Мектептің адам өмірінде алар орны ерекше. Ал, ұстаздық баланың зейінін арттырып, үлкен өмірге қадам бастыратын қадірлі мамандық. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөз де тектен-тек айтылмаса керек. Білікті маманнан білім алған баланың болашағы жарқын болатынын уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Өз уақытын аямаған…
Оқу жылы қарсаңында баласын беретін мектеп іздеп, «анау жақсы, мынау жақсы» деп отырған құрбыма жанымызға келіп жайғасқан орта жастағы әйел адам: «Мектепті емес, мұғалімді таңдаңдар. Мектепті жақсы ететін де, жаман ететін де – мұғалім» деп ақылын айтты. Кейін ойлана келе, айтылған сөздің дұрыстығына көз жеткізгендейміз. Мектептерде балаға бар ынтасымен білім беріп, түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатыстырып, бұлақтың көзін ашқан ұстаздар бар. Дегенмен, облыста кейбір пәндерден кадр тапшылығы бүгінде маңызды мәселеге айналып отыр. Мамандар дайындауға байланысты түрлі мүмкіндіктер қарастырылғанымен мектептерде орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне деген қажеттілік әлі бар. Мәселен, Атырау қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Аманбай Хұсыновтың айтуынша, облыс орталығындағы білім бөлімдеріне биыл 413 педагог маман қажет. Оның ішінде, орыс сыныптары және орыс топтарына 331 маман керек.
– Мектепке дейінгі білім беретін ұйымдарда қазақ тобына – 58, орыс топтарына 28 педагог маманға сұраныс түсті. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген 19 жас маман биыл қала мектептеріне қызметке орналасты. Сонымен бірге, салаға 21 жас маманды тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде, 10 маман орыс сыныптарына бөлінеді, – деді Аманбай Хұсынов.
Бүгінде бастауыш сыныптарының өзіне жүзге жуық педагог қажет болса, математика және орыс сыныптарына беретін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне деген сұраныс жоғары.
Орыс тілі, математика, физика…
Бір қуанарлығы, осыдан төрт жыл бұрын жергілікті кадр тапшылығын болдырмау мақсатында қолға алынған облыс әкімдігі грант иегерлерінің алғашқы легі оқуын аяқтап, дипломын алды. Енді 170-ке жуық педагог-маман осы өңірде кемінде 5 жыл еңбек етеді.
– Білім беру ұйымдарының жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін алдымен педагог кадрлармен қамтамасыз етілуі керек. Осы орайда 2017 жылдан баст ап төрт жыл қатарынан жергілікті әкімшілік түлектерге арнап грант бөлуде. Тегін оқу мүмкіндігі жергілікті жердегі тапшы мамандықтарға ғана беріледі. Ал, т апшы мамандықтарға сұраныс алдын ала облыс бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстары негізінде анықталады. Облысқа қажетті кадрлар арасында білім беру саласы мамандары да бар. Атап айтсақ, орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті және химия, математика, физика пәні мұғалімдері, – деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова.
Аталған грантқа ие болу мүмкіндігі мектеп түлегінің Ұлттық бірыңғай тестілеуден алған балына байланысты. Нәтиже жоғары болса, грантқа қол жеткізу мүмкіндігі де жоғары. Бірінші кезекте Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесіне басымдық беріледі, яғни білімге құштар баланың мамандықты меңгеруіне, қызметке орналасуына мүмкіндік жасалады.
150 түлек тегін білім алады
Иә, облыс әкімі гранты өңірді қажетті кадрлармен қамтамасыз ететін бірден-бір тиімді жобаға айналды. Конкурс негізінде ұйымдастырылатын білім грантының биылғы иегерлері таяуда анықталды. Облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа оқу жылында атыраулық 150 түлек облыс әкімінің гранты бойынша тегін білім алады. Ал, конкурсқа қатысуға 186 талапкер өтініш берген.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиевтың айтуынша, бұл жолы өңірдегі кадр тапшылығын шешу мақсатында облыстық бюджет есебінен денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалар бойынша білім беру гранттары бөлініп отыр. Облыс әкімі грантын иеленген түлектердің дені – болашақ мұғалімдер мен дәрігерлер. Атап айтқанда, облыс әкімінің грантын жеңіп алған 150 түлектің 52-сі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне түссе, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алуға 2 жас грант ұтып алды. 8 түлек «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне, ал, 86 жас Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне, 2 жас М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсті.
Іс тетігі – кадрда
Елімізде бұған дейін «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, олардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар маңызды шаралар қабылданған болатын. Ендігі білім с а ласындағы басты жаңалық мектеп директорларына қатысты болып отыр. Оқу орны басшыларының жалақы жүйесіне өзгеріс енгізілетіні туралы педагогтардың республикалық тамыз конференциясында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады.
– 2022 жылдың қаңтарында балабақша мен мектеп, колледж педагогтарының жалақысы тағы 25 пайызға өседі. 2021 жылдың қыркүйегінен педагогтарды жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді. Бұл тақырып мамандардың қатысуымен жан-жақты талқыланды. Соның нәтижесінде тиісті бұйрыққа жақында қол қойылды, – деп атап өтті министр.
Ендігі жерде мектеп директоры тікелей педагогтарды жұмысқа қабылдай алмайды. Ол электронды форматта конкурс арқылы іске асырылмақ. Білім және ғылым министрі осы аптада өзінің Facebook парақшасында мектептерде менеджмент сапасын арттыру туралы пікірін білдірген болатын. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, директор немесе оқу ісінің меңгерушісіне қойылатын талаптарға сәйкес келетін, аталған лауазымдарда қызмет етуге ниетті мамандардың қатары сиреп, кадр тапшылығы мәселесі туындауда.
Мұғалімдермен салыстырғанда директорларға жауапкершілік көбірек жүктелгенімен олардың еңбекақысы төмендігін, сондықтан, мықты педагогтар мектеп директоры болуға ынталы емес екендігін айтады. Сондай-ақ, алғаш рет білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларына аттес-таттау және біліктілік санатын беру жүйесі енгізіліп жатқаны туралы да жазба қалдырған.
Иә, саладағы оң өзгерістер білім сапасының артуына ықпал етеді. Оның ішінде мұғалім мәртебесін айқындаған арнайы заң да ұстаздардың алаңсыз білім беруіне жол ашады. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлы ұстаз Ы.Алтынсарин айтқандай, мектептің мерейі мен баланың болашағы – ұстаздың қолында. Ендеше, қандай іс атқарылса да бүгінгі ұрпақ үшін жасалып жатқаны анық. Ал, не ексең – соны орасың…