Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.
Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі түрік билігімен байланыс орнатты. Жақын арада Түркия Үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер ұшады.
Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. Телефон арқылы сөйлесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның бірнеше провинциясында болған жойқын зілзала салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Режеп Тайип Ердоғанға қайғыра көңіл айтты.
Мемлекет басшысы Түркияның зардап шеккен аудандарындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстан шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлер жіберетінін, сондай-ақ бауырлас елге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.