RSS лента

Қазақстан мен Германия президенттері бірлескен мәлімдеме жасады

  • 20.06.2023, 17:39,
  • 321
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ortcom.kz

Шағын құрамдағы кездесуден кейін екі ел басшылары келіссөздерді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Германия Президенті бастап келген неміс делегациясына ілтипат білдіре отырып, Франк-Вальтер Штайнмайердің мемлекеттік сапары Қазақстан мен Германия арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға жол ашатынын атап өтті. Бұл туралы ОКҚ мәлім етті.

 

    – Сіздің сапарыңызды асыға күттік. Бұл сапар Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беру үшін өте маңызды. Германия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі серіктестерінің бірі. Түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Өзара ынтымақтастығымызға, халықаралық ұйымдардағы іс-әрекетімізге, сондай-ақ геосаяси жағдайға қатысты көптеген мәселе бойынша егжей-тегжейлі әрі ашық пікір алмастық, – деді Президент.

 

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне баса мән берілді. Германия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Германияның Орталық Азия елдерімен сыртқы саудасының 80 пайыздан астамы біздің елге тиесілі.

 

Энергетика, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, көлік және логистика, жаңартылатын энергия көздері, сирек кездесетін жер металдарын игеру және ауыл шаруашылығы салалары екіжақты қатынастардың маңызды бағыттары саналады. Осы ретте Мемлекет басшысы неміс компанияларын Қазақстандағы жасыл энергетика саласына инвестиция құюға шақырды. Атап айтқанда, тараптар жасыл сутегі өндіретін зауыт құрылысын бастауды құптады. Оны Svevind Energy неміс-швед компаниясы жүзеге асырады. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 50 миллиард долларды құрайды.

 

Бұдан бөлек, президенттер тау-кен өндіру және геологиялық барлау салаларындағы өзара тиімді кооперацияны дамыту мәселесін талқылады. Президент неміс кәсіпкерлері ел Үкіметінің толық қолдайтынына сенім артуына болатынын мәлімдеді.

 

Сонымен қатар келіссөз барысында мемлекеттер басшылары қатысатын Қазақстан-Германия бизнес-форумының маңыздылығы атап өтілді. Президент бұл іс-шараның екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейтуге тың серпін беретініне сенім білдірді.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Франк-Вальтер Штайнмайердің Ақтау қаласына сапарын құптайтынын жеткізді. Германия Президенті Маңғыстау облысының экономикалық мол әлеуетімен танысуды жоспарлап отыр.

 

    – Маңғыстау облысына бару туралы шешіміңізді жоғары бағалаймын. Бұл біздің іскерлік ынтымақтастық саласындағы жетістігіміздің көрінісі деп санаймын. Білуімше, сіз теңіз портына да баруды көздеп отырсыз, – деді Президент.

 

Кездесу барысында тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында өзара іс-әрекеттерді күшейтуге баса мән берді.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай – Еуропа бағдары бойынша құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтетінін айтып, еліміздің өңірлік хабқа айнала бастағанына айрықша назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, Шығыс пен Батыс нарықтарын жалғайтын бұл көлік-логистикалық дәліздің стратегиялық маңызы зор.  Былтыр осы бағдар арқылы 1,7 миллион тоннаға жуық жүк тасымалданған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. 

 

Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары ауыл шаруашылығы, баламалы энергия көздері салаларындағы, арнайы экономикалық аймақтар мен қаржы институттары аясындағы ынтымақтастықтың перспективаларын қарастырды.

 

Өз кезегінде Франк-Вальтер Штайнмайер  Астанаға арнайы шақырғаны және қазақ халқына тән қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол шағын құрамдағы келіссөз табысты өткенін атап өтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін жеткізді.

 

    – Біздің екіжақты қарым-қатынасымыздың жағдайы туралы айтқаныңызды растаймын. Біз дипломатиялық қарым-қатынасымыздың соңғы 30 жылына ғана емес, сонымен қатар сіз айтып өткендей, ынтымақтастығымыздың барлық салада қарқынды дамып келе жатқанына назар аударамыз. Неміс компаниялары Қазақстанға қомақты қаражат құйып келеді және бұл бағыт тек экономикалық саламен шектелмейді.  Біздің Президент мырзамен ұстанымымыз ортақ және Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға үлкен құрметпен қараймыз. Сіздің және үкіметіңіздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізіп жатқандығы, өлім жазасына мораторий енгізгені, Конституциялық сот құрғаны, Парламентті нығайтқаны Германияда мәлім. Менің ойымша, мұның барлығы бүкіл әлемге белгілі. Сондай-ақ Сіз президент ретінде өз қызметіңізді бастаған кезде әлемге және Қазақстан халқына жариялаған бағытыңызды ұстанып келе жатқаныңыздың дәлелі, – деді Германияның Федералды Президенті.

 

Кездесу соңында Мемлекет басшысы ГФР Канцлері Олаф Шольцке ізгі тілегі мен сәлемін жолдады.

 

Келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

 

  1. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

 

  1. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық экономика және климат министрлігі арасындағы Қазақстаннан кәсіпорындар басшыларының біліктілігін арттыру жөніндегі ынтымақтастық жөніндегі ниеттер туралы бірлескен мәлімдеме;

 

  1. Ұлттық геологиялық қызмет пен федералдық геологиялық ғылымдар және табиғи ресурстар институты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

 

  1. ҚР Жамбыл облысы әкімдігі мен «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС арасында гипсокартон парақтары мен құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы келісім;

 

  1. Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтын құру туралы келісім;

 

  1. «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен «Rhenus SE & Co.KG» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

 

  1. «DВ Engineering & Consulting GmbH» және «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ арасындағы жолаушылар тасымалы және көлік-логистика саласындағы әріптестікті дамыту туралы келісім;

 

  1. «Siemens» технологиясы бойынша ҚР энергетика саласы үшін кернеудің орта класты тарату құрылғыларының өндірісін оқшаулау туралы шарт;

 

  1. Сирек жер металдар қазбаларына геологиялық барлау және оларды қайта өңдеу жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісім.

Шағын және кеңейтілген құрамда өткен екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.


Мемлекет басшысы өз сөзінде шақыруын қабыл алып, Қазақстанға арнайы сапармен келгені үшін Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ бүгінгі келіссөздерде екіжақты байланыстарды нығайту жолдары талқыланып, өзекті халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасқанын атап өтті.

 

    –  Биыл Қазақстан мен Германия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 31 жыл толды. Осы уақыт ішінде жоғары деңгейдегі саяси диалог қалыптасты. Өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамуда. Мәдени-гуманитарлық байланыстардың аясы кеңейді. Серіктестікті жандандыру үшін әлеуетіміз мол екенін атап өткім келеді. Атап айтқанда, Маңғыстаудағы жасыл сутегін өндіруге арналған бірлескен жобаның маңызы зор. Немістің озық технологиясы мен тәжірибесі негізінде кәсіби мамандар дайындау қажет. Осы ретте Ақтауда Қазақ-неміс инжиниринг институты ашылады. Бұл жобалар екі елдің студенттері мен мамандары арасында тәжірибе алмасуға жол ашады. Экономиканы, өндіріс саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент екі елдің қарым-қатынасын нығайтуда мәдени-гуманитарлық байланыс саласы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

 

    – Елімізде неміс ұлтының 226 мың өкілі өмір сүреді. Олар Қазақстанды өркендетуге елеулі үлес қосып келеді. Германияда 1 миллионнан астам  бұрынғы отандастарымыз тұрады. Бұл – халықтарымыз арасындағы достықты нығайта түсетін «алтын көпір». Біз осы саладағы ықпалдастықты  тереңдетуге ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.

 

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық әріптесі. Германияның Орталық Азия елдерімен алыс-берісінің 83 пайызы біздің елге тиесілі. Былтыр екіжақты сауда-саттық шамамен 10 миллиард доллар болды. Қазақстан Германияның басты 50 экономикалық серіктесінің қатарына кіреді.  Сондай-ақ осы елді мұнаймен қамтамасыз етіп отырған негізгі төрт мемлекеттің бірі саналады.

 

Бұдан бөлек, Президент «Технологияларды шикізатқа алмастыру» формуласына негізделген қатынас екі тарап үшін  де нәтижелі болады деп санайтынын мәлімдеді.

 

    – Қазақстан Германия экономикасын энергиямен және қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз ете алады. Бұл қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық кезеңде аса маңызды. Германия тарапының өтініші бойынша Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына Қазақстан мұнайын жөнелту – соның нақты мысалы. Жоспарланған шараларды тиімді жүзеге асыру үшін Штайнмайер мырзамен талқыланған бірнеше мәселені шешу қажет. Соның бірі – көлік-логистика байланысын күшейту. Бүгінде «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып келеді. Біз мұны кездесу барысында ерекше атап өттік. Орта дәліздің негізгі бөлігі Маңғыстау облысы арқылы өтеді. Штайнмайер мырза Батыс елдері басшыларының ішінде осы өңірге бірінші болып барғалы отыр. Біз көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту қажеттігіне баса назар аудардық. Бұл саланың келешегі зор. Қазір Еуропа Одағында «Global Gateway» стратегиясы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында қолға алынған бастамаларға Қазақстан жобаларын енгізу мәселесін талқыладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

 

Президент баспасөз мәлімдемесінде халықаралық күн тәртібіне қатысты ой-пікірін білдірді.

 

    – Әлемдегі түрлі саяси, экономикалық шиеленістер елімізді алаңдатып отыр. Әрине, барлық түйткіл халықтардың, болашақ ұрпақтың игілігі үшін бейбіт жолмен шешілуге тиіс. Өздеріңізге мәлім, бұған дейін Қазақстан дауласқан тараптарды бітімге шақырды. Оларға келіссөз жүргізу үшін бейтарап алаң ұсынды. Еліміз дауларды дипломатиялық жолмен шешу ісіне белсене атсалысуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Өз кезегінде  Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

 

    – Сіз Германия мен Қазақстан арасындағы ұзақмерзімді қарым-қатынас жөнінде айттыңыз. Шын мәнінде, біздің байланыстарымыз берік. Былтыр екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында ынтымақтастығымыз нығая түсті. Бұған Қазақстанда өмір сүретін неміс диаспорасы және Германия Федеративті Республикасына Қазақстаннан көшіп келген бір миллионға жуық немістер үлес қосты. Олар елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты жандандырды. Осы сапар арқылы екі ел арасындағы жан-жақты байланыстарға қатысты ұстанымдарымыз ортақ екенін жеткізгім келеді. Өзіңіз атап өткендей, қазіргі күрделі халықаралық жағдайда Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен серіктестікті кеңейтіп, қарым-қатынасымызды нығайтуды көздеп отырмыз, –  деді Франк-Вальтер Штайнмайер.

 

Германия Президенті өз сөзінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктеріне кеңірек  тоқталды.



Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости