Іс-шара конституциялық реформаға байланысты келіп түскен ұсыныстарды талқылауға арналды. Комиссия жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделген, ал талқылаудың барлық кезеңдері жұртшылық үшін тікелей эфирде көрсетілуде. Отырыстың модераторы, ҚР Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимова Комиссияға 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олардың барлығы біртұтас Жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгерістердің қоғамдық маңызын және реформаға деген жоғары қызығушылықты айқын көрсетеді.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева 2025 жылдың қазан айынан бастап түскен ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен түзетулерді ұсынды.
ҚР әділет министрі Еран Сәрсембаев Қазақстандағы кадрлық тағайындау тәртібіне қатысты ұсынылған өзгерістер туралы баяндады. Атап айтқанда, Конституцияда Президент Құрылтайдың келісімімен, оның депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен: ҚР Вице-президентін, ҚР Премьер-министрін, Конституциялық Соттың 10 судьясын, ОСК-ның 6 мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін қызметке тағайындайтынын бекіту ұсынылады. Бұл ретте Президент аталған лауазымдарға тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Құрылтайды тарату құқығына ие болады. Мемлекет басшысының Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындауы қарастырылатыны аса маңызды.
Әділет министрі Вице-президент лауазымына тоқталды. Оның айтуынша, вице-президент өкілді органның депутаты болуға, басқа да ақылы лауазымдарды атқаруға, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға және саяси партиялардың мүшесі болуға құқылы емес.
Егер вице-президент Президенттік өкілеттіктерді өзіне қабылдай алмаса, онда ол Құрылтай төрағасына, ал соңғысы да мүмкін болмаса, Премьер-министрге өтеді.
Сонымен қатар, Конституцияда әкімшілік сот ісін жүргізу арқылы сот билігін іске асыру туралы ережені бекіту ұсынылады.
Әділет министрінің айтуынша, ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістер мемлекеттің іс-қимылының болжамдылығы мен жүйелілігін арттырады.
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың хабарлауынша, бірпалаталы Парламентке көшуге байланысты қолданыстағы Конституцияның «Парламент» бөлігіндегі бірқатар баптарға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бұл өзгерістер Парламентті қалыптастыру, сайлау тәртібі, өкілеттіктері, құзыреті, заңдарды қабылдау рәсімдері және Парламенттің құрамына қатысты болады. Сонымен қатар кейбір нормаларды толықтай алып тастау көзделіп отыр. Құрылтай пропорционалды жүйе бойынша сайланатын 145 депутаттан құралады. Конституцияда сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдардың сайлау құқықтарын шектейтін норманы бекіту ұсынылады.
Сонымен қатар Конституцияның «Халық кеңесі» бөлімі талқыланды.
Негізгі заңға ұсынылған түзетулер жекелеген жұмыс секциялары шеңберінде талқыланып жатыр.

