RSS лента

Тоқаев «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты

  • 19.01.2024, 12:06,
  • 294
  • 0
  • Автор:
Автор фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы бірнеше ірі компания директорларын қабылдады, деп хабарлайды Turantimes.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Eni компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брусконы қабылдады. Былтыр Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы 63,5 миллион тонна мұнай тасымалданды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында мұнай өндірудің жалпы көлемі 30,8 миллион тоннаны құрады.

Президенттің пікірінше, Қазақстан Үкіметі мен консорциумның барлық қатысушысының, соның ішінде Eni компаниясының бірлескен күш-жігерінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе және Түркістан облыстарында жалпы қуаты 150 МВт болатын жел және күн электр станцияларының құрылысына қатысты жүзеге асырылған жобаларды жоғары бағалады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына италиялық компанияның Маңғыстау облысында газ өңдеу зауытын, қуаты 250 МВт болатын гибридті электр станциясын салу және алдағы уақытта биодизельге өңдеу үшін өсімдік майын өндіру жоспары туралы мәлімет берілді.


Maire Tecnimont компаниясының Бас атқарушы директоры Алессандро Берниниді қабылдады. Мемлекет басшысы компанияның декарбонизация және энергетикаға көшу жөніндегі жобаларды іске асыру ісінде мол тәжірибесі бар екенін, сондай-ақ оның 45 елде кең көлемде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстан көмірқышқыл газының қалдықтарын айтарлықтай азайтуға және жасыл технологияларды дамытуға бағытталған Maire Tecnimont компаниясының маңызды жоспарына зор қызығушылық танытып отыр. Себебі еліміз Париж келісімі аясында 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттемелер қабылдады және өндірісте үздік технологияларды енгізуге ұмтылады.

Алессандро Бернини Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның әлем бойынша іске асырып және әзірлеп жатқан ірі жобалары туралы мәлімет берді. Сондай-ақ Қазақстанның энергетика секторын дамыту жөнінде өз ұсыныстарын айтты.


NEOS әуе компаниясының президенті Лупо Раттацциді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастары сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмнің дамуына тың серпін береді. Президент Алматы – Милан әуе рейсіне сұраныстың жоғары екенін атап етті. Бұл рейс ашылғалы бері 70 мыңға жуық жолаушы тасымалданған.

Өз кезегінде Лупо Раттацци аймақтағы әуе бағыттарының ауқымын кеңейту жөніндегі жоспарын таныстырды. Атап айтқанда, Алматы – Милан бағытындағы рейс санын көбейту, Астана және Рим, сондай-ақ Астана және Милан арасында әуе қатынастарын ашу жоспарланып отыр.


Bonifiche Ferraresi компаниясының Бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бидай өсіру бойынша көшбасшы елдердің қатарына кіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Италияға негізгі бидай жеткізуші мемлекеттердің бірі, сондай-ақ ел ішінде астық өңдеу үлесін арттыруды жоспарлап отыр.

Өз кезегінде Федерико Веккьони компанияның Қазақстанда италиялық технологияларды пайдалана отырып, дәнді дақылдарды өсіру және өнімді одан әрі терең өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға, сондай-ақ мамандар даярлауға және технология трансфертіне қатысты жоспары туралы айтты.



Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости