАР ДАУДЫҢ БАСЫ ДАЙРАБАЙДЫҢ КӨК СИЫРЫ – УТИЛИЗАЦИЯЛЫҚ АЛЫМНЫҢ МӨЛШЕРІН ТӨМЕНДЕТУДІ, ИМПОРТТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАСЫНАН БҰЛ АЛЫМДЫ АЛМАУДЫ, ЖҮК КӨЛІГІ МЕН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАСЫ ҮШІН КЕДЕНДІК БАЖДАРҒА УАҚЫТША МОРАТОРИЙ ЕНГІЗУДІ ҰСЫНЫП ОТЫР. МИЛЛИАРДТАҒАН ҚАРАЖАТТЫҢ КЕТКЕН ЖЕРІ МЕН ЖЕТКЕН ЖЕРІН АНЫҚТАП, ТИІСТІ ЗАҢНАМАЛАР ТЕКСЕРІЛУІ ҚАЖЕТТІГІН АЛҒА ТАРТУДА.


Ауыл шаруагерлері алаңдаулы


Фермерлердің жанайқайын жеткізген сенатор Мұхтар Жұмағазиев техниканы сатып алған фермерге оның құнының 25-30%-ына тең сомада бастапқы жарнаны жəне кəдеге жарату алымын төлеуге тура келетінін айтады.


– Мəселен, тракторлар бойынша орташа алым мөлшерлемесі 11 млн. теңгеге дейін, ал комбайндар бойынша əр данасына 22 млн. теңгеге дейін жетеді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосымша қаржы жүктемесі болып отыр, – деді ол.


Осылайша, қазақстандық фермерлер кəдеге жарату алымына құрбан болмақшы. Олар «аталған мəселе шешімін таппаса, əлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасы арзандамайды жəне машина жасау саласы тоқырауға ұшырайды» деген пікірде. Оның себебін ауыл шаруашылығы техникасы бағасының қымбатшылығы мен алқымнан алған утилизациялық алым көлемімен байланыстырады. Былтыр елдегі шаруалар утильдік алымдары үшін 30 млрд. теңге төлеген. Сəйкесінше шаруашылық техникаларының бағасы 20 пайызға қымбаттапты. Мұндай шығын ауыл шаруашылығы өнімдерінің құнына əсер етпей қоймайтыны белгілі.


Утилизациялық алым автопарктердің жаңармауының да басты себебі болып отыр. Ауыл шаруашылығы техникасының 90%-дан астамының əбден тозығы жеткен. Жүруінен тұруы көп трактор, агрегат, комбайндардан не күтесіз? Өкпесін сүйреткен ескі техниканы жөндеп, есі шыққан шаруагерлердің аграрлық секторға ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосуы екіталай. Осындай жағдай шағын шаруашылықтарды ғана емес, техника паркін жаңартуға қауқарсыз ірі шаруа қожалықтары басшыларында басын ауыртып отыр.


Агросектордың дамуына не кедергі?


Жүк көлігі мен ауыл шаруашылығы техникаларының кəдеге жарату алымының көлемі 14 миллион теңгеге жетіп жығылады екен. Бұл шетелден импортталатын, сондай-ақ өзімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы техникаларының қымбаттауына əкеліп соғады. Шаруагерлердің айтуынша, агромашиналардың қымбаттағанынан бөлек, қосалқы бөлшектерінің де бағасы шарықтап кеткен. Отандық машина өндірушілердің əр техниканың бағасын үш есеге дейін көтеріп жібергені де фермерлердің шымбайына батады. Қарсы тараптың да айтар уəжі бар, еліміздегі машина жасаумен айналысатын зауыт өнімдерінің 90 пайызы өзге мемлекеттен импортталады.


– Ауыл шаруашылығы техникаларын жасау ауыл шаруашылығы саласы түлеп, аграрлық индустриясы кемелденген елде дамиды. Оны білу үшін не экономист, не агросектордың жілігін шаққан маман болудың қажеті жоқ. Ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерінің мықты клиенттері жоқ елде бұл сала қайдан дамиды? Сол себепті, алдымен, аграрлық саланың дамуына жағдай жасап, ықпал етуі керек-ау. Мəселен, машина жасайтындай жағдайы бар кəсіпкер Африкадан машина жасайтын зауыт ашпайды ғой. Өйткені, тұтынушысы жоқ. Оның жұмысы, алдымен өткізуден, сосын барып өндірістің пайда болуынан тұрады, – дейді экономист Қайрат Бектенов.


Машина жасау саласындағы кемшіліктер


Біз осы күнге дейін сырттан жеткізілетін босалқы бөлшектерден техника құрастырғанымызға мəз болып келіппіз. Яғни, бізде машина жасау саласы соншалықты дамымаған. Себеп пен салдарға тағы бір мəрте тоқталатын болсақ, алдымен қазақстандық техника өндірушілер үшін нарық бола алатын агроиндустрияны аяғына нық тұрғызу қажет-ақ.


Материал жазу барысында ғаламторды шарлап шыққанбыз, Бразилия еліндегі жағдайды көзіміз шалды. Олар аграрлық мемлекетке айналмастан бұрын суару жұмыстарын ретке келтіріп алған екен. Онымен қоса, заманауи агротехнологияларды енгізуді де қатар алып жүрген. Бес жылда 4 зауыт салыпты. Өйткені нарығы ұлғая бастаған. Бүгінде Бразилиядан ет, соя, жүгері экспортталады. Елдегі аграрлық индустриядағы мəселелерді шешу үшін де, алдымен, агротехниканы дамыту басты орынға шығуы тиіс.


Техникасының 90%-ы тозып тұрған кезде, «көтере алмасаң қосып арқала» дегендей, фермерлерді кəдеге жарату алымын төлеуге мəжбүр ету аграрлық салаға айтарлықтай соққы болғалы тұр. Мал шаруашылығы саласын көтеру үшін де алдымен өсімдік шаруашылығын ретке келтіру керек. Мұндағы шешуші мəселе – мал азығын дайындау. Осы орайда, еңсесін тіктей алмай келе жатқан аграрлық саланың мойнына тағы жүк артқанымыз қисынсыз жағдай. Бұдан кейін елдегі бағаны тұрақтандырып, қымбатшылықты ауыздықтау да мүмкін болмайды емес пе?


*СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?


Сабыржан СҰЛТАНОВ, «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы:


– Ауыл шаруашылығы техникаларына салынатын утилизациялық алымды тоқтату немесе шектеу жөніндегі бастаманы қолдаймын. Осыған дейін лизингке берілген ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы қымбат, жылдық пайыздық қайтарым мөлшерлемесі жоғары, қарызды өтеу мерзімі ұзақ болмағаны белгілі. Əсіресе, көктемгі дала жұмыстарына, егін жинау, шөп шабу сияқты науқанды шаралар кезінде пайдаланылатын техникалар мен агрегаттарды сатып алуға берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі фермерлерге оңайға түспей тұр. Оның үстіне, бүгінгі əңгіме арқауына айналып отырған утильдік алым бар. Сондай шығындардың бəрі жинақтала келе ауылдағы шаруаның ілгері басуына елеулі кедергі келтіріп, алға басқан қадамына тұсау болып отырғаны жасырын емес. Осы мезгілге дейін бұл мақсаттағы несиелер 17- 19 пайыз жылдық қайтарыммен беріліп келді. Ендігі жерде несиенің жылдық қайтарымы 3-4 пайызға дейін төмендетіліп, мерзімі 7-ден 10 жылға дейін ұзартылса, ал берілетін инвестициялық субсидияның 50 пайызы мемлекеттің есебінен өтелсе дұрыс болар еді.


Əрине, қазірде ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсететін түрлі қорлар, қаржы құрылымдары бар. Əйтсе де, мұның өзі жеткіліксіз деп есептеймін. Соны ескере отырып, болашақта осы саланы сенімді жəне жеткілікті деңгейде қаржыландырып тұруға қауқарлы өз алдына бөлек банк құру мəселесі қарастырылса жəне оның жылдық қайтарымын 2 пайыздан асырмау жағы ойластырылса дұрыс болар еді. Осындай жағдай туғызылғанда ғана аграрлық сала алға басып, ауыл шаруашылығы дамитыны даусыз. Одан өзге шаруагерлердің шымбайына батып, артық шығынға ұшыратып келген утилизациялық алым тоқтатылса, фермердің де жағдайы жақсарып, шаруасы оңалары сөзсіз. Сондықтан бұл бастамаға бəріміз де бірауыздан қолдау көрсетіп, құптағанымыз жөн.


Қоныс ЕРМАНОВ, «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі:


– Ресми дереккөздерден алынған ақпараттарға сүйенсек, еліміздің агроөнеркəсіп кешенінде жылына жалпы сомасы 7 трлн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі екен. Соның 500 млрд. теңгесі науқанды жұмыстарға қажетті ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектерді, басқа да керек құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. Өкінішке қарай, сол бұйымдардың 90 пайызы өзімізде емес, шетелде өндіріледі. Сол себептен, оларды сатып алу бағалары да тым қымбат болып келеді. Шаруагер үшін ең қиыны да, күрделісі де осы жайт болып тұр.


Оған қоса, айтылып отырған ауыл шаруашылығы техникаларына салынатын утильдік алым тағы бар. Бұл əрине, бəрімізге қатысы бар мəселе. Шаруашылығымыздың жұмыс жасай бастағанына біраз жыл өткенімен біздің де проблемамыз жетіп артылады. Соның ішінде, бəріміз үшін өзекті мəселе саналатын утилизациялық алымның өзі өндіріп отырған азық-түлік тауарлары бағасының да көтерілуіне себепші. Өйткені,əрбір келі ет пен литр сүтте, өзге де өнімдерде оның үлесі бар. Соның салдарынан фермер өз өнімінің бəсін қымбаттатуға мəжбүр. Бұл тұтынушының, яғни сатып алушының да қалтасына салм ақ түсіретіні сөзсіз. Үкімет осы мəселені біржақты етіп, оңтайлы шешудің жолын қарастыруы қажет.


Қыдыржан ЕРМҰХАНОВ, ауылшаруашылық саласының маманы:


– Бүгінде шаруагерлерді мазалайтыны – утилизациялық алым мөлшерлемесінің шамадан тыс жоғарылығы. Егер фермер еңбегінің жемісін теріп, игілігін көру үшін тəуекелге барып, өнімділігі жоғары шетелдік техника сатып алған жағдайда, утильдік алымның үлесі оның құнының 10 пайызын құрайды. Бұл соманы жаңа техниканы есепке қойғанға дейін төлеу талап етіледі. Онсыз да жоғары пайызбен несие алып, қарызға белшесінен батып отырған шаруагерге мұның өзі оңайға түспесі түсінікті. Бұл жерде техникаларға сервистік қызмет көрсету жайлы əңгіме қозғаудың өзі орынсыз. Өйткені, оның да тарифтері төмен емес. Түйіндей айтқанда, утилизациялық алымды тоқтату туралы ұсынысты қолдаймын.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости